27, 30 қазан
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры» ҚҚ (Алматы қ.)
Facebook «Әділ сөз» қорының парақшасына қолжетімділікті шектеп, кейін қалпына келтірді
27 қазанда Facebook үшінші тұлғаның авторлық құқығы бұзылуы мүмкін деген болжаммен «Әділ сөз» қорының ресми парақшасына қолжетімділікті шектеді.
Бұған дейін платформа 6 қазанда жарияланған «Мемлекеттік органдардың регламентін бұзғаны үшін журналистерге аккредитациясынан айырылуы қаупі төнді» атты материалды өшірген болатын.
Өшірілген материалда Ulysmedia.kz редакциясына қатысты ескерту туралы айтылған. Оған журналист Әсем Ғұмарованың Құрылтайдағы брифингте ІІМ өкіліне белгіленген күн тәртібінен тыс сұрақтар қоюы себеп болған. Жағдай қайталанса, журналист алты айға аккредитациясынан айырылуы мүмкін еді. Қор заңгері Сергей Уткин мұндай шектеу «Масс-медиа туралы» заңға қайшы келетінін түсіндірген.
Парақшаның бұғатталғаны туралы қор президенті Назира Дәрімбет Facebook-тегі парақшасында қорға сілтеме жариялап хабарлады. «Әділ сөз» мәліметінше, шетелдік әріптестері қордың парақшасы Қазақстаннан тыс жерлерде көрініп тұрғанын растаған. Алайда Дәрімбеттің жазбасына пікір қалдырған Қазақстаннан тыс жерде жүрген қолданушылар да парақшаға кіруде қиындықтар бар екенін хабарлады. Біреулер парақшаның көрінетінін, бірақ оған өткен кезде ықтимал алаяқтық туралы ескерту шығатынын айтса, енді біреулер әлеуметтік желіден парақшаны іздеу арқылы таба алмаған.
«Әділ сөз» Meta компаниясына парақшаның бұғатталу себебін түсіндіруді және оның жұмысын қалпына келтіруді сұрап өтініш жолдады.
Кейін қор материалды өшіруге және парақшаны бұғаттауға «Nihao Kaonima» есімді белгісіз адамның шағымы негіз болғанын анықтады. Қор мұндай өтініш берушінің шын мәнінде бар екеніне күмән келтірді. Өйткені оның есіміндегі бірінші сөз «сәлем» дегенді білдірсе, екінші сөз қытай тіліндегі дөрекі балағат сөзге ұқсас. Бұдан бөлек, шағымданушы авторлық құқық нысанына қатысы бар екенін растайтын сайтты немесе басқа ресурсты көрсетпеген. Қордың мәліметінше, ол пайдаланған электрондық почта адресі бұғаттаудан бір күн бұрын ғана, 26 қазанда сағат 09:23 UTC-де тіркелген.
Қор Meta компаниясына өтініш беруші туралы мәліметтердің дұрыстығын және оның авторлық құқық иесінің өкілі ретіндегі өкілеттігін тексеруді сұрап үндеу жолдады. Халықаралық Access Now және «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымдарынан көмек сұрады.
30 қазанда Facebook қордың парақшасына қолжетімділікті қалпына келтірді.
25 қазан
Майя Шуакбаева, «Первый канал – Евразия» телеарнасы (Павлодар қ.)
Instagram журналист Майя Шуақбаеваның жұмыс аккаунтын бірнеше рет бұғаттады
«Первый канал – Евразия» телеарнасының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Майя Шуақбаева Instagram желісіндегі 1tvkz_pavlodar жұмыс аккаунты бірнеше рет бұғатталғанын хабарлады. Оның айтуынша, бір апта бойы аккаунт күн сайын, кейде күніне бірнеше рет бұғатталған.
Әр бұғаттан кейін журналист Meta платформасының тексеру рәсімінен өтуге мәжбүр болған. SMS арқылы және видеоверификациямен растау бар. Бұл аккаунтты автоматтандырылған бағдарлама емес, нақты адам пайдаланып отырғанын дәлелдеу үшін қажет. Қолжетімділікті қалпына келтіруге шамамен бір жарым сағат уақыт кеткен.
Майя Шуақбаева бұғат аккаунттағы жазбаларға түскен шағымдарға байланысты болуы мүмкін деп болжады. Соңғы материалдардың қатарында жұмыс істемейтін су құбыры мен «Самал» балаларды оңалту орталығының жабылуы туралы сюжеттер болған.
Шуақбаеваның айтуынша, ол жаппай шағым ұйымдастырып отырған болуы мүмкін адамдарға үндеу жасаған жазбасын Telegram-да жариялағаннан кейін бұғат тоқтаған.
29 қазан
«Наша Газета», ng.kz_ Instagram (Қостанай қ.)
