30 қазан
Тамара Еслямова, «Уральская неделя» (Орал қ.)
Орал тұрғыны автобустағы оқиға туралы материалды өшіруді және 1 млн теңге моральдық өтемақы талап етті
Орал қаласының тұрғыны автобустағы 18 жастағы жолаушымен болған жағымсыз оқиға түсірілген бейнежазба жарияланғаннан кейін «Уральская неделя» бас редакторы Тамара Еслямоваға қарсы ар-намысын қорғау туралы арызбен Орал қаласының № 2 сотына жүгінді.
Құқықтық медиа-орталықтың мәліметінше, бұған дейін полиция ер адамды қызға тиісті деген күдікпен іздестірген. Оқиға түсірілген бейнежазбаны жолаушының өзі ұсынған. Ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылған, алайда ескіру мерзімінің өтуіне байланысты іс жүргізу тоқтатылған.
Талап қоюшы жазба өз бейнесіне құқығын бұзды және жалған ақпаратты қамтиды деп есептейді. Ол өз уәжін растау үшін ІІМ-нің ресми парақшасында өзін іздестіру туралы ақпарат жоқ екенін, сондай-ақ полицияның өзіне хабарласпағанын алға тартады.
Ер адам басылымның Instagram парақшасындағы материалды өшіруді, оны бөліскен адамдарға да өшірілгені туралы хабарлауды және 1 млн теңге моральдық өтемақы талап етті.
Дереккөз: Құқықтық медиа-орталық
30 қазан
«QazaqstanMedia» (Петропавл қ.)
QazaqstanMedia басылымына қатысты талап медиация арқылы реттелді
«Горизонт» қоғамдық бірлестігі мен «QazaqstanMedia» ар-намысын және іскерлік беделін қорғауға қатысты дауды медиация тәртібімен реттеді. Бұл туралы Құқықтық медиа-орталық хабарлады.
Даудың туындауына «Горизонт сужается – в Петропавловске дачники отстаивают свое имущество» атты видеоролик себеп болған. Онда «Горизонт» бау-бақша серіктестігінің мүшелері қоғамдық бірлестікке қатысты мәселелерді баяндайды.
Қоғамдық бірлестік Петропавл қаласының №2 сотына медиаресурсқа қарсы талап арыз берген. Дауды реттеу барысында тараптар талап қоюшының ұстанымы баяндалатын сұхбат жариялауға келісті. Талап қоюшы қалған талаптарынан бас тартты.
2 қараша
Стас Киселев, «Время» (Қостанай қ.)
Облыстық сот журналист Стас Киселевке қатысты әкімшілік істі тоқтату туралы шешімді күшінде қалдырды
2 қарашада Қостанай облыстық соты «Время» газетінің меншікті тілшісі Стас Киселевке қатысты Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты шығарған қаулыны өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, сот талқылауы Қостанай қалалық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Гүлсім Оразбаеваның арызы бойынша басталған. Ол Киселевті ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы (Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап еткен. Бұған журналистің «Шито-крыто» («Время», 24.06.2026) атты мақаласы себеп болған. Онда журналист Гүлсім Оразбаеваның ұсталуына қатысты жағдайды өз нұсқасы бойынша баяндаған. Мемлекеттік сатып алу порталының деректерін зерделегеннен кейін Киселев шенеунікпен «іскерлік әрі достық байланысы бар» қызмет көрсетушінің де ұсталғанын жазған. Талап қоюшы бұл ақпаратты жалған әрі қоғамда өзіне деген теріс көзқарас қалыптастырады деп есептейді.
8 қазанда сот әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатты. Судья Азамат Айтқожинов міндетті уәкілетті органның дәлел ұсынбағанын түсіндірді.
Оразбаеваның апелляциялық шағымын қараған Қостанай облыстық сотының судьясы Галина Зинина хаттамадағы кемшіліктерге де назар аударды: онда журналистке тағылған құқық бұзушылық белгілері нақты көрсетілмеген. Оның айтуынша, сот бұл олқылықтардың орнын өз бетінше толтырып, уәкілетті органның орнына құқық бұзушылық құрамын қалыптастыра алмайды.
Апелляциялық алқа сот қаулысын өзгеріссіз қалдырып, Оразбаеваның шағымын қанағаттандырмады.
Дереккөз: «Наша Газета», Tobolinfo.
3 қараша
«Umarovnews» (Орал қ.)
Айыпталушының адвокаты Umarovnews редакциясына қорғауындағы адам туралы мәліметтерді өшіруді талап етіп, наразылық жолдады
Батыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелердің басшыларына қатысты қылмыстық істің сотқа берілгені туралы материал жарияланғаннан кейін «Umarovnews» редакциясына айыпталушылардың бірі Жақсылық Әмрішевтің адвокатынан сотқа дейінгі талап түсті.
