Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Алматыда сот пікір еркіндігін қорғады. «Әділ сөзден» құқықтық сараптама

18 шілде 2023

 «Әділ сөз» қоры бұл құқықтық сараптаманы Алматы қаласында 11 шілдеде соттың ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің «Total Media Qazaqstan» ЖШС-не қарсы талап-арызына шығарған шешімі бойынша дайындады.

11 шілдеде Алматы қаласы Алмалы ауданының N2 аудандық соты «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Total Media Qazaqstan» ЖШС  мен «Уранхаев&:Жазыкбаев: как прикрыть жену акима?» атты мақаланың авторы Василий Смирновқа қарсы ар-намысты қорғау туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Кейс ЖШС «Total Media Qazaqstan»

Талапкер ШҚО Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақовтың әйелінің қатысуымен болған ЖКО туралы мақаладан мынадай: «кейінірек Аягөз тұрғындары арасында аудан басшысының іс жүзінде «судан құрғақ» шығуға мүмкіндік бергені туралы қауесет тарады: Мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның қызметкерлерімен «тіл табысқан» тәрізді (5-тен 10 миллион теңгеге дейінгі сомалар туралы сөз болады)» деген сөз тіркесін теріске шығаруды талап еткен болатын.

Судья Сәлима Бәкиева мақалада жазылған ақпарат жария  теріске шығаруды қажет етпейтінін, өйткені онда «қауесет тарады», «тәрізді» деген тіркестер қолданылғанын айтып, өз шешімін дәлелдеді. Ол бұл сөздер растау емес, болжам екенін атап өтті.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ және соңғы шешім шыққан күннен бастап бір ай ішінде апелляциялық сатыға шағымдануға болады.

Жағдайды талдау

«Соттың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 Нормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы істер санаты бойынша жауапкер бағалау пайымдаулары үшін жауап бермейді.

Сондай-ақ, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес шешім істің мән-жайлары туралы болжамдарға негізделе алмайды.

Бұл жағдайда сотқа нақты нәрсені анықтау үшін филолог немесе сарапшының көмегі қажет болмады: журналист талапкердің мекемесінде сыбайлас жемқорлық қылмысы жасалды деп мәлімдемеді. Журналист қауесеттерге сілтеме жасап және «тәрізді» сөзін қолдана отырып, тек пікір білдіріп болжам жасады, яғни оқырмандарға ақпараттың сенімді емес және расталмағанын тікелей түсіндірді.

Нәтижесінде сот журналист шындыққа сәйкес келмейтін зиянды мәліметтерді таратты деп қате болжаған мемлекеттік орган шағымын қанағаттандырудан заңды түрде бас тартты.

Қазақстан 2005 жылғы 28 қарашада ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің 19-бабының 2-бөлігіне сәйкес: «Әр адамның өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар; бұл құқыққа мемлекеттік шекараларға қарамастан, ауызша, жазбаша немесе баспасөз немесе көркемдік формалар арқылы немесе өз қалауы бойынша кез-келген ақпарат пен идеяларды іздеу, алу және тарату еркіндігі кіреді. «Әділ сөз» судья Салима Бакиеваның Қазақстан Республикасының Конституциясына, заң үстемдігі қағидаттарына және Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған демократиялық реформаларға сәйкес жалпыға бірдей құқықтар мен бостандықтарды қорғау жөніндегі шешімін құптайды.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз