8 қыркүйек - Журналистердің халықаралық ынтымақтастығы күні
Журналистердің жұмысы көбінесе тәуекел мен қиындыққа толы. Журналистерге шабуыл жасалып, олардың қызметіне кедергі келтіруге, оларды сотқа тартып аузын жабуға тырысады. Соған қарамастан олар өз жұмыстарын жалғастыруда.
«Әділ сөз» қорының мониторингі 2000 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың тамызына дейінгі аралықта кәсіби қызметін атқарған журналистерге 1000-нан астам кедергі келтіру және шабуыл жасау жағдайын тіркеді. Бұл фактілер бойынша полицияға 40-қа жуық, прокуратураға 17, жоғарғы инстанцияға 19 арыз түсіп, оның ішінде 9 жағдай бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы (Журналисттің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру) бойынша 3 сот болғаны белгілі.
Оның екеуінде (2005 және 2023 жылы) айыптау үкімі шығарылса, бір іс бойынша 2019 жылы тараптардың татуласуына байланысты іс қысқарды. 2023 жылы Петропавлда зардап шеккен «Хабар-24» журналистері Наталья Волкова, Самат Жақыпов және оператор Төлеген Иманов бір жылдан астам уақыт бойы істі сотқа жеткізуге ұмтылды. Осы уақыт ішінде журналистер қатты қысымға ұшырады, белгісіз адамдар оларды «келісуге» мәжбүр етті.
Сондай-ақ 14 іс қозғаудан бас тарту немесе сотқа дейінгі өндірісті тоқтату туралы белгілі болды. Қарағанды облысында 18 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының күзетшілері «ҚазТАГ» ХАА журналисі Диана Сапарқызына шабуыл жасады. Полиция Диана Сапарқызының заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді әлі бастаған жоқ.
Сондықтан журналистердің ынтымақтастықта болуы өте маңызды. Бұл қиын жағдайға тап болған әріптестерге қолдау ғана емес. Кәсіби ынтымақтастық журналистерді естуге және БАҚ әлі де төртінші билік екенін көрсетуге мүмкіндік береді.
Біз бірге болсақ сөз бостандығы құқығымызды қорғай аламыз!