Көкшетау әкімшілік соты журналист Баймолдиннің қамалғанынан заң бұзушылық көрмейді
«Әділ сөз»бұған дейін 12 қаңтарда «Көкшетау-Азия» орысша жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Нұржан Баймолдинді Көкшетау полиция басқармасына алдап апарғанын, оған 3 сағаттан артық уақыт адвокат бермеген, өзіне қажетті медициналық көмек көрсетілмегенін, 8 сағат бойы тамақсыз, сусыз және демалыссыз жауап алғанын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді тергеуге қатысы жоқ қызметкерлер жауап алғанын хабарлаған болатын. Мұның бәрін журналистің адвокаты Айгүл Қалқаманова Көкшетау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына тергеу органдарының әрекеттеріне жасалған шағымда баяндап берді.
Шағымды қарау судья А.Шаукеноваға жүктеліп, ол Баймолдинді қамауға алу туралы қаулы шығарды. Алайда, ол содан кейін анықтаған жалғыз бұзушылық ... жаңылыс қате болды. «Қаулыда қате жіберілген: құқық бұзушыны қамауға алу мерзімі жақшада «(он)» дегеннің орнына «(отыз)» деп қате көрсетілген. Бұл қателік шешімнің мәніне әсер етпейді».
Адвокат судьяға қарсылық білдірді. 26 қаңтарда Көкшетау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты төрағасының міндетін атқарушы С.Төлеев оны қабылдамады. Оның пікірінше, А.Шаукенованың бейтараптығына күмәндануға негіз жоқ, ал адвокаттың дәлелдері болжамды.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтарда Нұржан Баймолдин Facebook-тегі жазбасы үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Онда ол ел Президентіне бірқатар сұрақтар қойған болатын. 17 қаңтарда Көкшетау қалалық сотының апелляциялық алқасы прокурордың өтініші бойынша қамауға алуды 5 тәулікке дейін қысқартты, яғни оның тергеу изоляторларында іс жүзінде өтелген мерзімге болуын шектеді. Журналисті толық ақтауды талап еткен адвокат Айгүл Қалқаманованың апелляциялық шағымын екінші сатыдағы сот қанағаттандырусыз қалдырды.
Нұржан Баймолдин заңды бұзған жоқ деп санайды және бүкіл қазақстандық сот инстанцияларынан өтуге, содан кейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінуге ниетті. Оның адвокаты қазір істі кассациялық сатыда қайта қарау үшін құжаттар дайындауда.