Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Диана Сапарқызына жасалған шабуылға қатысты әкімшілік іс тоқтатылды

28 қазан 2023

18 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» күзетшілері «Казахстанская» шахтасындағы өрттің салдары туралы хабар тарату кезінде журналистке шабуыл жасады.

Шабуыл екі бап бойынша тергелді: денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және күш қолдану арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау. 27 ҚАЗАНДА ӘКІМШІЛІК ІС ЖҮРГІЗУДІ СОТ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ҚҰРАМЫНЫҢ БОЛМАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТОҚТАТТЫ.

27 қазанда Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты ҚазТАГ ХАА тілшісі Диана Сапарқызының денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру туралы істі қарады.

Іс бойынша «АрселорМиттал Теміртау» көмір өндіру компаниясына қарасты «Казахстанская» шахтасының қауіпсіздік қызметінің қызметкері Борис Тиркин айыпталуда.

Естеріңізге сала кетейік, 18 тамызда Диана Сапарқызына «Казахстанская» шахтасында болған өрттің салдары туралы хабар тарату кезінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының күзетшілері шабуыл жасаған болатын.

Борис Тиркин журналистің телефонын тартып алып, түсірген видеосын өшіріп тастаған еді. Ал екінші күзетші Диананы ұстап тұрған. Сот медициналық сараптама журналистің сол жақ иығы көгергені туралы жеңіл жарақатты анықтаған.

Журналист Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлігі (Күш қолдану арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) бойынша қылмыстық іс қозғау үшін Қарағанды облысының полиция департаментіне арыз берді. 

20 тамызда Шахтинск қаласының полициясы ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бір күзет қызметкері Б.А.Тиркинге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды.

Тиркин түсіндірме хатында «біз оны күзетілетін нысан аумағынан шығарып жібердік» деп көрсеткеніне қарамастан, полиция оқиғаның басқа кінәлілерін анықтаған жоқ.

8 қыркүйекте журналистке журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы хабар келіп, 22 қыркүйекте әкімшілік сот Борис Тиркинге қатысты денсаулыққа жеңіл зиян келтірді деген айыппен істі қабылдады.

29 қыркүйекте журналистің адвокатының өтініші бойынша істі қарау 158-бап бойынша қылмыстық іс шешілгенге дейін тоқтатылды, алайда 26 қазанда сот Тиркиннің қылмыстық тергеу бойынша тек куәгер ретінде өтуіне байланысты әкімшілік істі қайта бастау қажет деп тапты.

Диананың адвокаты Шырын Әмірғалиева Азаттыққа: «Біз бұл сот процесі туралы бір күн бұрын білдік. Оқиғаның бұлай боларын күткен жоқпыз, өйткені бұған дейін біз соттан қылмыстық іс аяқталғанша бұл істі біраз уақытқа тоқтата тұруды сұраған едік», - деді.
Сот қаулысында Борис Тиркин денсаулыққа жеңіл зиян келтірген кінәсін мойындамады.

Сот Б.А.Тиркіннің Диана Сапарқызына дене жарақатын салмағаны туралы уәждерін негізді деп таныды, себебі оның соттағы бұл уәждері бейне жазбалармен расталды делінген.

27 қазанда судья Е.Үшбаев Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Тиркинге қатысты істі тоқтатты.
Журналист пен оның адвокаты әкімшілік істі тоқтату қылмыстық істің жабылуына әкелуі мүмкін деп қорқады. Диананың адвокаты әкімшілік соттың қаулысына шағымдануға ниетті. 

Диананың заңды кәсіби қызметке кедергі жасау туралы арызы бойынша іс әлі де тергелуде. 

«Әділ сөз» қорының түсініктемесі

Бұған дейін «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Бас Прокурорға жолдаған ашық үндеуінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 742-бабына назар аударған, осыған сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болуына байланысты тоқтатылуға тиіс.

Осы ашық үндеуден кейін қылмыстық іс қозғалды, бірақ қандай да бір себептермен әкімшілік іс тоқтамай, қатар жалғаса берді, бұл заңдық тұрғыдан нонсенс.

Міне, бұл заңды нонсенс заңға қарсы финалға әкелді. «Арселор Миттал Теміртау» күзетшісіне қатысты күш қолдану арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіруіне қатысты қылмыстық тергеу жүргізіліп жатқан кезде, әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сот оның іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіре отырып, журналистке күш қолдану фактісі бойынша осы күзетшіге қатысты іс жүргізуді тоқтатты.

Сот алдымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізуді тоқтатты, бірақ кейін қылмыстық іс бойынша тергеу ұзақ уақыт бойы күзетшіге күдікті мәртебесін әдейі бермегендіктен, күзетшіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот отырысы қайта жалғасты.

Сот күзетшінің кінәсі дәлелденбеген, яғни ол журналистке күш қолданбаған және оның денсаулығына зиян келтірмеген деген қорытындыға келді.

Дәл осы сәтте журналистің иығындағы көгеру қайдан пайда болды? Бұл сотты қызықтырмады. Егер әкімшілік құқық бұзушылық бойынша соттың аталған қаулысы заңды күшіне енсе, ертең соның негізінде қылмыстық істе біржола тоқтатылуы мүмкін. 

Сот кеше АМТ күзетшілеріне қатысты өз шешімін шығарды, ал бүгін «АрселорМиттал Теміртау» комапниясының тағы бір шахтасында жарылыс болып ондаған кенші қаза тапты. 
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз