Құрметті Берік Ноғайұлы!
18 тамызда Қарағанды облысында журналист Диана Сапарқызына «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының күзетшілері «Казахстанская» кенішіндегі өрттің салдары туралы хабар тарату кезінде оның кәсіби қызметіне кедергі жасау мақсатында шабуыл жасады.
19 тамызда журналист медициналық сараптамадан өтіп, Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлігі (журналистің заңды кәсіби қызметіне күш қолдану арқылы кедергі жасау) бойынша қылмыстық іс қозғату үшін Қарағанды облысының полиция департаментіне арыз берді.
ҚІЖК-нің 180-бабына сәйкес, іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар болмаған кезде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына себеп болады.
Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілерін көрсететін деректер жеткілікті. Атап айтқанда, журналистің қолында шабуылдаушыларға оның заңды кәсіби қызметіне араласпауын ескерткеннен кейін оған күш қолданылғанын растайтын видео бар. Сарапшының қорытындысында журналистің денсаулығына жеңіл зақым келгені, сол жақ иығы көгергені анықталды.
Қауіпсіздік қызметкері Б.А.Тиркин жазған түсініктемесінде оған звондап журналист видео түсіріп жатқанын айтқан соң ол шара қолдануға барғаны айтылады. Сондай-ақ, осы күзет қызметкері түсініктемесінде «одан әрі БІЗ оны күзетілетін нысан аумағынан алып шықтық» деп жазады.
Аумақ бойынша журналистің арызы түскен Шахтинск қаласының полициясы жоғарыда көрсетілген мән-жай бойынша ӘҚБтК 73-1-бабының 1-бөлігі (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша бір күзет қызметкері Б.А.Тиркинге ғана қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Полиция журналистке қатысты шаралар қабылдауды талап етіп Б.А.Тиркиннің телефонына кім қоңырау шалғанын, Б.А.Тиркиннен басқа журналисті аумақтан «шығаруға» кім қатысқанын және қандай мәжбүрлеу шаралары қолданылғанын анықтаған жоқ.
ӘҚБтК-нің 25-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер бұл құқық бұзушылықтар өзінің сипаты бойынша заңға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылық туындайды.
ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болуына байланысты материалды прокурорға, сотқа дейінгі іс жүргізу органына берген жағдайда, осы Кодексте көзделген тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.
Жоғарыда айтылған жағдай мен заңнама талаптарына қарамастан, Шахтинск қаласының полициясы әкімшілік іс жүргізуді тоқтатпайды және қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлімінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамайды. Тек бір күзетшіні «сырт көзге» әкімшілік жауапкершілікке тартпақшы.
Тек сотқа дейінгі мұқият тергеу ғана бұл оқиғаның барлық мән-жайын ҚР ҚПК нормаларына сәйкес қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен толық және жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді.
«Прокуратура туралы» Заңның 10-бабына сәйкес прокурор әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға, сондай-ақ қылмыстық қудалау органынан қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде заңдылықтың сақталуын талап етуге құқылы.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде заңдылықты қалпына келтіру және Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-бөлімінде (күш қолдану арқылы журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін прокурорлық араласудың қажетті шараларын қабылдауыңызды сұраймыз.
Бұған дейін Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) халықаралық құқық қорғау ұйымы журналист Диана Сапарқызына жасалған шабуылды мұқият тексеруді талап еткен болатын.