Қорғаушы Марат Базаров бас редактор Талғат Омаровтан өз қорғауындағы адамның «құқықтары мен заңды мүддесінің бұзылуын жою шараларын қабылдауды» сұраған. Атап айтқанда, басылымның Instagram аккаунтындағы мақаладан оның жеке деректерін, жұмыс орны мен атқаратын лауазымы туралы мәліметтерді өшіруді, алдағы уақытта бұл деректерді көрсетпей, аты-жөнін атамай жазуды талап еткен.
Адвокаттың пікірінше, адамның жеке басын ашып, қылмыстық қудалау туралы мәліметтерді жариялау оның ар-намысына, кәсіби беделіне және заңды мүддесіне нұқсан келтіреді.
Адвокаттың талабына жауап ретінде «Umarovnews» редакциясы ресми хат жолдады. Редакция өзінің кәсіби қызметінде кінәсіздік презумпциясы қағидатын ұстанатыны айтылған. Қылмыстық қудалау фактісі мен қылмыстық істің сотқа берілгені туралы ақпараттың жариялануы өздігінен адамның кінәлі екенін білдірмейді. Сонымен қатар редакция бұл істі қоғам үшін маңызды деп санайды.
«Umarovnews» адвокаттың талаптарын орындаудан бас тартты.
Дереккөз: Umarovnews.
5 қараша
Ержан Амарханов, қоғам белсендісі (Семей қ.)
Жеке сот орындаушысымен соттасқан қоғам белсендісі Тоқаевқа жүгінді
5 қарашада семейлік қоғам белсендісі Ержан Амарханов жеке сот орындаушысының (ЖСО) ар-намысын және іскерлік беделін қорғау туралы талап арызы бойынша сот талқылауын бақылауға алуды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
Талап арыз Амархановтың жеке сот орындаушыларының әрекеттері туралы жазбасынан кейін берілген. Белсендінің айтуынша, олар алты жыл бойы егде жастағы әйелдің зейнетақысының 50 пайызының орнына 100 пайызын коллекторлық берешек үшін ұстап отырған.
Талап 2026 жылғы 19 ақпан мен 9 сәуір аралығында Амархановтың Instagram, Facebook, Threads және TikTok желілерінде жариялаған 14 материалына қатысты болды. Талап қоюшы даулы мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді әрі іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тануды, жауапкерді сол әлеуметтік желілерде теріске шығару жариялауға міндеттеуді, жазбаларды өшіруді, моральдық зиян үшін 2 млн теңге және сот шығындарын өндіріп беруді талап етті.
10 шілдеде Семей қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты талапты ішінара қанағаттандырды. Сот Амархановтың төрт жазбасындағы жекелеген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді және талап қоюшының беделіне нұқсан келтіреді деп танып, қоғам белсендісін теріске шығару жариялауға және әлеуметтік желілердегі бес жазбаны өшіруге міндеттеді. Одан моральдық зиян үшін 300 мың теңге, сот және өкілдік шығындары үшін 300 мың теңге, сараптама шығыны үшін 65 702 теңге өндірді.
19 қазанда Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгертті. Апелляциялық саты 17 тамыздағы сот қаулысымен талап қоюшының жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылғанын ескерді. Сол іс аясында өндіріп алуды қолдану туралы қаулының уақтылы күшін жоймау салдарынан 2024 жылғы 28 маусымнан бастап әйелдің зейнетақы төлемі заңсыз ұсталғаны анықталған. Бұдан бөлек, екі жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық іс материалдары өкілеттігін теріс пайдалану ісі бойынша зейнеткер жәбірленуші деп танылғанын растаған. Абай облысы прокуратурасының 10 тамыздағы мәліметінше, олардың біріне қатысты іс сотқа жолданған, ал талап қоюшыға қатысты материалдар жеке өндіріске бөлініп, тергеліп жатқан.
Апелляциялық сот зейнетақы төлемінің заңсыз ұсталғаны және құжаттармен расталған өзге де мән-жайлар туралы мәліметтерді шындыққа сәйкес келеді деп таныды. Талап қоюшының беделіне нұқсан келтіретін мәлімет ретінде тек Амархановтың зейнеткердің ақшасын иемдену үшін «сыбайлас жемқорлық схемасы» құрылғаны туралы тұжырымы қалды. Сот қоғам белсендісін осы сөзін теріске шығаруға міндеттеді.
Облыстық сот алқасы материалдарды өшіру туралы шешімнің күшін жойды, ал моральдық зиян өтемақысы мен өкілдің қызметіне жұмсалған шығынды әрқайсысын 50 мың теңгеге дейін азайтты. Бірінші сатыдағы сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Президентке жолдаған үндеуінде Амарханов өз жазбаларын жала деп санамайтынын мәлімдеді. Қоғам белсендісі Абай облысына комиссия жіберіп, өңірдегі жеке сот орындаушылары мен сот жүйесінің қызметін тексеруді сұрады.
Дереккөз: Total.kz, сот шешімдері.
6 қараша
Эдуард Гадульшин, блогер (Рудный қ.)
Рудный соты блогерге сайлауалды үгітті мерзімінен бұрын жүргізгені үшін айыппұл салды
Рудный қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты блогер Эдуард Гадульшинге сайлауалды үгітті мерзімінен бұрын жүргізгені үшін айыппұл салды.
Қалалық прокуратура сотқа Гадульшиннің 26 қазанда Instagram-да жариялаған бейнежазбасына байланысты жүгінген. Онда ол Рудный қаласындағы сайлауға өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеп, болашақ бағдарламасының үш негізгі бағытын таныстырған және сайлау жарнасын төлеу үшін қаражат жинайтынын жариялаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ҚР ӘҚБтК-нің 102-бабы (Сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізу) бойынша толтырылған.
Прокурор Вусале Гумматова айыптаудың мәнін оқып берді: видеоролик 246 лайк жинап, оған 286 пікір жазылған және ол 151 рет басқа пайдаланушыларға жіберілген. Оның айтуынша, Гадульшин қаражат жинау туралы жариялай алғанымен, видеороликке сайлауалды бағдарламасының тармақтарын енгізбеуі керек еді. Заңға сәйкес, үгіт кезеңі кандидаттарды тіркеу аяқталғаннан кейін, 1 қарашада басталған.
Гадульшин айыптаумен келіспеді. Ол жазбаның мақсаты үгіт жүргізу емес, қаражат жинау болғанын түсіндірді. Себебі ол қандай да бір кандидатқа дауыс беруге немесе оған қарсы дауыс беруге шақырмаған. Бағдарламасы туралы адамдар жиналған қаражаттың не үшін қажет екенін түсінуі үшін айтқанын жеткізді.
Сот Гадульшин заңда белгіленген үгіт кезеңі басталғанға дейін өз бағдарламасының негізгі бағыттарын жариялау арқылы сайлау заңнамасының талаптарын бұзды деген қорытындыға келді.
Сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 64 875 теңге айыппұл салды.
Гадульшин «Наша Газета» басылымына сот қаулысына шағымданбайтынын хабарлады.
Айта кетейік, сот талқылауы басталғанға дейін Гадульшиннің кандидат ретінде тіркелуі табысы туралы декларацияны дұрыс ұсынбауына байланысты күшін жойған. Мұндай жағдайда төленген сайлау жарнасы қайтарылмайды.
Дереккөзі: «Наша Газета».
3 қараша
Амангелді Батырбеков, «С-Информ» (Сарыағаш қ.)
Батырбеков қылмыстық қудалауды ықтимал сыбайлас жемқорлық туралы материалмен байланыстырды; Асанова жеке өмірін қорғау үшін жүгінгенін мәлімдеді
3 қарашада Амангелді Батырбековтің Facebook парақшасында оның атынан «Мен неге қамалдым?» деген тақырыппен жазба жарияланды. Онда қылмыстық қудалау аудан әкімдігінің Сарыағаш қаласының орталығындағы ғимаратты бюджет қаражаты есебінен 720 млн теңгеге сатып алуы кезіндегі ықтимал заңбұзушылықтар туралы айтылған. Батырбеков жергілікті лауазымды тұлғалар оның ықтимал заңбұзушылықтар туралы хабарламаларына назар аудармағанын, ал ҚР ҚК-нің 147-бабының 5-бөлігі бойынша қылмыстық іс блогер Ләззат Асанованың арызы негізінде 2026 жылғы 8 маусымда қозғалғанын мәлімдеді.
Асанова бұған жауап ретінде жариялаған жазбасында Батырбековтің өзінің жеке өмірі мен дербес деректеріне қатысты мәліметтерді, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деп санайтын пікірлерді таратқаны үшін құқық қорғау органдарына жүгінгенін мәлімдеді. Асанова қылмыстық істің ҚР ҚК-нің 147-бабының 5-бөлігі бойынша қозғалғанын, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде сот Батырбековті екі айға қамауда ұстауға санкция бергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оны кінәлі деп таныған сот үкімі емес, ал іске түпкілікті бағаны сот беруі тиіс.
Еске салайық, 22 қазанда Түркістан облысының Сарыағаш аудандық соты қоғам белсендісі, «С-Информ» бас редакторы Амангелді Батырбековті екі ай мерзімге қамауға алды. Ол бұған дейін тағайындалған 20 тәулік әкімшілік қамау мерзімі аяқталған күні ұсталған. Журналистің жазуынша, одан күдікті ретінде жауап алынған. Батырбеков жауап беруден бас тартқанын мәлімдеді.
