Тамыздың 10-ы.
Tirazh.kz (Щучинск қ.)
Щучинск әкіміне журналистің атына айтқан сөздері үшін сөгіс жарияланады
3 тамыз Tirazh.kz Instagram-паблигі Щучинск қаласының әкімі Олжас Нұрмағамбетовтың тұрғындар алдындағы жарты жылдық жұмысы туралы есеп қалай өткенін айтып берді. Кездесу Бурабай ауданы әкімдігінің парақшасында алдын ала хабарланды, бірақ эфир жазбасы жарияланбады.
Tirazh.kz «Олжас Нұрмағамбетовтың өз есебін жарияламауының бірнеше себептері бар», - деп жазды.
Алдымен тез шешілетін техникалық мәселелер сөз болды. Баяндамасын оқығаннан кейін Олжас Байболатұлы қатысушыларға сұрақ қоюды ұсынды. Сұрақ қойылғанша алдағы есеп беру кездесулері және қоқыс мәселесі қалай шешілетіні туралы айтты.
Tirazh.kz паблигі «Тұрғындар сұрақтарын қоя бастады, алайда Щучинск әкімі оларға жауап бермеді. Қоштасты, «камера тоқтады», - деп жазады.
Бірақ камера өшірілмей сұрақтар түсе берді. Кадр сртындағы дауыс қала тұрғындарының сұрақтары оқыла ма деп сұрады.
«Алайда, Мемлекет басшысының халық алдында ашық болу туралы саясатына қарамастан Олжас Нұрмағамбетов біз жариялай алмайтын басқа тілді қолданды» - деп жазды Tirazh. kz
Келесі күні Олжас Нұрмағамбетов Бурабай аудандық әкімдігінің парақшасында тікелей эфир кезінде Щучинск тұрғындарының атына жағымсыз, жаман сөздер айтылмады деп, ақпаратты жоққа шығарды.
Бір күннен кейін әкім Олжас Нұрмағамбетов өзінің Instagram парақшасында 2 тамызда эфирдің толық видеосын жариялап, оған: «бұл видеода тұрғындардың атына бірде-бір балағат сөз жоқ. «… пусть засунет в задницу свою страницу» деген сөздер үшін кешірім сұраймын. Бұл осындай эфир болды, қымбатты достар» деп жазды.
Осыған байланысты «ҚазТАГ» ХАА жолдаған сауалына Ақмола облысы әкімінің аппараты қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша Щучинск әкіміне қызметтік әдепті бұзғаны үшін сөгіс жарияланатынын хабарлады. Ақмола облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділованың түсіндіруінше, егер Щучинск қаласының әкімі осы жағдайға дейін жазаға тартылса, онда атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуі оның жұмыстан босатылуы туралы мәселе қойылатын еді.
Жанәділова: «Бұл фактінің Әдеп жөніндегі кеңесте қаралмайтынына келсек, бір жыл бұрын жаңашылдықтар қабылданған, егер басшы кінәсін мойындаса, іс кеңесте қаралмайды», - деп түсіндірді.
Бұл оқиғаға қатысты журналистердің сауалына жауап берген Ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі зардап шеккен журналист арыз жазса, министрлік әдеп жөніндегі комиссияға жүгінуге дайын екенін айтты.