Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Қазақстандағы сөз бостандығының бұзылуы 2022 жылғы қыркүйектің 8-і мен 15-і аралығы

16 қыркүйек 2022

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры 2022 жылғы қыркүйектің 8-і мен 15-і аралығында Қазақстандағы сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату құқығының жағдайына зерттеу жүргізді.


8 қыркүйек

Ардақ Ерубаева, Nur.kz (Ақтөбе)

АҚДМ Ардақ Ерубаеваның ісін бақылайды

7 қыркүйек күні кешке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Facebook желісінде:
 «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасы және өз құзыреті аясында журналист Ардақ Ерубаеваның қатысуымен өтетін іс-шаралар барысын жіті қадағалап отыр.

Министрлік бұл жағдайдың заң аясында шешілетініне сенімді. (…) Журналистің заңды кәсіби қызметіне араласуға жол берілмейді.
Сонымен қатар, біздің әріптестер кез-келген жағдайда кәсіби негізгі қағида – журналистік этика мен заң талаптарын сақтауы тиіс», деп жазды.

Еске салайық, 31 тамызда Ақтөбеде Nur.kz тілшісі Ардақ Ерубаева үкімет басшысының кортежін суретке түсірмек болғаны үшін ұсталған болатын. Ақтөбе облысының полиция департаменті журналист полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындаудан бас тартқанын мәлімдеді.
Қыркүйектің 5-і күні әкімшілік сот Ардақ Ерубаеваны полиция қызметкеріне бағынбағаны үшін кінәлі деп тауып, оған ескерту түріндегі жаза тағайындады.


8 қыркүйек

Ержан Оразалинов, @ABZHANNEWS (Павлодар)

Павлодар қалалық соты ABZHANNEWS журналистеріне қарсы талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды

7 қыркүйекте Павлодар қалалық соты «Казахстанский оператор по управлению отходами» ЖШС-нің ABZHANNEWS журналистеріне қарсы шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
 «Казахстанский оператор по управлению отходами» ЖШС-нің іскерлік беделін қорғау туралы талап арызы бойынша іс шілде айынан Павлодар қалалық сотында бері қаралып жатыр.

Сотқа арыз «ABZHAN NEWS» желілік басылымына, Telegram арнасының авторы Махамбет Әбжанға, басылым журналисі Ержан Оразалиновқа және «Павлодар облысы бойынша экология департаменті» РМУ-ға қарсы жазылды.
Еске салайық, іс жүргізуге 24 мамырда «ABZHAN NEWS» Telegram-арнасында үйінділердің мекен-жайы көрсетілген және экология департаментінің тексеру нәтижелері бойынша жауабы көрсетілген Павлодар облысының қалаларындағы рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар туралы мақаланың жариялануы себеп болған. Журналистер айтқан ақпарат мемлекеттік органның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған.

«Казахстанский оператор по управлению отходами» ЖШС мақалада кәсіпорынның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат бар деп есептейді.
Талапкер ақпаратты теріске шығаруды әлеуметтік желілерде жариялауға міндеттеуді және 200 мың теңге көлемінде жоғалған пайданы өндіруді талап етті.


8 қыркүйек 

БАҚ (Нұр-Сұлтан қ.)

Айнұр Қоскина, QOS live (Нұр-Сұлтан қ.)

Әділет министрі Қанат Мусин Президент Тоқаевтың туысы туралы сұраққа жауап берген жоқ

7 қыркүйекте Үкіметте журналист Айнұр Коскина Әділет министрі Қанат Мусиннен Президенттің туған әпкесінің күйеуі туысы болып саналады ма? Ол Қазақстанның Болгариядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінен кетуі керек пе? деп сұрады. Бұл мәселені журналистер ел Конституциясына енгізілген өзгерістерге байланысты бірнеше рет көтерді.

Әділет министрі жауап ретінде Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес саяси мемлекеттік қызметшілер лауазымын атқара алмайтын жақын туыстардың тізімімен танысуға кеңес берді.
Журналистердің «иә» немесе «жоқ» деп нақты жауап беру туралы өтінішіне Әділет министрі барлығына алғысын білдіріп, кетіп қалды.


8 қыркүйек 

БАҚ (Қазақстан)

АҚДМ ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заң жобасы тұжырымдамасының жобасын жариялады

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі талқылау үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасы тұжырымдамасының жобасын жариялады.

Тұжырымдама жобасында ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу үшін жауапкершілікті қарастыратын ӘҚБтК-нің 456-бабының 1-б тиімділігінің төмендігі көрсетілген. Осыған байланысты, ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу бойынша лауазымды тұлғалардың қандай әрекеттері (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып танылатынын және ақпаратты пайдаланушы шағымдана алатынын анықтау ұсынылады.

Жоба ақпаратты «Қызметтік пайдалану үшін» санатына жатқызуға болатын жағдайларды анықтауды ұсынады:

  • конституциялық құрылымды қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында ғана;
  • ақпаратты ашу осы мүдделерге елеулі зиян келтіруі мүмкін;
  • мұндай ақпаратты ашық жариялаудан немесе жария етуден залал оны алу кезінде қоғам игілігінен басым болса.


9 қыркүйек

Стас Киселев, «Время» (Қостанай)

Елордалық соттың баспасөз қызметі судьяның қамауға алынғаны туралы ақпаратты БАҚ-тағы сыннан кейін ғана таратты

«Время» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Стас Киселев Қостанай облыстық сотының судьясы Асқар Дарбаевтың қамауға алынғаны туралы ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұрап Нұр-Сұлтан сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баяноваға жүгінді.

Баспасөз хатшысы тергеу материалдары жария етілмейтіндігіне және ҚІЖК-нің 201-бабына сілтеме жасай отырып, кез келген ақпаратты беруден үзілді-кесілді бас тартты, оған сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін қылмыстық қудалау органының рұқсатымен ғана хабарлауға болады.

Журналист оған сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейі емес, Дарбаевты қамауға алу туралы ақпаратты растау немесе теріске шығару қажет екенін нақтылады. Жауап ретінде Баянова ханым тіпті сот қабылдаған қаулы туралы ақпарат сотқа дейінгі тергеу материалдарына жататынын айтты.

9 қыркүйекте Стас Киселев «Время» газетінде соттың баспасөз хатшысымен болған әңгімені сипаттайтын «Молчание – дорого» деген мақаласын жариялады.

Келесі күні Нұр-Сұлтан қаласы сотының баспасөз қызметі Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысымен Қостанай облыстық сотының сот алқасының төрағасы А.Х. Дарбаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғанын хабарлады.


10 қыркүйек

Көркем Үсібалиева, «Отырар» ТК (Шымкент қ.)

Шымкентте судья орыс тілінде ақпарат беруден бас тартты

Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бәйдібек Дүйсенбеков «Отырар» телеарнасының журналисі Көркем Үсібалиеваға орыс тілінде ақпарат беруден бас тартты.   

Судья брифинг өткізді, онда БАҚ өкілдеріне қаңтар оқиғасына қатысушылардың үкімі өзгергені туралы айтты.  Б.Дүйсенбеков сөзін аяқтағаннан кейін журналист деректерді орыс тілінде айтуды өтінді. Судья «жоқ, біз қазақ тілін ілгерілетуіміз керек, мен тек қазақ тілінде сөйлеймін, осының бәрін өзіңіз аударасыз», - деп жауап берді. Қ. Үсібалиеваның: «Бізде екі редакция бар. Материал қазақ тілінде, сондай-ақ орыс тілінде шығады», дегеніне судья: «Жоқ, егер біз болмасақ, қазақ тілін кім дамытады. Аударыңыздар», - деді.


