Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің жағдайына қатысты «Әділ сөз» қорының мәлімдемесі

10 желтоқсан 2025

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «ҚазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаев пен агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық істің қозғалуына және тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде жол берілген заңбұзушылықтарға байланысты алаңдаушылық білдіреді.

Бүгін, сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін Астана полиция департаментінде «ҚазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаевтан жауап алынды. Одан кейін тергеу агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновтен де жауап алды.

Адвокат Рена Керимованың айтуынша, Ә.Матаев пен Ә.Қасенов сырттай күдікті деп танылды. Бұл өрескел процессуалдық заңбұзушылық болып табылады. «Сырттай күдікті деп танылуы үшін олар тергеу әрекеттерінен жасырынып, басқа жолмен жалтаруы керек, ал Матаев пен Қасенов тергеу әрекеттерінен жалтарған жоқ», дейді адвокат Рена Керимова. Сонымен қатар, Әсет Матаев та, Әміре Қасенов те, олардың адвокаттары да сараптама тағайындау туралы қаулымен уақытында танысқан жоқ, бұл ҚР ҚІЖК 274-бабын бұзу болып табылады.

ҚазТАГ ХАА — еліміздегі ең көне және беделді ақпараттық агенттіктердің бірі. Бұл БАҚ қазіргі Қазақстан тарихының бір бөлігі. Ақпараттық кеңістіктің айтарлықтай бөлігі жаһандық платформа алгоритмдерінің бақылауына өтіп жатқан жағдайда ұлттық тәуелсіз БАҚ-ты сақтау қоғамдық және мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі болып табылады.

«Әділ сөз» қоры құқық қорғау органдарын қылмыстық-процессуалдық заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, тергеу әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, журналистердің кәсіби құқықтарын қорғауға кепілдік беруге шақырады. Қор алдағы уақытта жағдайды бақылауда ұстайтын болады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз