27 қаңтар
АҚДМ: Баспасөз картасы журналиске «Қызметтік пайдалану үшін» санатындағы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деп уәде етеді
27 қаңтарда «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының Тұжырымдама жобасын қоғамдық талқылау аяқталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған кейбір ұсыныстар журналистер қауымының сынына ұшырады.
Атап айтқанда, журналистің ерекше мәртебесін жүзеге асыру үшін баспасөз картасын енгізу, оның иелеріне айырықша құқықтар мен артықшылықтар береді.
Азаттық тілшісі «Құқықтық медиа орталығының» заңгері Гүлмира Біржанованың сөзіне сілтеме жасап: «Журналистердің реестрі журналистердің санаттары бойынша берілетін «баспасөз картасы» негізінде құрылады. Біз олардың санаттарға бөлінуіне үзілді-кесілді қарсы болдық. (...) «Журналистік мәртебе» туралы айтылғанымен, журналистер үшін ерекше артықшылықтар жоқ», - деп жазды.
Журналист Жұлдыз Әбділдәнің айтуынша, «баспасөз картасын» енгізу «басқа журналистерден бөлінуге» әкеледі. Қаңтардың 31-і күні Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Азаттық тілшісіне даулы мәселелерге қатысты пікір білдірді.
Министр заң жобасында ұсынылған баспасөз картасының болуы «журналист мәртебесін анықтау, журналист пен блогердің аражігін ажырату үшін» қажет екенін айтты. Д.Қыдырәлі кейбір Еуроодақ елдері мен Түркияның тәжірибесін тілге тиек етті.
Д.Қыдырәлі баспасөз картасының көмегімен журналист мемлекеттік органдар бере бермейтін ақпаратқа да қол жеткізе алатынын айтып, «қызметтік пайдалану үшін» белгісіне сілтеме жасады. Министрдің айтуынша, баспасөз картасын енгізу журналистік зерттеу жүргізу процесін жеңілдетуге бағытталған.
Сондай-ақ, көптеген медиа сарапшылар мен журналистер Қылмыстық кодекстің журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау бабын ішінара қылмыссыздандыруға қарсы шықты.
Министр Азаттықтың бапты қылмыссыздандыру себебіне қатысты сұрағына жауап бере отырып, «бұл бап Қазақстанда айтарлықтай қолданылмағанын, осы уақытқа дейін бір мәселе ғана қаралғаны белгілі болды» деді.