Полиция күдікті анықталмағандықтан «Наша Газетаны» Instagram арқылы бопсалау фактісі бойынша тергеуді тоқтатты
Шілде айының басында «Наша Газета» редакциясы Instagram желісіндегі ng.kz_ бизнес-аккаунтына авторлық құқықты бұзды деген мазмұндағы көптеген шағым түскенін хабарлады. Соның салдарынан «НГ» жарнамалық материалдары әлеуметтік желінің автоматтандырылған құралдары арқылы бұғатталған. Белгісіз адам хат алмасу барысында 1000 доллар төлеуді талап етіп, әйтпесе шағымды жалғастырып, аккаунтты бұғаттататынын айтып қорқытқан. 25 шілдеде «Наша Газетаның» негізгі аккаунты уақытша бұғатталды. Редакцияның өтінішінен кейін Meta алты күннен соң, 30 шілдеде аккаунтты қайта ашты.
Редакция аккаунттың жабылу қаупіне алаңдады. Басылым мемлекеттік саясатты насихаттауға арналған мемлекеттік тапсырысты әдейі орындамайды, өйткені бұл БАҚ-ты билікке тәуелді етеді деп есептейді. Редакцияның мәліметінше, оның жалғыз табыс көзі — жарнама, ал жарнамадан түсетін кірістің 90%-ы осы Instagram арқылы келеді.
«Наша Газета» ақша төлемейтінін айтып, Meta платформасына апелляциялық шағым жолдады және полицияға жүгінді.
23 қазанда бас редактор Тимур Гафуровтың өтініші бойынша адвокат Анна Дудина Қостанай облысының полиция департаментіне тергеу нәтижесі туралы сауал жолдады. Адвокат сауалда белгісіз адамдардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша саралануы мүмкін екенін көрсетті. Сондай-ақ редакцияға осы уақытқа дейін қабылданған шаралар туралы ақпарат берілмегенін атап өтті.
29 қазанда редакция Қостанай облысы полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Б. Әубәкіров қолы қойылған жауап алды. Жауапқа сәйкес, 2026 жылғы 10 шілдедегі №2639000030002119 КУИ материалы бойынша 12 шілдеде Қостанай қалалық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша №263910031000515 нөмірімен СДТБТ-ға тіркеу туралы шешім қабылдаған. 6 қыркүйекте тергеуші ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабы 7-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмағандықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін үзу туралы шешім қабылдаған.
Қосымша ақпарат алу үшін Тергеу басқармасының бастығы тергеушіге жүгінуді ұсынған. «Наша Газета» полицияға қабылданған шаралар туралы қосымша сауал жолдап, сондай-ақ прокуратураға шағымдануды жоспарлап отыр.
28 қазан
Лұқпан Ахмедьяров, «Просто журналистика» YouTube-арнасы (Орал қ.)
Журналист Лұқпан Ахмедьяров Instagram аккаунтының бұғатталғанын хабарлады
28 қазанда журналист Лұқпан Ахмедьяров таңертең Instagram желісінен аккаунтының бұғатталғаны және оның мүлдем жойылуы мүмкін екені туралы хабарлама алғанын мәлімдеді. Бұл оның Facebook парақшасы қалпына келтірілгеннен кейін екі күн өткен соң болған. Ахмедьяров апелляциялық шағым жолдаған.
Ахмедьяров бұл жағдайды оның әлеуметтік желілердегі парақшаларын жоюға бағытталған кезекті әрекет деп бағалады.
30 қазанда Instagram аккаунты қайтадан қолжетімді болды.
29–30 қазан
Артем Аскаров, Алма Мусина, адвокаттар (Астана қ.)
Санжар Боқаевтың адвокаттарының Instagram және Facebook аккаунттары бұғатталды
Otkir Kurek басылымының ақпаратына сәйкес, Санжар Боқаевтың адвокаттары – Алма Мусина, Артем Аскаров және Радмир Утеповтің Instagram және Facebook аккаунттары шектелді. Бұған қоса Боқаевты қолдау мақсатында ашылған Instagram аккаунты да жойылған.
Басылым жариялаған Instagram хабарламасының скриншотына сәйкес, Артем Аскаровтың профилі 2026 жылғы 29 қазанда платформаның аккаунт тұтастығына қатысты ережесін бұзды деген күдікпен уақытша тоқтатылған. Адвокатқа бұл шешімге шағымдану үшін 180 күн берілген. Ал Алма Мусинаның аккаунтын іздеген кезде жүйе мұндай пайдаланушы табылмағаны туралы хабарлаған.
«Әділ сөз» қорының түсініктемесі
Мәдениет және ақпарат министрлігі тәуелсіз басылымдардың, журналистердің, адвокаттардың және сөз бостандығына конституциялық құқығы қасақана бұзылып отырған өзге де тұлғалардың аккаунттарын бұғаттау мәселелерін шешу үшін ұзақ уақыттан бері қажетті шаралар қабылдамай келеді.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның 9 және 24-баптарына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын онлайн-платформалар өкілдеріне ықпал етудің заңды тетігі бар. Бұл тетік Конституция талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге және жосықсыз азаматтардың (журналистердің, блогерлердің, белсенділердің, адвокаттардың және т.б.) сөз бостандығын шектеу үшін қаскөйлер пайдаланып отырған алгоритмдердің дұрыс жұмыс істемеуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.