3 қараша
Вадим Борейко, «Гиперборей» YouTube-арнасы (Алматы қ.)
Құрылыс компаниясы Вадим Борейкоға қарсы талабын анықтап, одан 71,7 млн теңге өндіруді талап етуде
Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында «Etude-Ybyrai» ЖШС құрылыс компаниясының журналист, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейкоға қарсы талап арызы қаралып жатыр.
3 қарашада талапкерлер арыздың нақтыланған нұсқасын ұсынды. «Власть» басылымының хабарлауынша, құрылыс компаниясының өкілі «Гиперборей» YouTube-арнасының әртүрлі шығарылымдарынан және Instagram-дағы жарияланымдарынан тоғыз үзінді мен олардың тайм кодын келтірген. Бұл материалдан үзінділер Everest Development компаниясының Алматы әкімі Ерболат Досаев тыйым салған Premier тұрғын үй кешенінің құрылысын қайта бастауы және заңсыз тығыз құрылыс салу мәселелеріне қатысты.
Борейконың қорғаушылары компания теріске шығаруды талап етіп отырған үзінділердің бір бөлігін журналист емес, бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек, шағынаудан тұрғындары және мемлекеттік органдардың өкілдері айтқан, дейді. Талап қоюшының өкілі Бақыт Қасыбаев журналист бұл мәліметтерді өз оқырмандарына таратқандықтан, оған қарсы талап арыз берілді, деді.
Компания шындыққа сәйкес келмейді деп санайтын барлық айтылған мәліметтерді «Instagram әлеуметтік желісіндегі "Вадим Борейко" аккаунтында кемінде 6 ай бойы парақшаның жоғарғы жағына бекітіп, көпшілікке қолжетімді видеохабарлама жариялау арқылы» теріске шығаруды талап етеді. Сонымен қатар талап қоюшы компанияға қатысты барлық материалды өшіруді және Вадим Борейкодан «Etude-Ybyrai» пайдасына 71 млн 753 мың 314 теңге 63 тиын шығынды өндіріп беруді сұрайды.
Бұған дейін Борейконың адвокаты Фархад Цай сот-экономикалық сараптаманың нәтижелеріне түсініктеме беріп, құжатпен расталған шығын шамамен 43,25 млн теңгені, сондай-ақ күзет қызметіне жұмсалған 300 мың теңге болғанын хабарлаған. Адвокаттың пікірінше, шығындардың құжатпен расталуы автоматты түрде залал болып саналатынын білдірмейді. Бұл мәселеге сот баға беруі тиіс.
Ақпарат көзі: «Власть».
3–5 қараша
Санжар Боқаев, Ұлан Нүсіпқожа, Мадияр Қалменов (Алматы қ.)
Боқаевтың ісінде сотта автокеруен ұйымдастыру эпизоды бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасуда
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа, оның видеографы Ұлан Нүсіпқожаға және Мадияр Қалменовке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Қазіргі уақытта сот 2018 жылы «Батыс Қытай–Батыс Еуропа» халықаралық автокеруенінің қазақстандық кезеңін ұйымдастыруға қатысты эпизодты қарауда.
Айыптау нұсқасы бойынша, Боқаев пен оның жиені Қалменов 2018 жылы газбен жүретін көліктердің автокеруенін өткізуге арналған сметаны көтеріп көрсетіп, қызмет көрсетуші ретінде өз бақылауындағы BM Trust компаниясын тартқан. Тергеу нұсқасы бойынша, олар кәсіподақ қаражатынан шамамен 42 млн теңгені жымқырып, оның бір бөлігін Астанада жиһаз өндірісін құруға және дамытуға пайдаланған. Осы эпизод бойынша Боқаев пен Қалменовке алаяқтық (ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру (ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) айыптары тағылған.
3 қарашадағы сот отырысында автокеруенді ұйымдастырумен айналысқан We Can компаниясының құрылтайшысы куәгер Жұлдыз Артықбаева іс жүзінде шараны өз компаниясы ұйымдастырғанын, ал BM Trust туралы тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде білгенін мәлімдеді. Қорғаушылар оның бастапқы жауабында Артықбаеваның Қалменовпен бірге шығындар сметасын әрқайсысы өз бөлігі бойынша дайындағаны айтылғанына назар аударды. Куәгер сметаны қызметтер тізімімен шатастырып алғанын түсіндірді.
4 және 5 қарашада қорғаушылар судьяға екі рет қарсылық білдіріп, оны айыптау жағына бейім екенін және куәгерге сұрақ қою тәртібімен келіспейтінін алға тартты. Екі жағдайда да сот қарсылық білдіруді қанағаттандырудан бас тартты.
Ақпарат көздері: «Власть» (3 қараша, 4 қараша, 5 қараша).