Өзін кітаптағы кейіпкердің прототипімін деп санап, «маған жала жауып, ар-намысыма тиді» деген азаматтың талап-арызы бойынша өткен сотта әдеби кітаптың авторын кінәсіз деп тапты
"Ташаяқ" атты көркем әдеби шығарманың авторы Абдулжон Бараев пен кітап мәтінінің редакторы Малика Махамдиноваға Ү.Ибрагимовтің «маған жала жауып, ар-намысыма тиді» деп (ҚР ҚК 130, 131-бб) таққан жеке айыбына қатысты №2 Медеу аудандық сотының судьясы Ұлан Қишыбай «бұл істе қылмыстың құрамы жоқ» деп тауып, 2 маусымда ақтау үкімін шығарды.
Ү.Ибрагимовтің жеке шағыммен сотқа арыздануының себебі – оның Үсен деген аты кітаптағы кейіпкерлердің бірінің атымен сәйкес келеді. Кітапта өзі туралы айтылған деп санаған Ү.Ибрагимов соттан: А.Бараев пен М.Махамдинованы кінәлі деп танып, моральдық залалдың өтемақысы ретінде екеуінен 10 млн теңгені ортақ өндіріп беруді талап еткен.
Айыпталушы А.Бараевтың өтінішімен «Әділ сөз» қорының Қоғамдық сараптама орталығының маманы лингвистикалық сараптама жасап, «Көркем әдеби шығарамаға қатысты «шындыққа сәйкес келеді» деген өлшемнің күші жүрмейді, себебі көркем әдеби шығараманың авторы шынайы өмірді субъективті түрде ойдан құрастырып, өңдеген образ жасайды» деген қорытындыға келген. Осыған ұқсас қорытындыны ҚР Әділет министрлігінің Сараптама орталығының сарапшысы да жасаған.
Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының құқық қорғаушысы Ғалия Әженова сот процесінде бақылаушы ретінде қатысты.