Алматы соты ҰҚШҰ туралы айтқан «Азаттық радиосына» айыппұл салды
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Р.Әлиева «Азат Еуропа/Азаттық радиосы -Қазақстан» өкілдігін жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тапты. Сот 30 АЕК (103 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сот шешіміне апелляциялық сатыға шағым жасалуы мүмкін.
Сотқа Шымкент қаласының тұрғыны Әлішер Тұрабаев арыз түсірді. Ол ҚР ӘҚБтК 456-2-бабының 1-бөлігі бойынша «Азаттық радиосы» Алматы бюросының бас редакторы Қасым Аманжолды әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.
Бұған 19 қыркүйекте Азаттық сайтында жарияланған «Адвокат: тұтқын Тимур Дәнебаев Атбасар уақытша ұстау абақтысынан Көкшетауға «уақытша» ауыстырылды» деген мақалада «Ресей ҰҚШҰ-ны басқарады» деп айтылған сөйлем себеп болды. Әлішер Тұрабаев: ҰҚШҰ-ны Ресей басқарады деген бұл мәлімдеме еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне, Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігіне күмән келтіріп, оқырмандарды жаңылыстырады деп есептейді.
Іс бойынша бүгінгіні қосқанда барлығы үш тыңдау өтті. Редакция екі өтініш берді – құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты істі қысқарту және сот-лингвистикалық сараптама жүргізу. Сот құқықтық бағасын өзі беретінін айтып, сараптама жүргізуден бас тартты. Турабаев сот сараптама орталығына да сараптама жүргізуге өтініш берген, бірақ әдістеменің жоқтығынан оған зерттеу жүргізуден бас тартты.
«Әділ сөз» ӘҚБтК-нің 807-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жеке тұлға ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сотқа тек бұзылған құқықты қалпына келтіру үшін өтініш беруге құқылы екенін атап өткен болатын.
Арызданушы жарияланған ақпарат Қазақстанның егемендігіне, тәуелсіздігіне және экономикалық тәуелсіздігіне күмән келтіретінін, Қазақстан басқа мемлекеттің бақылауында екенін көрсетеді. Арызданушы мақала НАҚТЫ қайдай ҚҰҚЫҒЫН бұзғанын көрсетпейді. ӘҚБтК-нің 807-бабында азаматтардың басқа азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну құқығы қарастырылмаған.