Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистерге мемлекеттік органның регламентін бұзғаны үшін аккредитациясынан айырылу қаупі төнді

6 қазан 2026

Соңғы аптада кемінде екі қазақстандық журналист мемлекеттік орган белгілеген БАҚ-қа қатысты регламентті бұзғаны үшін ескерту алды. Солардың бірі Ulysmedia.kz тілшісі Әсем Ғұмарова. Ол Құрылтайдағы брифингтің тақырыбына қатысы жоқ сұрақ қойғаны үшін ескерту алды.

6 қазанда Ulysmedia.kz редакцияға Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбековтен хат келгенін хабарлады. Хатта 30 қыркүйекте Ғұмарованың іс-шараның күн тәртібіне қатысы жоқ екі сұрақ қойғаны айтылған. Қайталанған жағдайда Құрылтай аппараты алты ай мерзімге журналисті тұрақты аккредитациясынан айыру туралы мәселе көтеруге құқылы екенін ескерткен.

Еске салайық, Әсем Ғұмарова қоғамда резонанс тудырған мәселеге (Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желі пайдаланушыларына соғылған қоңырауларға)  қатысты ІІМ өкіліне сұрақ қоймақ болғаны үшін ескерту алған. Ал бұл мәселе брифингтің ресми күн тәртібіне кірмеген.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері Сергей Уткин «Масс-медиа туралы» заң мен қолданыстағы аккредиттеудің үлгілік ережесі арасындағы қайшылыққа назар аударады.

«Масс-медиа туралы» заңның 28-бабының 4-тармағында аккредиттеу ережесін бұзған немесе аккредиттеуші ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқан жағдайда, егер бұл заңды күшіне енген сот шешімімен анықталса, журналисті аккредиттеуден айыру көзделген.

Сонымен бірге Аккредиттеудің үлгілік ережесінде іс-шара регламентін, өткізу-кіру және объектішілік режимді қайталап сақтамағаны, сондай-ақ алынған ақпаратты басқа БАҚ-та таратқаны үшін аккредиттеуден айыру мүмкіндігі қарастырылған.

Сергей Уткин: «Аккредиттеу ережесі – журналистерді қалай аккредиттеу керектігін ғана реттеуі тиіс. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ережеге журналистердің кәсіби жұмысын қалай жүргізуі керектігін анықтайтын талаптарды да енгізген. Мұндай талаптар аккредиттеу ережесін реттеу аясына жатпайды», – дейді.

Заңгердің айтуынша, соның нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар аккредиттелген журналистердің жұмысына өз талаптарын енгізу мүмкіндігіне ие болған. Осылайша қойылатын сұрақтың санына шектеу қою, іс-шара тақырыбынан тыс сұрақ қоюға тыйым салу, киім үлгісіне қойылатын талап және басқа да шарттар пайда болған. Ал оларды бұзу аккредитациядан айыруға әкелуі мүмкін.

Уткин: «Журналистер қоғамның игілігі үшін жұмыс істейді. Қоғам маңызды ақпаратты талап етеді, ал ұйымдар көбіне мұндай ақпаратты жасыруға тырысады. Алайда салалық министрлік өз әріптестері – шенеуніктердің ыңғайына жығылып, оларға журналистерге ықпал етуге, оларды қорқытуға мүмкіндік берді. Мұның өзі қоғамның маңызды ақпарат алу мүмкіндігін шектейді», – деп есептейді.

Заңгердің пікірінше, журналистерді аккредиттеуден айырудың қосымша негіздерін енгізетін Үлгілік ереже «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес келмейді.

«Әділ сөз» бұған дейін Аккредиттеудің үлгілік ережесіне сот тәртібімен дауласқан болатын. Алайда сот талапты қанағаттандырудан бас тартты.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистің аккредиттеу мәртебесін сақтау мүмкіндігі оның қоятын сұрақтарының мазмұны мен санына байланысты болатын тәжірибені ерекше қауіпті деп санайды. Қоғамдық маңызы бар мәселе бойынша сұрақ қойғаны үшін мемлекеттік органға кіру мүмкіндігінен айырылу қаупі журналистерді өзін-өзі цензуралауға итермелеп, қоғамның маңызды ақпарат алу құқығын шектеуі мүмкін.

Өз сұрағыңызды қойыңыз