10 қыркүйек

Көркем Үсібалиева, Tengrinews.kz (Шымкент)

Шымкент әкімдігі жол сапасына қатысты сауалдарға жауап бергісі келмеді

Шымкенттегі жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының басшысы Мұхтар Дүйсембеков журналистер үшін брифинг өткізді. Жиында ол қаладағы жолдардың 50 пайызының сапасыз екенін айтты.
Tengrinews.kz сайтының тілшісі Көркем Үсібалиева түсініктеме алу үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүгінді. Басқарманың баспасөз хатшысы журналистен «міндетті түрде түсініктеме керек пе?», «мақаланы олардың пікірінсіз беруге бола ма?» деп нақтылады. Ол тіпті сұхбат беретін адамның ауырып қалғанын айтты. Журналист сұхбатты талап етті. Баспасөз хатшысы жол сапасына жауапты маманның нөмірін жіберді. Алайда ол қоңырауларға жауап бермеді. Журналист басқарманың бұрынғы баспасөз хатшысына жүгінуге мәжбүр болды.  Осыдан кейін ғана басқарманың маманы Жол активтерінің сапасы орталығының сапасыз жолдар туралы ақпараты шындыққа сәйкес келмейтіні туралы хабарлама жіберді.


11 қыркүйек 

Елена Чернышова, Ratel.kz (Петропавл қ.)

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы журналистке емхана туралы сұраққа жауап берген жоқ

Петропавлда қоғам белсенділері қаланың ірі және қаржы жағынан табысты емханаларының бірін басқа қаладан ЖСШға басқаруға беру мүмкіндігіне алаңдаулы, деп хабарлайды Ratel.kz тілшісі Елена Чернышова. Бұл туралы қоғам мүшелеріне «сенімді ақпарат көзі» хабарлады, бірақ билік бұл қауесеттерді растамайды және жоққа шығармайды.
Тамыздың 20-да Ratel.kz сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына жүгінді. Баспасөз қызметі кейінірек жауап беруге уәде берді. 11 қыркүйекке дейін журналист жауап алған жоқ.


12 қыркүйек

Интернет (Қазақстан)

Балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары бекітілді

6 қыркүйекте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің бұйрығымен балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары бекітілді.

Ережелерде баланың кибербуллингі ұғымына анықтама берілген. Бұл жүйелі (екі және одан да көп) кемсітушілік сипаттағы іс-әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын және (немесе) телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған қандай да бір іс-әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған іс-әрекеттер.

Ережеде баланың кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді қарау тәртібі айқындалған.  Өтініштер үш жұмыс күні ішінде қаралады. Балаға қатысты кибербуллингтің расталған фактілері бойынша уәкілетті орган сараптама тобының шешімі негізінде ұйғарымды интернет-ресурстың меншік иесіне және (немесе) заңды өкіліне жібереді.

Интернет-ресурстың меншік иесі және (немесе) заңды өкілі ұйғарымды алғаннан кейін 24 сағат ішінде кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөнінде шаралар қабылдайды.
Бұйрық 2022 жылғы 12 қыркүйектен - оның алғашқы ресми жарияланған күннен 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


12 қыркүйек 

Orda.kz (Алматы қ.)

Қаржы мониторингі агенттігі журналистерге «KCell» және «Қазақтелеком» туралы сұрақтарға жауап бермеді

Orda.kz қаржы мониторингі агенттігіне «KCell» АҚ үлесін сату, «Транстелеком» АҚ-ны иеліктен шығару және «Қазақтелеком» АҚ-ны монополиясыздандыру жөніндегі мәміледен мемлекетке келтірілуі мүмкін залалға қатысты сұрау жіберді. Атап айтқанда, журналистер Агенттік «Транстелеком» АҚ және «KCell» АҚ үлестерінің сатылуына талдау жүргізді ме, жоқ па, сондай-ақ телекоммуникациялық нарықты монополиясыздандыру жөніндегі Агенттік басшылығының қандай шаралар қабылдағаны туралы сұрады.

Редакция ведомство бұл сұрақтарға жауап бермеді, қысқаша берілген түсініктемеде: «сотқа дейінгі тергеу тіркелген жоқ деді», -деп хабарлайды.


