09 қаңтар
Қоғам (Әлем)
Meta контентті модерациялау саясатын өзгертеді
7 қаңтарда Meta контентті модерациялау саясатында өзгерістер туралы жариялады. Компания АҚШ-тағы үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасын тоқтатады және пайдаланушылар постқа контекст қосатын Community Notes моделіне көшеді. Meta пікірінше, X (Twitter) платформасында сәтті қолданылған бұл тәсіл объективті ақпарат беруге көмектеседі. Community Notes үлгісін алдағы бірнеше ай ішінде АҚШ-та кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
Meta иммиграция, гендерлік сәйкестік және гендер сияқты тақырыптарды талқылаудағы кейбір шектеулерді алып тастауды жоспарлап отыр.
Әлеуметтік желінің хабарламасында: «Теледидарда немесе Конгрессте қандай да бір тақырыпты талқылауға болады, ал біздің платформаларымызда тыйым салынғаны дұрыс емес. Осы саясаттағы өзгерістерді толық жүзеге асыру бірнеше аптаға созылуы мүмкін», – делінген.
Meta сондай-ақ контент модерациясына деген көзқарасын өзгертуді жоспарлап отыр, бұл материалдарды шамадан тыс жоюды азайту үшін жасалуда. Мәселе автоматты жүйелердің тым жиі қателесіп, заңды талқылауларды өшіріп тастауынан туындаған. Осы себепті Meta бұл жүйелерді терроризм, балаларды сексуалдық пайдалану, есірткі, алаяқтық және схемалар сияқты заңсыз және ауыр құқық бұзушылықтарға қарсы күреске бағыттамақ.
Компания саяси контентке қатысты неғұрлым жеке тәсілді енгізуді де жоспарлап отыр. 2021 жылдан бері оны көрсетуге шектеу қоюдың орнына, енді пайдаланушылар өз қалауларына қарай көбірек саяси жазбаларды ала алады. Контент лайктар мен қаралымдар сияқты айқын және жасырын сигналдарға негізделіп, ленталарда көрсетіледі, бұл пайдаланушыларға анағұрлым сәйкес ақпаратты ұсынуға мүмкіндік береді.
11 қаңтар
Қоғам (Қазақстан)
Telegram 2024 жылы Қазақстан құқық қорғау органдарына 500-ге жуық пайдаланушының деректерін берген
Zakon.kz Telegram мессенджерінде «деректердің ашықтығы туралы есепті» жариялайтын ресми Transparency Reports боты пайда болды. Онда жергілікті құқық қорғау органдарынан түскен сұраулар саны мен берілген деректер көлемі көрсетіледі, деп хабарлайды.
Осы есепке сәйкес, 2024 жылы Telegram Қазақстан құқық қорғау органдарынан түскен 74 сұрауды қанағаттандырып, 496 пайдаланушыға қатысты IP-адрес пен/немесе телефон нөмірлерін ұсынған.
Мессенджердің құпиялылық саясатының 8.3-тармағына сәйкес, пайдаланушылардың деректері уәкілетті органдарға берілуі мүмкін.
Telegram-ның құпиялылық саясатының 8.3-тармағында: «Егер Telegram құзырлы сот органдарынан сіздің Telegram пайдаланушы келісімін бұза отырып, заңсыз әрекетке қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті екеніңізді растайтын ресми сұрау алса, біз сұрауға заңдық талдау жүргіземіз және сіздің IP-адресіңіз бен телефон нөміріңізді тиісті органдарға беруіміз мүмкін. Егер қандай да бір деректер берілсе, біз оларды әр үш ай сайын ресми арнада жаңартылатын есепте көрсетеміз: https://t.me/transparency», – деп көрсетілген.
Telegram деректерді беру туралы есепті әр үш ай сайын жаңартып отыруға уәде береді, келесі есеп 2025 жылдың сәуірінде беріледі.
15 қаңтар
Қоғам (Қазақстан)
Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі жасалмақ
Қазақстан Парламенті Мәжілісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы қаралуда. Заң жобасы шеңберінде ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталған адамдардың жария тізілімін құру ұсынылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов тізім профилактикалық құрал екенін түсіндірді. Мұндағы басты мақсат – қоғамдық айыптау арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлық туралы жазатын ProTenge зерттеу жобасы жемқор шенеуніктердің тізімін құру «сыбайлас жемқорлықпен күрескті имитациялаудан басқа ештеңе емес», деп санайды.
Редакцияның жазуынша, тізім мәселенің себептеріне емес, салдарына назар аударады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес ашық әрі ұрлық іс жүзінде мүмкін болмайтын жағдай жасалғанда ғана нәтижелі болады.
ProTenge сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін шенеуніктердің кірістері мен активтері туралы декларация жариялауды, Президенттің Іс басқармасы шығыстарының ашықтығын қамтамасыз етуді және пайдалану туралы ақпаратпен қайтарылған активтердің тізілімін құруды ұсынады.
Басылым бедел институты болмаса, сыбайлас жемқорлар тізімінің мағынасы жоқ дейді, өйткені сотталғандар мұндай тізімге енгізілгеніне қарамастан қауіпсіз өмір сүре береді. Тізім сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нақты шарасынан гөрі PR-акция болып табылады деп жазады.
16 қаңтар
БАҚ (Қазақстан)
Көлік министрлігі Ақтаудағы әуе апаты туралы бейресми ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты
Көлік министрлігі Ақтаудағы әуе апаты туралы ақпараттың бейресми көздеріне түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.
15 қаңтарда ресейлік Ваzа Telegram-каналы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағы ұшқыштарының Грозный, Ростов және Ақтау диспетчерлерімен сөйлескен сөздерінің толық жазбасын жариялады. Одан әуе кемесінің қону орны туралы шешімді экипаждың өзі қабылдағаны шығады.
Келесі күні, 16 қаңтарда Қазақстан көлік министрлігі ҚР Көлік министрлігінің әуе оқиғасын тергеу жөніндегі комиссиясы болған оқиғаның себептерін анықтау үшін жұмысын жалғастырып жатқандығы туралы ақпарат жариялады.
Сондай-ақ, көлік министрлігі алдын-ала есеп жарияланғанға дейін Комиссия интернеттен ешқандай ресми дереккөзі жоқ мәліметтерге түсініктеме бермейді деді.
Есеп ҚР заңнамасының және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының Баку – Грозный жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ресми дерек бойынша апат салдарынан 38 адам қаза тапты, оның ішінде алты Қазақстан азаматы, балалар да бар. Қазақстанда апат фактісі бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
09 қаңтар
Интернет (Қазақстан)
ҚМДБ «кибербуллингке қатысты» патуә жариялады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) өзінің ресми сайтында «кибербуллингке қатысты патуә» жариялады.
ҚМДБ кибербуллинг — бұл интернет немесе мобильді желі арқылы біреуді қорқыту, кемсіту және қорлаудың бір түрі екенін атап көрсетеді.
ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі «Бұған өсек пен жалған ақпараттың таралуы, біреудің жеке жазбасын, фотосуретін, видеожазбасын жариялау қаупі, әлеуметтік желілерде біреуді қорлайтын жазба қалдыру және оны «лайкпен» қолдау, біреудің дінін немесе мәдениетін қорлау және т.б. жатады» деп нақтылайды.
Шариғат мазақ етуді, кемсіту және қорлауды айыптайды және мұсылмандарды бір-бірін құрметтеуге шақырады.
Хабарламада ҚМДБ кибербуллингке және басқа адамдарды қорлауға тыйым салуды растайтын қасиетті Құран мен хадистен үзінділер келтіреді.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты ҚМДБ-ның Ғұламалар Кеңесі кибербуллингке және оның кез-келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынады деген патуә шығарды.