Әйел журналистер киберқорғаныс тәсілдерін үйренді
Астана қаласында «Онлайн буллингке, деректердің таралуына және интернет алаяқтыққа қарсы қорғаныс» тақырыбында әйел журналистерге арналған тренинг өтті. Бұл шараны «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, Швейцарияның Қазақстандағы елшілігі қолдауымен ұйымдастырды.
Шара «Қазақстандағы әйел журналистерге арналған киберқауіпсіздік» жобасы аясында өткізілді. Жобаның мақсаты – әйел журналистер үшін, әсіресе тәуелсіз өңірлік журналистер мен қазақтілді медиақызметкерлер үшін қауіпсіз цифрлық орта құру, оларға кәсіби қызметі мен жеке деректерін қорғауға қажетті білім мен ресурстар беру. Тренингке Астана қаласы мен өңірлерден келген 30 журналист қатысты. Олар киберқауіпсіздік бойынша құнды ақпарат пен тәжірибелік дағдылар алды.
«Цифрлық қауіп-қатерлер Қазақстан журналистері үшін аса маңызды мәселеге айналып келеді. «Әділ сөз» қорының мониторинг деректері бойынша, соңғы екі жылда киберқауіптер саны 400%-ға артқан. Әйел журналистер ерекше осал топқа айналып отыр, себебі оларға бағытталған қауіптер тек кәсіби қызметімен шектелмей, жеке өмірі мен отбасының қауіпсіздігіне де әсер етеді. Қазақстандағы әйел журналистердің 70%-дан астамы онлайн қудалауға тап болса, 35%-ы жеке деректеріне рұқсатсыз кіру әрекеттерін бастан өткерген», – деп мәлімдеді «Әділ сөз» қорының президенті Карла Джаманкулова.
Қатысушыларға тәжірибелі мамандар сабақ берді:
-
Артем Тарасов, ақпараттық және физикалық қауіпсіздік бойынша халықаралық кеңесші (Бішкек, Қырғызстан)
-
Юрий Ли, stop-piramida.kz және sapa-sauda.kz әлеуметтік жобаларының авторы
-
Азамат Галимжанов, ЖИ және бағдарламалық өнімдерді әзірлеу саласының кәсіби маманы.
Шара барысында қатысушылар әлеуметтік желідегі аккаунттарды тиімді қорғау, құпиялылық параметрлерін дұрыс баптау және парольдерді басқару құралдарын пайдалану жолдарын үйренді. Сондай-ақ, мамандар кибершабуылдарға жылдам әрі тиімді қарсы тұру әдістерімен бөлісті. Кибералаяқтардың тұзақтарына түспеу үшін берілген кеңестер де аса құнды болды. Қосымша ретінде жасанды интеллект құралдарының киберқауіпсіздік саласындағы рөлі туралы пайдалы ақпарат ұсынылды.
«Бүгінде онлайн-харассмент пен кибербуллинг жиі кездесетін құбылысқа айналды, әсіресе әлеуметтік салада жұмыс істейтін әйелдер үшін. Әйел журналистер өз кәсіби міндеттерін орындағаны үшін де қысымға ұшырауда. Олар қудалау, қорқыту және үркіту сынды мәселелермен бетпе-бет кездеседі. Журналист әйелдердің осындай мәселелерге душар болуы сөз бостандығына кері әсерін тигізеді. Біз пікір білдіру еркіндігі мен осы құқықты жүзеге асыратын адамдардың қауіпсіздігін қорғау үшін күш салуымыз керек», – деп атап өтті Швейцарияның Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Тобиас Вердер.
Тренинг қорытындысы бойынша «Әділ сөз» халықаралық қоры орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді болатын цифрлық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық дайындауды жоспарлап отыр. Бұл ресурс Қазақстан журналистерінің арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға арналған маңызды қадам болмақ.
Қосымша ақпарат пен жобаға қатысты сұрақтар бойынша:
Эл.пошта: info@adilsoz.kz
Тел.нөмір: +7 777 400 2210