13 қыркүйек 

Диас Кузаиров, блогер (Павлодар қ.)

Блогер билік өкілін қорлағаны үшін кінәлі деп танылды

13 қыркүйекте блогер Диас Кузаиров әлеуметтік желі арқылы билік өкілін қорлағаны үшін (ҚР ҚК 378-бабы, 2-бөлігі) кінәлі деп танылды. Оған 20 АЕК (61260 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Үкімді Павлодар қалалық №2 сотының судьясы Әбжапаров Өрнек Жұманұлы шығарды.

16 мамырда сағат 23:14-те полиция қызметкерлері Кузаировтың үйіне ұлтаралық араздықты қоздыратын қылмыстық іс бойынша жауап алуға шақыру қағазын тапсыру үшін келді. Диас уақыт кеш болғандықтан әрі баласы ұйықтап жатқандықтан шақыру қағазын алудан бас тартты. Алайда полиция кетпеді. Кузаиров полицейлерді шектен шықты деп бұны өзінің Youtube каналында тікелей эфирде көрсетті.

Полиция билік өкілін қорлады деп қылмыстық іс қозғады. Ресми сараптама «шектан шығу» сөзін полиция қызметкерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды деген қорытындыға келді.
Блогердің адвокаты ұсынған балама сараптама «шектан шығу» қорлау емес екенін көрсеткен. Өйткені, қорлайтын сөздер ең алдымен қорлау сөздері мен сөз тіркестерінен тұрады.
Диас Кузаиров пен адвокаты Павлодар қалалық №2 сотының үкімімен келіспейді. Шағымдануға ниетті.


13 қыркүйек

Марат Әсіпов, Ratel.kz (Алматы қ.)

Қызылорда облысы әкімі ұлының үйлену тойы туралы ақпаратты отбасылық құпияға жатқызды

Тамыз айында әлеуметтік желілерде The Ritz-Carlton қонақ үйінде өткен үйлену тойының фотосы жарияланды. Фотода Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының үйленгені сипатталып хабарланған. Іс-шараның құны шамамен 260 млн теңгені құраған.

15 тамызда Ratel.kz облыс әкімдігіне ресми сауал жолдап, онда саяси мемлекеттік қызметшінің мұндай үйлену тойын қандай табыстарға өткізгені, табыстары туралы декларацияда салтанатқа жұмсалған шығындар көрініс тапқаны және Нәлібаевтар отбасының облыс әкімінің жалақысынан басқа тағы қандай қосымша табыстары бар екендігі туралы түсініктеме беруін сұрады. 24 тамызда редакция Қызылорда облысы әкімдігінен сұрау салуға жауап дайындау үшін әкімдікке тағы 15 күн қажет екендігі туралы хат алды.

12 қыркүйекке қараған түні редакция Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Е.Қарабалаевтың қолы қойылған жауап алды, онда сұралған ақпаратты беру мүмкін емес, өйткені ол жеке және отбасылық құпияны делінген.

 

13 қыркүйек 

Катерина Попкова, Нұрсұлтан Аббаз, Самат Қазанбаев, «Хабар 24» ТК (Шымкент қ.)

Шымкентте мектеп күзетшісі мен меңгерушісі «Хабар 24» журналистеріне түсірілім жүргізуге кедергі жасауға тырысты

13 қыркүйекте тілшілер Катерина Попкова, Нұрсұлтан Аббаз, сондай-ақ телеоператор Самат Қазанбаев №12 орта мектепті түсіруге келді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшылығының мәліметінше, аталған мекемеде комиссия санитарлық нормалардың бұзылуын тапқан.  Түсірілім тобы мектептің мекен-жайы жазылған тақтаны түсірмек болған. Алайда күзетші тілшілерді итеріп, содан кейін телеоператорды да итеріп жіберді.

