Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Азамат Омаровтың ісі бойынша тергеу аяқталды

17 тамыз 2026

12 тамызда журналист, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровқа қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Еске салайық, ол 18 шілдеде қамауға алынған. Астана соты Омаровты Қылмыстық кодекстің әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру жауапкершілігін көздейтін 174-бабы бойынша күдікті ретінде екі ай қамауда ұстау туралы қаулы шығарған. Омаровтың адвокаты Төлеген Шаиковтың айтуынша, іс журналистің билік өкілдеріне қатысты сатиралық және сыни пікірлер айтқан видеоларына негізделген.

Енді Азаматтың жақындары мен адвокаты іс материалымен танысуды күтіп отыр. Төлеген Шаиков журналистке қатысты бұлтартпау шарасын қамауда ұстаудан электронды бақылау құралын қолдану арқылы үйқамаққа ауыстыруды сұрап өтініш түсірді.

Қамауға алынған Азамат Омаровтың жұбайы Венера Мұстафина соңғы айда отбасы мен қорғаушысының айналасында болған күмәнді оқиғаларға назар аударды.

Айтуынша, адвокат Төлеген Шаиковтың 10 жылдан астам уақыт белсенді пайдаланып келген Facebook-тегі аккаунты себепсіз бұғатталған.

2 маусымда мүлікке зиян келтіру оқиғасы болды. Омаровтар отбасы тұратын үйдегі автотұрақта белгісіз ер адам журналистің әкесінің көлігінің үш дөңгелегін пышақпен кесіп кеткен. Кейін құқық бұзушы Тараз қаласының уақытша жұмыссыз тұрғыны екені, елордаға келіп, бұл әрекетті «бәстескеннен» жасағаны айтылған. Келтірілген шығын көлемі «аз» болғандықтан, құқық бұзушы тек әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

10 маусымда, яғни Азамат қамауға алынардан бір жарым ай бұрын Динара Егеубаеваның жағдайына ұқсас оқиға орын алған. Көшеде келе жатқан кезде Азамат Омаров велосипедшімен соқтығысып қалады. Осыдан кейін ол велосипедші құлап қалды деген себеппен полицияға шақырылған. Журналисті полиция бөлімінде шамамен бір сағат ұстап, оған оқиғаның видеожазбасын көрсетпеген және бөлімшеге «жәбірленуші» жеткізілмеген. Кейін БАҚ мақалаларынан жанжалдың «реттелгені» белгілі болды. Алайда журналистің отбасы оқиғаның ресми құжатын сол күйі ала алмаған.

Венера Мұстафина Азамат Омаров пен велосипедшіге қатысты оқиға мен Динара Егеубаеваның қылмыстық қудалануын тікелей байланыстырады. Егеубаеваға қылмыстық іс қозғалып, велосипедшінің жол-көлік оқиғасы оның елден шығуына тыйым салынуына себеп болған еді.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Азамат Омаровтың қылмыстық қудалануын, оның адвокатының ресурстарының бұғатталуын, журналистің отбасы айналасында болған бірқатар анықталмаған әрі күмәнді оқиғаларды тәуелсіз БАҚ пен азаматтық белсенділерге жүйелі қысым көрсету белгілері бар оқиғалар тізбегі ретінде бағалайды.

Алдағы сайлау қарсаңында Қазақстандағы тәуелсіз медиаға әкімшілік, процессуалдық және психологиялық қысым көрсету шекті деңгейге жетті. Қылмыстық баптарды қолдану, бұлтартпау шарасын шамадан тыс қатаңдату және жанама қорқыту әдістерін пайдалану журналистердің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіріп, сөз бостандығының конституциялық кепілдігін бұзады.

«Әділ сөз» қоры құқық қорғау органдарын аталған оқиғаға объективті құқықтық баға беруге, Азамат Омаровқа қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішті қарауға және елдегі журналистердің құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге шақырады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз