27 наурыз.
БАҚ (Астана)
Фототілшілер Қуандық Бишімбаевтың сот процесін сот залынан көрсетуге мүмкіндік алды
27 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты негізгі сот отырысы басталды. Айыптау орынтағында оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен кісі өлімі орын алған Гастроцентр директоры Бақытжан Байжанов отыр.
Бұған дейін 11-12 наурызда іс бойынша алдын ала тыңдауға келген журналистер қиындықтарға тап болған еді. Зал тар болғандықтан журналистерді сот залына кіргізбей қойған. Оның үстіне фотографтар мен телеоператорлар тіпті хаттамалық түсірілім үшін де залға кіре алмады. Журналистер БАҚ өкілдеріне бөлінген бөлмедегі трансляцияның дыбыс сапасына шағымданды.
Осыған байланысты Қазақстан Журналистер одағы мәлімдеме жасап, отырыс залына операторларды кіргізу керек деген талап қойған еді. 30 журналист полицияға заңды кәсіби қызметтеріне кедергі жасау туралы арыз жазған. Мәселені шешуге Мәдениет және ақпарат министрлігі араласты.
Жоғарғы сот бұл сынға жауап берді. Наурыздың 27-сі күні сот залына операторлар мен фотографтардың кіруіне рұқсат етіліп, 30 және 50 орындық екі залда процесті көрсететін 80 журналист үшін сапалы хабар ұйымдастырылды.
Бұл іске қоғамның үлкен қызығушылық танытуына байланысты ашық тыңдаулар Жоғарғы Соттың YouTube, Telegram және басқа да ресми аккаунттарында да тікелей эфирде көрсетілуде.
28 наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Байланыс департаментінің басшысы Перизат Сәдуақас «Жоғарғы Соттың YouTube-каналындағы тікелей эфирге бір реттік қосылудың ең жоғары көрсеткіші 7 мыңнан астам адам қарады, жалпы қарағандар саны қазіргі уақытта 47 мыңнан асады», - деді.
«Әділ сөз» қоры қоғамды алаңдататын істер бойынша ашық сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету адамның негізгі құқықтары мен бостандығын сақтаудың маңызды алғы шарты деп санайды. Қор өз мәлімдемесінде Жоғарғы Соттың сот процестерінің ашықтығы
мен жариялылығына, БАҚ-пен жұмыс істеуіне және барлық демократиялық принциптерді қатаң сақтауға деген көзқарасын қолдайтынын білдірді.
26 наурыз.
Қоғам (Қазақстан)
Жеке деректерді қорғау бойынша ЦДИАӨМ-ның 12 функциясы әкімдіктерге беріледі
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша 12 функциясын Қазақстанның жергілікті атқарушы органдарына беру жоспарлануда. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Агенттік Роман Склярға сілтеме жасап «Осылайша, жергілікті атқарушы органдарға ақпараттық қауіпсіздікті, дербес деректерді, сондай-ақ электрондық құжаттар мен электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғауды қамтамасыз ету бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру құзыреті ұсынылды», деп хабарлайды.
Жергілікті атқарушы органдар өздерінің аумақтық бірлігі шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде квазимемлекеттік секторға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын болады.