БАҚ өкілдері ер адамға жауапкершілік туралы ескертті. Жауап ретінде ол камераны тартып алуға тырысты. Осыдан кейін ғимараттан мектеп меңгерушісі шығып, түсірілімді тоқтатуды талап етті. Оның айтуынша, журналистер түсірілімге жазбаша рұқсат әкелуі керек. Бірақ ол нақты кімнен екенін айтпады. Қауіп-қатерлерге қарамастан, түсірілім тобы материал үшін қажетті кадрларды түсірді, содан кейін ол «Жаңалықтар» бағдарламасында жарық көрді.

 

14 қыркүйек 

Vlast.kz, Азаттық радиосы, Ulysmedia.kz (Алматы қ.)

Журналистер Қарақалпақ диаспорасының белсенділерін ұстау туралы полициядан ақпарат ала алмады

13 қыркүйекте Алматыда Қарақалпақ диаспорасының белсенділері Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетов ұсталды. Бұл туралы журналистерге Қарақалпақ диаспорасы мүшелерінің бірі Ақылбек Мұратбай хабарлады. Ол сондай-ақ ұсталғандардың бірі - Қ.Төремұратовқа «конституциялық құрылымға қол сұғушылық» және «қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін материалдарды дайындау, тарату және көрсету» айыптары тағылғанын айтты.

Азаттық радиосы мен Vlast.kz журналистері Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне түсініктеме алу үшін хабарласты. Алайда, баспасөз қызметінің нөмірлері бойынша ешкім қоңырауларға жауап берген жоқ. Қазақстан ІІМ өкілі Азаттыққа ұсталғандар жайлы «білмейтінін» айтты.

Сондай-ақ Ulysmedia.kz журналистері де полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласа алмады. Баспасөз қызметінің өкілі қоңырауларға да, хабарламаларға да жауап берген жоқ.


14 қыркүйек 

Темірлан Еңсебек, Qaznews24 (Алматы қ.)

Сатиралық пабликтің авторына қатысты қылмыстық тергеу тоқтатылды

Qaznews24 сатиралық пабликтің әкімшісі Темірлан Еңсебекке қатысты 2021 жылғы мамырда басталған көрінеу жалған ақпарат тарату туралы іс бойынша қылмыстық тергеу тоқтатылды. Бұл туралы Темірлан «Медиазона» редакциясына хабарлады.

Еске сала кетейік, қылмыстық іс сатиралық пабликтегі жарияланымдарға байланысты ашылған болатын.  Еңсебектің жарияланымдары Instagram-да «әзілмен жалған жаңалықтар негізінде сатиралық контекс. Адамдармен, оқиғалармен кез-келген сәйкестік-бұл абсолютті кездейсоқтық» деп ескертілген.

Құқық қорғау органдары «бұл аккаунтта орналастырылған ақпарат қоғам тарапынан аралас реакция тудырды, өйткені ол халықты дұрыс емес ақпараттандырды және азаматтарды адастырды» деп мәлімдеді.
Темірлан Еңсебекті көптеген құқық қорғау ұйымдары қолдады.

«Әділ сөз»  өзінің мәлімдемесінде: «ҚР ҚК 274-бабы сатира мен әзілге ешқандай қатысы жоқ. ( ... ) Шығармашылық бостандығы – сөз бостандығының ажырамас бөлігі. Бұл автордың өз шығармаларының тақырыптарын, көркемдік әдістерін, әдістері мен принциптерін таңдауға табиғи құқығы» деген болатын. «Шекарасыз репортерлар» құқық қорғау ұйымы өзінің Twitter аккаунтында Қазақстан билігін «сөз бостандығын құрметтеуге» шақырған. «Әзіл қылмыс емес!» - делінген Твиттердегі «Шекарасыз репортерлар» ұйымының жазбасында.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекке қатысты «негізсіз істі» тоқтатуға шақырды. Блогерді FactCheck.kz. порталының редакциясы қолдады.

Темірланның адвокаты Жанар Балғабаева «Медиазона» тілшісіне берген сұхбатында сотқа дейінгі тергеу аясында— лингвистикалық және саяси екі сараптама жүргізілгенін айтқан. Адвокаттың айтуынша, екі зерттеудің де тұжырымы әзіл-оспақ мазмұнын жалған ақпарат ретінде анықтау мүмкін емес.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.


14 қыркүйек 

Жауқазын Жұмағұлова, Мереке Сүлейменов (Павлодар ауданы, Павлодар облысы)

Сот ауыл әкімінің ар-намысты қорғау туралы арызын қанағаттандырудан бас тартты

Павлодар қалалық соты Григорьевка ауылдық округінің әкімі Виталий Бруцкийдің ауылдастары - Жергілікті өзін-өзі басқару төрағасы Жауқазын Жұмағұлова мен жергілікті өзін-өзі басқару мүшесі Мереке Сүлейменовке қоятын талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, әкім ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы, ақпаратты теріске шығару және әрбір жауапкерден 500 мың теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінген болатын.
Ж.Жұмағұловаға қатысты арыз әлеуметтік желілердегі видеоға байланысты берілген. Онда ол Бруцкийдің досына 18 гектар жер рәсімдегенін, ал учаскенің өзі қараусыз қалғанын қалдықтарға толып кеткенін және т. б. айтады.

М.Сүлейменовке Виталий Бруцкий «Депутатқа сұрақ» WatsApp-чатында жіберілген дауыстық хабарламаға байланысты сот ісін қозғады, онда автор ауылдық округ әкімін әрекетсіздік жасады деп айыптайды.


15 қыркүйек

Анастасия Новикова, «Отырар» ТК (Шымкент қ.)

Полиция департаменті мен Антикор журналистің сұрағын елемеді

Түркістан облысының тұрғыны «Отырар» телеарнасының редакциясына хабарласып, оның ағасын аймақ полицейлері азаптағанын айтқан. Әйелдің айтуынша, қатаң әдістермен тәртіп сақшылары айғақтарды алып тастаған.  Бұл оқиғаны анықтау үшін 26 тамызда телеарна тілшісі Анастасия Новикова аймақтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне, сондай-ақ полиция департаментіне ресми сұрау жіберді.  Екі бөлім де журналистің сұрауын елемеді.  Анастасия Новикова түсініктеме ала алмады.


15 қыркүйек

БАҚ (Шымкент)

Шымкенттегі жергілікті полиция қызметінің экс-басшысының туыстары БАҚ өкілдерін балағаттады

15 қыркүйекте Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотында мегаполистің белгілі полицейіне қатысты үкім шықты. Сот отырысы басталмай тұрып, сотталушының туыстары БАҚ өкілдерімен жанжалдасып, сот үкімін видеоға түсіруге тыйым салды. Олар камераларды кіргізбеуді талап етті. Бірақ бұл ашық сот отырысы болғандықтан, судья тек айыпталушыны ғана түсіруге тыйым салды.
Сот үкімі жарияланған соң айыпталушының туыстарының бірі журналистерге балағат сөздер айтты. Туыстарының қылығын операторлар түсіріп алған.

 
15 қыркүйек

Гүлбану Әбенова (Нұр-Сұлтан)

Гүлбану Әбенова Facebook желісіндегі жазбалары үшін өзіне қысым көрсету әрекеттері туралы хабарлады

Журналист Гүлбану Әбенова өзі жұмыс істейтін университетке оның әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты қоңыраулар түсе бастағанын айтты. Әбенова Facebook-тегі оншақты жазбасының тақырыбына айналған Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің реакциясы осылай дейді.

Еске сала кетейік, 2 қыркүйекте елорданың Байқоңыр ауданының соты Саясат Нұрбектің Гүлбану Әбеновадан 1 миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын қанағаттандырған болатын. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Мониторинг «Әділ сөз» қоры тілшілерінің және ашық көздерден алынған ақпараттар бойынша дайындалды.

«Әділ сөз» қорының мониторинг қызметінің жетекшісі Елена Цой 

e-mail: lena@adilsoz.kz 

Мониторингке қатысты сұрақтар бойынша info@adilsoz.kz ке хабарласуға болады.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз