«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының ҚР Парламенті Сенатының «Масс-медиа туралы» Заңды мақұлдауына қатысты мәлімдемесі
6 маусымда Сенат «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдады. Журналистік қоғамдастық заң жобасын әзірлеу кезінде барынша өз ұстанымдарын қорғай алды. Құқықтардың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талап қою мерзімінің бір жылға дейін белгіленгенін құптаймыз. Талап қою мерзiмiнiң болмауы еркiн баспасөзге елеулi қысым туғызып, шығарылатын материалдарды ғана емес, сонымен бiрге барлық iлеспе дәлелдеу базасын мұрағаттау бойынща үлкен қаржылық шығыстарға әкеп соғатын. Біз сондай-ақ БАҚ сұрауларына жауап беру мерзімінің жеті күннен бес жұмыс күніне дейін қысқаруын да қолдаймыз. Аталған Заң БАҚ сұрауына жауап берудің соңғы мерзімін белгілейді және осы орайда «Әділ сөз» ақпарат иелерін сұрау салынған ақпаратты дереу ұсынуға шақырады. Заңда мемлекеттік емес БАҚ үшін гранттар бөлу көзделген, сонымен қатар журналистің ерекше мәртебесі ұғымы енгізілді.
Дегенмен журналистер мен құқық қорғаушылар қарсы болған бірқатар ережелер сонда да енгізілді.
1) Мәселен, жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарында жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына мониторинг жүргізуді көздейді, десе де олардың нақты анықтамасы ешқандай нормативтік-құқықтық актіде көрсетілмеген.
2) «Әділ сөз» журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені және БАҚ сауалдарына жауап бермегені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған болатын. Осы мәселелер бойынша ұсыныстар қазір уәкілетті органмен талқылануда. Парламент депутаттары бұл түзетулерді алдағы заң шығару қызметі аясында қолдайды деп сенеміз.
3) «Әділ сөз» журналистер үшін барлық дерлік мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарды қамтитын стратегиялық нысандардағы ішкі тәртіпті сақтау міндеттемесінің туындауына алаңдаулы. Бұл ереже журналистердің осы нысандардың ішінде кәсіби қызметін толық жүзеге асыру мүмкіндігін шектеуге немесе сол жерлерде теріс әрекеттерге әкелуі мүмкін.
4) «Әділ сөз» азаматтардың мүддесі үшін БАҚ-ты қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуді ұсынған болатын. БАҚ-тың нақты иелерін ғана емес, сондай-ақ БАҚ-тың бастапқы деректеріндегі негізгі демеушілерді көрсету қазақстандықтардың отандық журналистикаға деген сенім деңгейін арттыруға және редакциялардың тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Біз ҚР Парламентін журналистердің құқықтарын қорғайтын және Қазақстанда сөз бостандығын қамтамасыз ететін неғұрлым теңдестірілген және әділ заңнама құру үшін одан әрі ынтымақтастыққа және ашық диалогқа шақырамыз.