Шымкенттегі апелляциялық сот Марина Низовкинаны полиция қызметкеріне жала жабуда кінәлі деп таныды
12 ақпанда Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «Атамекен бизнес» ТК журналисі Марина Низовкинаға қатысты жала жабу туралы істі тоқтату туралы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қаулысының күшін жойып, журналисті ҚР ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Сот Низовкинаға 180 АЕК (621 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салып, әкімшілік жаза қолданды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл дауға Марина Низовкинаның Instagram желісіндегі жеке аккаунтында Шымкент полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Әбдіраманов туралы жарияланған екі жазбасы себеп болған.
Бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық сотта да жауапкер тарап жарияланған жазбадағы қандай мәліметтер көрінеу жалған екеніне жауап алған жоқ. Сот тыңдауы барысында Марина Низовкинаның екі жазбасы неге қаралып жатыр деген сұрақ бірнеше рет көтерілді, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама оның біреуіне ғана толтырылған.
Іс бойынша үш сараптама жасалды. Журналистің адвокаты Наталья Бурмистрованың айтуынша, Ақтөбедегі сот сараптамасы Орталығының мамандары жасаған сараптамалық қорытындыда Әбдірамановқа қатысты жағымсыз мәліметтерді анықтау мүмкін еместігі айтылған.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот істің нақты мән-жайын жеткілікті түрде анықтамаған, Шымкент пен Астана сараптамаларының қорытындысын назарға алмаған, екі қарама-қайшы сараптама болған кезде тағы бір сараптама тағайындау жөнінде шаралар қолданбаған, ал Низовкина ұсынған сарапшылардың қорытындысының скриншоттары заңдастырылмаған деген қорытындыға келді.
Қаулы кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Журналистің адвокаты Наталья Бурмистрова «Бұл процесте жеңілгендер емес, жеңгендер ұялуы керек деп есептеймін. Мен ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілерінің жоқ екеніне толық сенімді болдым. Егер байқасаңыздар, судья тақырыптан жай ғана алыстап кетті. 11 қыркүйектегі жазбада қандай жала жабатын ақпарат бар? Журналист мысалы, қандай да бір оқиға орын алса, сыбайлас жемқорлыққа күдікпен біреуді ұстаса, соттың пікірінше, бұл адамның кінәсі анықталатын үкім күшіне енгенге дейін оны жариялауға құқылы емес. Бірақ бірінші, екінші және үшінші сараптама жазбаның қарапайым ақпарат екенін растады. Осылайша, біз ақпарат таратуды тоқтатуымыз керек деп ойлаймын, сонда сіздердің ешқайсыларыңыз ешқашан әкімшілік құқық бұзушылық жасамайсыз. Сын өтірік емес, сын жай ғана сіздің пікіріңіздің объективті мәлімдемесі, қазір болып жатқан жағдайға көзқарасыңыз», деді.