Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Amicus curiae ҚР Жоғарғы Сотының назарына: бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты талап қою мерзімін қолдану тәжірибесі туралы

14 сәуір 2025

2024 жылғы 20 тамызда күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заңда бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы талап қоюдың ескіру мерзімі даулы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап бір жыл деп белгіленген. Көрсетілген талап қою мерзімі «Масс-медиа туралы» Заңның 38-бабында көрсетілген құқықтардың, атап айтқанда: теріске шығару құқығы, жауап беру құқығы, сондай-ақ келтірілген шығынды және моральдық зиянды өтеу құқығын бұзуға байланысты қолданылады.

Өкінішке орай, сотта ескіру мерзімі өтіп кеткен істерді қарау, соған қарамастан БАҚ өкілдері жауапқа тартылған жағдайлар болады.

«Время» газетінің кейсі

Сондай істердің бірі - 2015 жылы қаңтарда жарияланған мақалаға байланысты «Время» газетіне қатысты сот ісі. Онда БАӘ-ден көлік әкелуге уәде берген кәсіпкердің соты туралы сөз болады. Мақалада бірінші сатыдағы сот кәсіпкерді кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айырғандығы айтылады. Мақала жарық көрген соң он жыл өткеннен кейін талапкер жарияланған ақпарат оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп санап, теріске шығаруды, мақаланы басылым сайтынан алып тастауды және өзіне 1 миллион теңге моральдық шығын төлеуді талап етті. Алдын ала сот тыңдауында «Время» газеті талап қою мерзімінің өтуіне байланысты талапты қараусыз қалдыруды сұрағанымен, сот істі қарауды жалғастыру туралы шешім шығарып, сараптама тағайындады.

Қордың ұстанымы

Осындай кейстер бойынша сот процестері барысында туындайтын түсініспеушіліктерді ескере отырып, «Әділ сөз» Жоғарғы Соттан бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты істер туралы нормативтік қаулы шығаруды сұрайды. Нормативтік қаулы бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде «Масс-медиа туралы» Заңның 38-бабын қолдану мәселесі бойынша талап-арыздарды қарау кезінде заңдарды қолданудың біркелкілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жағдайды құқықтық талдау

Азаматтық кодекстің 4-бабына сәйкес азаматтық заң актілерінің кері күші болмайды және олар қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң актісі қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастар бойынша ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтар мен міндеттерге қолданылады.

Бір қарағанда, жоғарыда аталған нормаларға сүйене отырып, ескіру мерзімі туралы жаңа ереже БАҚ-та 2024 жылғы 20 тамыздан кейін ғана жарияланған мәліметтерге қолданылуы тиіс.

Алайда, «Масс-медиа туралы» Заңның 38-бабында қамтылған жоғарыда аталған норманың сөзбе-сөз ауызша көрінісін ескерсеңіз, онда былай болады. Талап қоюдың бір жылдық мерзімі теріске шығару құқығын, жауап беру құқығын, сондай-ақ залал мен моральдық зиянды өтеу құқығын БҰЗУҒА байланысты қолданылады. Көрсетілген осы құқықтар қалай БҰЗЫЛАДЫ? Бұқаралық ақпарат құралы сотқа дейінгі талап арызға заңда белгіленген бір ай мерзімде жауап бермесе немесе көрсетілген құқықтарды жүзеге асырудан бас тартқанда ғана бұзылады.

Демек, талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында даулы ақпарат жарияланған күннен бастап есептелетініне қарамастан, ол даулы материал жарияланған күннен емес, бұқаралық ақпарат құралына сотқа дейінгі талап арыз берілгеннен кейін ғана туындаған қатынастарға қолданылады.

Бұл түсініктеме «Масс-медиа туралы» Заңның 38-бабының мазмұнынан да, Азаматтық кодекстің 4-бабының 2-бөлігінен тікелей туындайды.

Осылайша, егер сотқа дейінгі шағымды БАҚ 2024 жылдың 20 тамызына дейін алса, бір жылдық ескіру мерзімі қолданылмайды, ал егер ол 2024 жылғы 20 тамыздан кейін жолданған болса – бір жылдық талап қою мерзімі (әрине, даулы мәліметтер жарияланған күннен бастап талап арыз сотқа берілген күнге дейін бір жылдан астам уақыт өтсе) қолданылады.

АІЖК-нің 172-бабының 6-бөлігіне сәйкес ескіру мерзімін өткізіп алған кезде судья іс бойынша өзге де нақты мән-жайларды зерттемей, алдын ала сот отырысының нәтижелері бойынша талап қоюдан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз