1, 3 қыркүйек
Elmedia, Instagram аккаунты (Алматы)
Elmedia-ның Instagram-дағы бірқатар жазбалары жалған шағымдардан кейін бұғатталды
Elmedia редакциясы Instagram аккаунтындағы бірқатар жазбалардың жалған шағымнан кейін бұғатталғанын хабарлады.
1 қыркүйекте редакция белгісіз тұлғалардың материалдарды өшіру үшін Meta-ның автоматты модерация жүйесін пайдаланғанын хабарлады.
Редакция мәліметінше, шағымдар dexterislmai@gmail.com электрондық поштасынан жіберілген. Белгісіз тұлғалар өздерін контенттің құқық иелері ретінде таныстырып, DMCA рәсімін (платформалардың авторлық құқықтың бұзылуына қатысты шағымдарды қарау тәртібін) пайдаланған.
Нәтижесінде бірқатар материалдар, оның ішінде кәсіпкер Александр Машкевичке қатысты тергеу туралы видео, Назарбаевтар әулетінің активтерін тазарту туралы материал, кәсіпкер Сергей Ильиннің қаржы полициясының қызметі туралы монологы, сондай-ақ Гүлжан Ерғалиеваның отбасына жасалған шабуыл туралы эфир бұғатталды.
Elmedia материалдарының платформа тарапынан алдын ала қолмен тексерілместен өшірілгенін мәлімдеді. Редакция материалдарды қалпына келтіру үшін қарсы шағым дайындап жатыр.
Дереккөз: https://t.me/elmedia_kz/8917
3 қыркүйекте Elmedia шабуылдың жалғасып, ауқымы кеңейе түскенін мәлімдеді. Редакцияның мәліметінше, бұл жолы шағымдар әртүрлі аты-жөні мен электрондық пошта адресін пайдаланған қолданушылардан түскен, ал шағым мәтіндері ағылшын тіліндегі стандартты хабарламаларға ауыстырылған.
Elmedia мәліметінше, бұл жолы экономикалық тақырыптағы материалдар да өшірілді. Олардың қатарында экономистер Расул Рысмамбетов пен Арман Бейсембаевтың банк секторы, халықтың шамадан тыс кредитке тәуелділігі және нақты экономиканың тоқырауы туралы видеолары бар. Редакция болып жатқан жағдайды сыни материалдарды жүйелі түрде өшіруге бағытталған әрекет деп санайды.
1 қыркүйек
Жанна Байтелова, журналист (Алматы облысы)
Жанна Байтелованың Facebook-тегі аккаунтына бұғат қаупі төнді
Журналист Жанна Байтелова Facebook желісінде авторлық құқықты бұзды деген шағымнан соң материалдар өшірілгенін хабарлады. Енді оның аккаунтына бұғатталу қаупі төніп тұр. Байтелова тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым туралы және басқа да қоғамдық маңызы бар тақырыптарды жазады.
Журналист айтуынша, Facebook парақшасында бөліскен жазбаларды өшіре бастаған. Олардың арасында Лұқпан Ахмедьяров, Айжан Хамит, Рауль Упоров және басқа да авторлардың материалдары бар. Байтелова жариялаған скриншоттардан бірнеше жазбаның 28 және 29 тамызда «Авторлық құқық» белгісімен өшірілгені көрінеді.
Байтелованың айтуынша, шағымдар жазба авторларының атынан түскен, алайда шағым жіберілген электрондық адрестер олардыкі емес. Авторлар Meta-ға материалдарын өшіру туралы талаппен жүгінбегендерін айтқан.
Журналист жазбалардың өшірілуі тек қоғамдық-саяси контентке қатысты емес екеніне де назар аударды.
Байтелова: «Meta қашаннан репосттарды авторлық құқықты бұзу деп санай бастаған? Бұл қауіпті, өйткені жаппай заңбұзушылық үшін парақшаң бұғатталуы мүмкін», - деп жазды.
Бұл іске қатысымыз жоқ деген адамдардың атынан әртүрлі электрондық адрестерден бірқатар шағымның түсуі журналистің аккаунтына қарсы үйлестірілген әрекеттер болуы мүмкін. Жазбаларды өшірер алдында Meta шағым түсірушілердің жеке басын және олардың контентке қатысты құқықтарын қалай тексеретіні ашық қалып отыр.
6 қыркүйек
Ботагоз Омарова, «Айтпа, Ботагоз!» (Қараганды)
Facebook Ботагөз Омарованың аккаунтының жұмысын авторлық құқықты бұзды деген күдікпен тоқтатты
Журналист Ботагөз Омарова 2026 жылғы 23 тамызда Facebook аккаунтының жұмысы тоқтатылғанын хабарлады. Платформаның хабарламасына сәйкес, аккаунт басқа қолданушыларға көрінбейді, Омарова оны пайдалану мүмкіндігінен айырылған.
Facebook бұғаттауға себеп ретінде зияткерлік меншік құқықтарына, оның ішінде авторлық құқыққа қатысты ережелерді қамтитын Пайдаланушы келісімінің талаптары бұзылғанын көрсетті. Алайда санкцияға негіз болған нақты материал немесе жазба хабарламада көрсетілмеген.
Facebook Ботагөз Омароваға шешімге шағымдану үшін 175 күн қалғанын хабарлады. Егер апелляция берілмесе, аккаунт біржола өшірілуі мүмкін. Сондай-ақ платформа аккаунтты қайта тексеру үшін қолданушыдан қосымша ақпарат талап етілуі мүмкін екенін ескертті.
7 қыркүйек
Мирас Нұрмұханбетов, Elmedia (Алматы)
Elmedia журналисі Facebook аккаунтының бұғатталғанын хабарлады
7 қыркүйек күні таңертең Elmedia редакторы Мирас Нұрмұханбетов авторлық құқықты бұзды деген себеппен жазбасы өшірілгені туралы хабарлама алған. Әңгіме оның метрода түсірген, жастардың ән айтып тұрғаны бейнеленген қысқа видео туралы болды. Нұрмұханбетов видеоны өзі түсірген.
Журналистің айтуынша, бірден шағымдану мүмкін болмаған, өйткені хабарламада видеоға құқығын талап еткен адамның аты-жөні көрсетілмеген.
Кейін Нұрмұханбетов аккаунтының бұғатталғаны туралы жаңа хабарлама алған. Журналистің мәліметінше, 2026 жылғы ақпаннан тамызға дейін жариялаған бірнеше материалына қатысты шағым AMR ABD ELHADY аккаунтынан түскен. Шағым иесі өзін жарияланған материалдардың авторы ретінде көрсеткен.
Нұрмұханбетов аккаунттың бұғатталуына шағым түсірді. Айтуынша, парақшасы шамамен 16 жыл жұмыс істеп, 12 мыңға жуық жазылушы жинаған. Парақшада әр жылдары жарияланған мәтіндері, фотосуреттері мен видеоматериалдары болған.
Бұғатталғаннан кейін журналист жаңа аккаунт ашып, жазылушыларымен байланысын жалғастырып жатқанын хабарлады.
11 қыркүйек
Диана Окремова, Гүлмира Біржанова, «Құқықтық медиа-орталық» (Астана)
Facebook авторлық құқыққа қатысты шағымдардан кейін Құқықтық медиа-орталық басшылары аккаунттарының жұмысын тоқтатты
Құқықтық медиа-орталық басшылары Диана Окремова мен Гүлмира Биржанованың Facebook аккаунттары авторлық құқықтың бұзылғаны туралы бірқатар шағымнан кейін қолжетімсіз болды.
Құқықтық медиа-орталықтың мәліметінше, екі жағдайда да әрекет ету тәсілі ұқсас болған. Алдымен белгісіз қолданушылар авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымданған содан кейін Facebook жазбаларды өшірген. Кейін жаңа шағымдар түскен, Facebook жағдайды бірнеше рет бұзу дерегі ретінде бағалап, аккаунттардың жұмысын тоқтатқан.
Шешімге шағымдану кезінде әлеуметтік желі шағым берген адамға тікелей жүгінуді ұсынған. Контентті өшіру алдында платформа толыққанды қосымша тексеру жүргізбеген.
Құқықтық медиа-орталық мамандары аккаунттарға қайта қол жеткізген жағдайда да бұрынғы контентті қалпына келтіру мүмкіндігіне алаңдайды. Өшірілген материалдар біржола жоғалуы мүмкін.
9 қыркүйек
Интернет (Қазақстан)
IT-бауырсақи Қазақстандағы интернет-ресурстарға қолжетімділікке қатысты ақау мен қиындықтар туралы хабарлады
Telegram-дағы IT-бауырсақи арнасы Қазақстанда соңғы бір жылда болған интернеттегі ақау, бұғат және жекелеген онлайн-ресурстарға қолжетімділік мәселелеріне шолу жариялады.
Осы кезеңде қолданушылар бірқатар интернет-ресурста ақауға және қолжетімділіктің шектелуіне тап болған. Олардың қатарында Telegram, GitHub, share.google, kaztag.kz, HDrezka және ua.tribuna.com бар.
Жазба авторларының пікірінше, кейбір жағдайдың себептері түсініксіз. Олар техникалық ақауға, трафикті сүзу жүйелерінің жұмысына немесе жекелеген ведомстволардың әрекеттеріне байланысты болуы мүмкін.
Атап айтқанда, ақпанда IFKZ (Internet Freedom) мамандары KazTAG сайтында. (трафикті ұстап қалу әрекетіне өте ұқсас болған) сертификат қатесін тіркеген. Оқиға резонанс тудырған материал жарияланғаннан кейін орын алған.
Тамызда Telegram ел бойынша бірнеше сағатқа жұмысын тоқтатты. «Қазақтелеком» ақауға сыртқы пирингке қатысты проблемалар себеп болғанын түсіндірді. Редакцияның жазуынша, VPN қолданған кезде мессенджерге қолжетімділік қалпына келген.
IT-бауырсақи мұндай ақау мен шектеулердің себептері ашық түсіндірілмейтініне назар аударды. Бұл қолданушыларға ресурстың қолжетімсіз болуы техникалық ақаудан ба, әлде қолжетімділікті шектеуден болды ма түсінуге мүмкіндік бермейді.