Алматыда әкімге сұрақ қоймақ болған «Азаттық» радиосының журналисіне кедергі жасалды
Алматыда Александр Невский ескерткішінің ашылуында «Азаттық» радиосының журналисі Мейірім Бақытжанова қала әкімі Ерболат Досаевқа сұрақ қоймақ болды. Алайда, оны бірнеше жігіт ұстап алып шетке сүйреп әкетті. Олар қызды әкімнің көлігі жүріп кеткенше ұстаған. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақовқа сұрақ қоймақ болған оны тағы да ұстап алды. Алайда вице-министр сөйлесуден қашпады. Журналисті босаттырып, сұрақтарына жауап берді.
Мейірім «Әділ сөз» қорына: «Мен қатты психологиялық қысым көрдім. Көзіме жас келді. Әлсіздігімді көрсеткім келмеді, бірақ өзімді ұстай алмадым. Осындай жағдайға қарамастан сюжетті түсіруді жалғастырдым», - деді.
Редакция болған оқиға туралы құзырлы органдарға хабарлауға ниетті, егер тиісті шаралар қабылданбаса, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау фактісі бойынша полицияға арыз жазуға дайын.
«Әділ сөз» түсініктемесі:
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 20-бабына сәйкес журналист іздеуді жүзеге асыруға және ақпарат алуға, бейбіт жиналыстарға қатысуға, сондай-ақ журналистің куәлігін, айрықша белгісін көрсетіп қоғамдық, топтық және жеке мүдделерін білдірудің өзге де нысандарында аудиовизуалды техника құралдарын пайдалана отырып жазбалар жүргізуге құқылы.
Видеожазбадан көрініп тұрғандай, журналист аудиовизуалды техниканы қолдана отырып, қоғамдық шараға заңды түрде қатысты. Ешкім журналиске күш қолдануға және журналистің заңды кәсіби қызметін орындауына кедергі келтіретін өзге де жағдайлар жасауға құқығы жоқ.
Қызмет бабын пайдаланып, сол сияқты күш қолдану арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлігімен екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қарастырылған.
Видеожазбадан белгілі болғандай, көк түсті жейде, қара көзілдірік және кепка киген адам нұсқау берген азаматтық киімдегі кем дегенде 6 адам журналистің кәсіби қызметін жүзеге асыруына тікелей кедергі келтіріп, оған қарсы күш қолданды. Осы кезде қолына микрофон ұстаған журналист журналист екенін қатты айтып жатыр. Ұйымдасқан адамдар тобының журналистің қызметіне қасақана кедергі жасау фактісі айқын.
ҚІЖК-нің 180-бабына сәйкес БАҚ-тағы хабарлама құқық қорғау органына берілген өтініш сияқты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп болып табылады.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлігі бойынша көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар лауазымды адамдарға қылмыстық істің тез арада қозғалуын қамтамасыз етіп, сотқа дейінгі тергеуді тәуелсіз органға тапсырады деп үміттенеді.