Ақпанның 23-і.
БАҚ (Қазақстан)
CPJ Астананы тәуелсіз журналистерге шабуыл ұйымдастырушыларын ұстауға шақырады
«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін тәуелсіз журналистерге жасалған шабуылдың жаңа толқынын мұқият тексеріп, осы шабуылдарға қатыстылардың барлығын жауапқа тартуға шақырды.
Ақпанның 23-і күнгі мәлімдемесінде үкіметтік емес ұйым Қазақстанда өткен күзден бері «тәуелсіз және сынайтын журналистерге қарсы» шабуылдардың тоқтамағанын айтты.
Қазақстандық медиа құқық қорғаушылардың деректеріне сілтеме жасай отырып, СРJ журналистерге жасалған шабуылдардың жаңа жағдайларын: «5 ақпаннан бастап елдің түрлі қалаларында журналистердің өздері де, олардың отбасы мүшелері де қудалауға немесе шабуылға ұшыраған кемінде төрт жағдай тіркелгендігін» атап өтеді. Олардың қатарында YouTube арнасының жүргізушісі әрі авторы Динара Егеубаеваның ұлына тапанша кезену, Ulysmedia жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға қауіп төндіру, «Гиперборей» YouTube арнасының операторы Роман Егоровтың екі көлігі өртеліп, тәуелсіз журналист Данияр Молдабековке шабуыл жасалды.
Ақпанның 27-сі.
Данияр Молдабеков, журналист (Алматы)
Журналист Данияр Молдабеков анасына жасалған психологиялық қысым туралы айтты
Тәуелсіз журналист Данияр Молдабеков әлеуметтік желіде 22 ақпанда оған бетперде киген адам шабуыл жасаған күннен бастап анасының үй телефонына тұрақты қоңыраулар түсе бастағанын хабарлады. Белгісіз біреулер телефон соғып: «Сәлеметсіз бе, анау-мынау (аты үнемі өзгеріп отырады – Арман, Сабыр, әлде басқа біреу) осында тұра ма?» деп сұраған. Үздіксіз қоңыраулардың салдарынан журналистің анасы телефонын өшіруге мәжбүр болды.
Ақпанның 28-і.
БАҚ (Қазақстан)
Ақпарат министрі: ІІМ мен ҰҚК журналистерге шабуыл ұйымдастырушыларын тапты
Ақпанның 28-і күні Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында қазақстандық журналистерге шабуылдардың үйлестірушісі – шетелдік азаматтың, «білікті хакердің» ұсталғаны туралы Ішкі істер министрлігінің хабарламасына түсініктеме берді.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша аталған құқық бұзушылықтарды жасаған тапсырыс берушілер анықталды. Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК-нің ведомствоаралық тергеу-жедел тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырды деген күдікке ілінген бір топ тұлғалардың әрекетін әшкерелеп, жолын кесті... Жақын арада ұйымдастырушылармен бірге соңғы тапсырыс берушілер де анықталады деп үміттенеміз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тергеу барысын ерекше назарда ұстайтын болады», - деп жазды АҚДМ басшысы.
Наурыздың 2-сі.
БАҚ (Қазақстан)
Ішкі істер министрлігі журналистерге шабуыл жасаған сыбайластарды анықтады
ҚР Ішкі істер министрлігі журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген күдікке ілінген О.Токаревтың сыбайластары анықталғанын хабарлады.
Полицияның хабарлауынша, бұған дейін журналистерге шабуылды үйлестірді деген күдікпен ұсталған О.Токарев өз кінәсін мойындады.
«Токаревтың өзі ұйымдастырушы және үйлестіруші болды. Топтың басқа мүшелеріне рекрутер рөлі жүктелді - Литвинов, Шаповалов, Демченколар тікелей арандатушылық жасау үшін Қазақстан азаматтарының арасынан «қабандар» деп аталатын орындаушыларды іздеу және тартумен айналысты.
Олар зардап шеккендер туралы ақпаратты, оның ішінде ашық ақпарат көздерінен де жинады. Біз мемлекеттік ақпараттық деректер базасына қол жеткізе алатын адамдарды іздедік. Токаревпен бірге олар іске асыру механизмі мен тәртібін (автокөліктерді өртеу, қоқан-лоққылар мен шабуылдар) әзірледі», - делінген Polisia.kz сайтында жарияланған ақпаратта.
Қазіргі уақытта Бас прокуратурамен бірлесіп Токаревтің сыбайластарын халықаралық іздеуге беру мәселесі пысықталуда. Бастамашыларды анықтау жұмыстары жалғасуда, оның нәтижелері кейінірек жарияланады.