Facebook Құрылтай туралы жарияланымға байланысты «Әділ сөз» қорының парақшасын бұғаттады

27 қазанда Facebook «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының ресми парақшасын үшінші тұлғаның авторлық құқықты бұзды деген болжамды шағымынан кейін бұғаттады.
Бұған дейін платформа қордың 6 қазанда жарияланған «Журналистерге мемлекеттік органның регламентін бұзғаны үшін аккредитациясынан айырылу қаупі төнді» атты материалын өшірген.
Материалда Ulysmedia.kz редакциясына журналист Әсем Ғұмарованың Құрылтайдағы брифинг кезінде ІІМ өкіліне іс-шараның тақырыбына қатысы жоқ сұрақтар қойғаннан кейін ескерту берілгені айтылған. Қайталанған жағдайда журналист аккредитациясынан алты айға айырылуы мүмкін еді. Қор заңгері Сергей Уткин мұндай шектеу «Масс-медиа туралы» заңға қайшы келетінін түсіндірген.
Сонымен қатар қордың парақшасы шетелде кей жағдайда әлі де қолжетімді. Бұл бұғат тек Қазақстан аумағында қолданылуы мүмкін деген болжам жасауға негіз болады. Алайда қолжетімділіктегі айырмашылықтың себебі әзірге белгісіз.
Facebook авторлық құқықтың нақты қандай талаптары бұзылғанын түсіндірмеді.
Бұған дейін қазақстандық журналистердің, редакциялардың және Құқықтық медиа-орталықтың парақшалары да осындай бұғатқа түскен.
«Әділ сөз» қоры қалыптасқан жағдайға алаңдап, Meta компаниясына парақшаның бұғатталу себебін түсіндіруді және оның толыққанды жұмысын қалпына келтіруді сұрап, өтініш жолдады.
Біз жұмысымызды жалғастырамыз. Сөз бостандығының бұзылуы туралы ақпаратты adilsoz.kz сайтында және қордың басқа да платформаларында жариялай береміз.


