Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Дөңгелек үстел қатысушылары: масс-медиа туралы заң жобасына өзгерістер қажет

30 қыркүйек 2023

28 қыркүйекте Астанада «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Қазақстанның медиа кеңістігін құқықтық реттеуді реформалау: ашықтық, тиімділік және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелге шетел елшіліктерінің, ЕҚЫҰ-ның, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесінің өкілдері, парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, журналистер қатысты.

Іс-шара ақпаратқа жалпыға бірдей қол жетімділіктің Халықаралық күніне арналды. Қазақстандық медиа заңнама мен қазақстандық журналистердің ақпаратқа қол жетімділігі туралы айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, медиа заңнама қазіргі түрінде журналистерді тиісті қорғауды қамтамасыз етпейді, оларды заңды кәсіби қызметіне араласудан қорғамайды, мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығын көздемейді.

Талқылау барысында медиа заңнамадағы өзгерістер, ақпаратқа қол жеткізу және халықаралық тәжірибені пайдалану туралы түрлі пікірлер айтылды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасындағы Нидерланды Корольдігінің Елшісі Нико Схермерс мырза Қазақстанды демократиялық реформаларды жақтайтын мемлекет ретінде БАҚ арқылы демократияны құрудың негізгі факторы пікір плюрализмі үшін жағдай жасауды жалғастыруға шақырды.

Ол «Қазір талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы Қазақстан үшін өмірлік маңызды сәт болуға тиіс, өйткені ол кейбір ережелерді қайта қарауға және заңды сөз бостандығының халықаралық қағидаттарына сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты талап қою мерзімін үш жылға дейін қысқарту маңызды әрі оң өзгеріс болып табылады және біз бұл өзгерісті құптаймыз. Бостандық, тәуелсіздік және плюрализм ақпарат пен сөз бостандығына негізделген кез келген шынайы жұмыс істейтін демократияның негізгі элементі болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі адам құқықтарын қамтамасыз ету үшін қажет», - деді.

Сонымен бірге ол заң жобасына журналистердің қауіпсіздігін және үкіметтің түрлі шабуылдар мен кез келген ықтимал заң бұзушылықтарға тиісті ден қоюын қамтамасыз ететін арнайы ережелерді енгізуді ұсынды.

Талқылау барысында әлемдік тәжірибе бойынша БАҚ-қа қойылған талап-арыздың ескіру мерзімін 1 жылға дейін қысқарту ұсынылды, журналистер үшін пресс-карталарды енгізудің орындылығына, мемлекеттік қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне күмән келтірілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының (Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) іс жүзіндегі жұмыс істеуі туралы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Карла Жаманқұлова:

«Біз өз жұмыс топтарымызда журналистердің мәртебесі туралы айтқанда біз үшін олардың қауіпсіздігі мәселесі маңызды екенін үнемі айтып жүрміз. Журналистиканың әлеуметтік маңызды кәсіби қызмет ретіндегі мәртебесін бекітейік. Бұл принцип болсын. Қылмыстық кодекстің жұмыс істемейтін 158-бабына қайта ораламыз, ол бойынша 15 жылда небәрі 2 іс сотқа жолданды. Басқа да көптеген факторлар бар.

Бізде ұсыныстар пакеті бар. Қазір Гүлмира Біржанова Әкімшілік кодекске түзетулер әзірлеуде. Біз Қылмыстық кодекстің 158-бабы функционалды түрде жұмыс істеуін талап етеміз, сонымен қатар депутаттарға журналистерге жасалған шабуылдар, қоқан-лоққылар цифрлық технологиялар мен цифрлық қауіпсіздікке байланысты екеніне назар аударуларын сұраймыз.

Мұндай шабуылдар туралы істерді тергеу БАҚ-та жарияланғаннан кейін басталуы керек, Ішкі істер министрлігі зардап шеккен тараптың ресми мәлімдемесін күтпеуі тиіс. Сондай-ақ журналистер саяси немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды қозғап, жала жабу және басқа да бірқатар баптар бойынша айыптау объектісіне айналған жағдайда олардың құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар түзетулер мен ұсыныстар бар.

Біз журналистерді осындай жағдайларда, егер ол өзінің кәсіби міндеттерін адал атқарса және заңды бұзбаса, оларды қорғау шараларын ұсынамыз», - деді.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы 2023 жылдың қарашасында парламентке ұсынылады.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз