23 мамыр
Exclusive.kz (Алматы )
Сот Exclusive.kz басылымынан мұнай трейдерінің пайдасына 1 миллион теңге өндірді
23 мамырда Алматының Медеу аудандық соты мұнай трейдері Эльдар Атаевтың «Эксклюзив» баспа үйі» ЖШС-не, бұрынғы жұбайына, қайын енесіне және шетелдік инвесторға байланысты, оның ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап арыз бойынша шешім шығарды.
Еске салайық, талап арыз Атаевтың бұрынғы жұбайы Меруерт Атаеваның шағымы бойынша дайындалған 2023 жылғы жарияланымдарға, сондай-ақ Exclusive журналының YouTube-та жарияланған бейне-таспасына байланысты берілген.
Exclusive.kz Эльдар Атаевтың редакция парақшасында өз пікірін білдіруге шақырғанын хабарлады. Жауап ретінде мұнай трейдерінің адвокаттары редакцияға сотқа дейінгі шағым жолдап, онда бұл жарияланымдарды алып тастауды ұсынды.
Даулы жарияланымдар басылымның интернет-ресурстарынан жойылмағандықтан, артынша редакцияға талап арыз келіп түскен. Эльдар Атаев Exclusive.kz-тен ақпаратты теріске шығаруды және моральдық шығынды өндіруді міндеттеуді талап етеді. Талап сомасы, сондай-ақ барлық сот шығындары 50 миллион теңгені құрайды.
23 мамырда сот даулы мәліметтерді шындыққа жанаспайтын, Атаевтың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін деп танып, талапты ішінара қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша «Эксклюзив» баспа үйі YouTube-арнасында, басылымның әлеуметтік желілердегі және интернеттегі барлық парақшаларында теріске шығаруы тиіс. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша жауапкерлер Эльдар Атаевқа әрқайсысы 1 млн. теңгеден төлеп, талапкерге сот шығындарын өтеуге тиіс.
23 мамыр
Антон Бударов, блогер (Алматы)
Сот блогер Антон Бударовты марқұм Салтанат Нүкенованың ар-намысына нұқсан келтіретін жарияланымды жоққа шығаруға міндеттеді
Сот блогер Антон Бударовты Салтанат Нүкенова туралы жарияланымды теріске шығаруды міндеттеді. Бұл туралы Нүкеновтердің адвокаты Дамир Ишмаметов Instagram желісінде хабарлады.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына Салтанат Нүкенованың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін ақпаратты шындыққа жанаспайды деп тану туралы талап арызбен жүгінді. Оған 2023 жылы 14 желтоқсанда Салтанатты айуандықпен өлтіру ісі тергеліп жатқанда, Бударовтың Instagram парақшасында жариялаған сториз себеп болды.
Талапкердің тарапы сотқа маманның «қарауға алынған сөздер мен сөз тіркестері теріс-бағалау мағынасында («жаман» элементі және оның лексикалық түрлері бар), адамның «айыптайтын» семантикасы мен тікелей теріс бағасын, қоғамға жат, әлеуметтік айыпталатын қызметке (маскүнемдік, нашақорлық абьюзерлік, алаяқтық) қатысты іс-әрекеттерді белгілеу» болып табылады деген қорытындысын ұсынды. Сондықтан олар (сөздер мен сөз тіркестері) Салтанат Нүкеноваға, оның отбасына және оның қадір-қасиетіне тікелей қатысы бар жағымсыз ақпаратты жеткізеді. Қаралған даулы мәлімдемелерде қайтыс болған С.А. Нүкенованың және оның отбасының ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер мен сөз тіркестері бар» (сот шешімінен үзінді).
20 мамырда сот Айтбек Амангелдінің талап арызын толық қанағаттандырды. Антон Бударов сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде Instagram-дағы бұл ақпаратты жоққа шығаруы керек. Сондай-ақ, сот блогерден марқұмның ағасының пайдасына 650 мың теңге сот шығынын өндіріп алды.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
27 мамыр
«ҚазТАГ» (Астана)
ҚазТАГ редакциясына сотқа дейінгі талап арыз түсті
19 сәуірде ҚазТАГ ақпараттық агенттігі «Бизнесмен: Справедливый Казахстан – НЕ для всех и НЕ для каждого. Сейчас или навсегда?» материалын жариялады. Материал баспасөз маслихатында сөйлеген «Ақбұлақ-Агро» ЖШС құрылтайшыларының бірі Руслан Шәкенов сөздерінен дайындалған. Онда ол жинаған дәлелдерге қарамастан ЖШС басқа құрылтайшысының ақшаны заңсыз алып қою фактісін құқық қорғау органдары тексергісі келмейтінін айтқан.
Ақпарат жарияланғаннан кейін кәсіпкерлердің өкілдері А.мен Р.Тоқбаевтар редакцияға хабарласып, Шәкеновтің ашық мәлімдемесін жоққа шығаруды, баспасөз мәслихатындағы бейнежазбаны және Шәкеновтің сөзіне дәлелдерді ұсынуды, сондай-ақ баспасөз мәслихатына қатысқан журналистердің деректерін ұсынуды талап етті.
ҚазТАГ хабарлағандай, сол хатта Тоқбаевтардың өкілдері аталған материалды алып тастауды және оған жауап ретінде сайтта тегін материал жариялау құқығын беруді талап еткен. Алайда адвокаттардың логикасы бойынша материалға жауап, жоюлуы тиіс ақпаратқа қатысты болмақ.
Редакция жауап хатында ақпараттың негізгі көзі Руслан Шәкеновтің өзі екенін, оның сөзі көпшілікке мәлім екенін айтып, барлық сұрақтарды бастапқы дереккөзге жолдау керектігін жазған.
27 мамырда елордалық Әділет департаментінің бас маманы Әсел Өтегенова ақпарат агенттігінің редакциясына телефон соғып, Тоқбаевтар отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Руслан Баримбеков ҚазТАГ-тың адвокаттық қызметке кедергі келтірді деген айыппен арыз жазғанын хабарлады Оған себеп ретінде сотқа дейінгі талап арызына жазбаша жауаптың жоқтығын алға тартты.
Алайда редакцияның хабарлауынша, ҚазТАГ Тоқбаевтардың өкілдеріне, соның ішінде Баримбековке екі рет – 2 және 22 мамырда сол заңгерлерден хат алған электронды поштаға жауап берген.
28 мамыр
Гүлназ Серікбаева, әлеуметтік желі қолданушысы (Қызылорда)
Сот әлеуметтік желіде суға кеткен мал мен Бишімбаевтің көріпкелі туралы әзіл жариялаған Қызылорда тұрғынын ақтады
29 сәуірде Қызылорда қаласында Facebook желісінде суға кеткен малдың өтемақысының жағдайы туралы әзіл-оспақ жазбасы үшін Гүлназ Серікбаеваға ҚР ӘҚБтК 456-2 - бабының 3-бөлігі бойынша – қоғамдық тәртіпті бұзуға жағдай жасайтын жалған ақпарат орналастырғаны үшін әкімшілік хаттама жасалды.
Сәуірдің 20-сы күні жарияланған жазбада былай делінген: «Тасқын суға кеткен малға өтемақы алу үшін малдың өлігін әкеліп дәлелдеу қажет екен. Өлексені таба алмасаңдар Бишімбаевтің көріпкеліне хабарласыңдар, 100% гарантия көмектеседі».
Іс материалдары Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді.
Гүлназ Серікбаева сотта өтемақы туралы ақпаратты БАҚ-тан («Азаттық» радиосы, «The Village Казахстан» және «24kz») білгенін айтып, өз кінәсін мойындамады.
Оның адвокаты бұл жазбадағы ақпараттың ресми тіркелген БАҚ-та жарияланғанын және оның жалғандығы немесе біреудің мүддесін бұзғаны туралы ешқандай дәлел келтірілмегенін растады.
Хаттама жасаған полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы сотта бұл постты департамент мониторинг кезінде анықтағанын айтты. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 17 сәуірдегі түсініктемелеріне қарамастан, 20 сәуірде Серікбаева жалған ақпарат таратқан. Яғни, «Азаттық радиосы» мен «The Village Казахстан» ресми сайт болып саналмайды, сонымен қатар бұл басылымдардағы деректер адамдардың ауызша мәлімдемелерінен алынған.
28 мамырда судья Г.Искакова жалған ақпарат тарату фактісі жоқ деген қорытындыға келіп, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Гүлназ Серікбаеваға қатысты әкімшілік іс өндірісін тоқтатты. Сот қаулысына қаулының көшірмесі ұсынылған күннен бастап 10 тәулік ішінде шағым жасалуы мүмкін.
28 мамыр
Александр Сизов, қоғамдық белсенді (Ақмола облысы)
Апелляциялық алқа мессенджердегі жазбасы үшін жала жапты деп айыпталған белсендіні ақтады
28 мамырда Ақмола сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жала жапқаны үшін кінәлі деп танылған Ақсу ауылының белсендісі Александр Сизовке қатысты әкімшілік іс жүргізуді тоқтатты.
Еске салайық, 19 сәуірде Степногорск қалалық соты Сизовты ҚР ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша 24 ақпанда QARABULAQ Gold (бұрынғы Adelya Gold) ЖШС алтын өндіру фабрикасынан қалдық қоймасына дейінгі пульпопровода магистралінің аумағында сұйықтықтың жарылуы мен ағуы туралы түсірілген бейне үшін кінәлі деп таныған болатын.
Александр Сизов сотқа оның көрінеу жалған ақпарат таратқанын көрсететін айғақтардың ұсынылмағанын айтып, шешімге шағымданды. Оның адвокаты Л.Омельяненко Ақсу тұрғынының шағымын қанағаттандыруды сұрады.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін бұзу туралы шешім қабылдады.
Сот ұйғарымынан анықталғандай, А.Сизов аталған құқық бұзушылық туралы хаттама негізінде ЖШС-нің қызметі туралы Ақсу және Кварцитка тұрғындарының арасында іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат жариялағаны үшін жала жабу бойынша кінәлі деп танылды.
Ал, ӘҚБтК-нің 73-3 бабы жеке тұлғаның ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғайды. Жала жабу көрінеу жалған мәліметтер тарату жөніндегі қасақана әрекеттерді талап етеді. Кінәлі олардың жалғандығын алдын-ала білуге және басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне немесе оның беделіне нұқсан келтіргісі келуі тиіс.
Осылайша, аппеляциялық алқа бірінші инстанциядағы сот А.В. Сизовтың әрекеттерін ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша қате саралады деп есептейді.
28 мамырда Ақмола облыстық соты А. Сизовтың апелляциялық шағымын қанағаттандырып, Степногорск қалалық сотының қаулысының күшін жойып, Ақсу тұрғынының іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты.
«Әділ сөз» қорының түсініктемесі
ӘҚБтК-нің 64-бабына сәйкес ӘҚБтК-нің 73-3-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту (жала жабу) жәбірленушінің өтініші негізінде ғана мүмкін бола алады.
Бұл ретте, Ақмола облыстық сотының заңды күшіне енген қаулысында белгіленгендей, 73-3-бап ӘҚБтК-нің 10-тарауында «Жеке адамның құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» болғандықтан, жәбірленуші тұлға заңды тұлға емес, тек жеке тұлға болады.
Демек, заңды тұлғалардың өтініштері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер ӘҚБтК-нің 73-3-бабы бойынша (жала жабу) қозғалмауы керек, ал қозғалған істер тоқтатылуы керек.
29 мамыр
«Қазақстан» РТРК (Астана)
Жоғарғы Сот Викрам Рузахуновтың талап арызы бойынша шешімді қайта қараудан бас тартты
22 мамырда Жоғарғы Соттың алқасы қырғыз джазмені Викрам Рузахуновтың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап бойынша апелляциялық алқаның шешімін қайта қарау туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Рузахунованың өкілі А.Жаназакова сотқа арызбен жүгінді.
Еске салайық, Викрам Рузахунов ҚР Ішкі істер министрлігіне таратылған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тану және көпшілік алдында ресми кешірім сұрау туралы талап арыз берген болатын Әңгіме оның 2022 жылғы қаңтар оқиғасының қатысушысы екенін мойындаған видеосы туралы болып отыр (кейінірек Викрам Рузахунов БАҚ-қа камераға өзін айыптауға мәжбүр болғанын айтты). Аталған видео 2022 жылдың 9 қаңтарында «Қазақстан» телеарнасында жарияланған.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық ІІД Рузахуновтың беделін түсіретін ақпаратты таратуға қатысы жоқ екендерін мәлімдеді.
«Қазақстан» телеарнасының өкілі бейнежазбаны нақты кім таратқанын айта алмағанымен, оны Ішкі істер министрлігінің Жедел штабы бергенін және мемлекеттік ақпараттық саясат аясында жарияланғанын айтты.
2023 жылғы 25 мамырда Астана қаласының Алматы аудандық соты Викрам Рузахуновтың талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Өткен жылдың 12 шілдесінде Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырып, талапкердің шағымын қанағаттандырған жоқ.
Дереккөз: сот қаулысы
30 мамыр
Ratel.kz, Tengrinews.kz ақпараттық агенттігі,
«Tipavlo.dar» сайты (паблик), Liter.kz,
«Наша жизнь» ақпараттық агенттігі, «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігі (Павлодар)
Бұрынғы полиция қызметкері алты БАҚ-қа берген арызын қайтарып алды
Сәуірдің 9-ы күні Павлодар қалалық сотына Павлодар қалалық полиция департаменті полиция бөлімшелерінің бірінің бұрынғы орынбасары Манас Мұқашев ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы арызбен жүгінді. Сотталушы ретінде М.Мұқашев алты бұқаралық ақпарат құралы – Ratel.kz, Tengrinews.kz ақпарат агенттігінің, «Tipavlo.dar» сайтының (паблик), Liter.kz, «Наша жизнь» ақпараттық агенттігінің және «Pavlodarnews.kz» ақпараттық агенттігінің иелерін көрсетті.
Сотқа талап арыз қоюға 2023 жылдың 14 қазаны мен 2024 жылдың 18 қаңтарында БАҚ-та жарияланған мақалалар себеп болды. Онда сол кезде жүктіліктің бесінші аптасында болған Солтүстік полиция бөлімінің аға лейтенанты Айниса Тахрадинованың жұмыс кабинетінде оны басшысы Мұқашевтың мас күйінде ұрып-соққаны, қызметтік тергеу баянатымен басталғаны және осы іске байланысты одан арғы оқиғалар туралы хабарлағаны баяндалады.
Даулы мақалалардың көпшілігі – жарияланымдардың қайта репосты.
Мұқашев журналистерге қатысты өз талап арыздын үнемі толықтырып отырды. Арыздың соңғы нұсқасын, Ratel.kz 2024 жылғы 6 және 7 мамырдағы жарияланымдарында және олардың LifePvl.kz сайтындағы («Наша жизнь» ақпарат агенттігі) репосттарында таратылған жалған және ар-намысты қорлайтын ақпаратты жоққа шығару талаптарымен толықтырылған.
Манас Мұқашев тараған ақпаратты шындыққа жанаспайды деп тануды, сотталушылардан моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге, соттағы өкіліне төлеуге кеткен шығын үшін 200 мың теңге, мемлекеттік баж салығын төлеу үшін 23 692 теңге, нотариустың қызметіне кеткен шығындары үшін 57 078 теңге өндіруді талап етті Сондай-ақ жауапкерлерден талапкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеуді сұрады.
«Наша Жизнь» ақпараттық агенттігінің мүддесін қорғайтын «Әділ сөз» заңгері Сергей Уткин талап арызға берген жауабында, ақпарат агенттігінің иесіне қойылған талаптар тұрғысынан арызды қанағаттандыруға болмайтынын көрсетті. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 26-бабына сәйкес, егер БАҚ шындыққа жанаспайтын ақпаратты уәкілетті органда тіркелген басқа бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған хабарламаларда, материалдарда немесе олардың үзінділерін таратса және сол БАҚ-қа сілтеме көрсетсе, онда ол БАҚ жауапты болмайды.
30 мамырдағы отырыста талапкер талап арызды қайтарып, оны қараусыз қалдыру туралы арыз берген.
Сот тиісті ұйғарым шығарды.