Журналистке арналған нұсқаулық: сайлау күні қалай жұмыс істеу керек

2026 жылғы 23 тамыз яғни осы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтеді. Журналистке сайлау күні заң талаптарын бұзбай жұмыс істеу тәртібін еске саламыз.
Сауалнама мен болжам: нені жариялауға болмайды?
23 тамызды қоса алғанда, яғни сайлау науқаны басталған сәттен бастап сайлау күні аяқталғанға дейін:
- қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижесін;
- сайлау нәтижесіне қатысты болжам;
- сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді;
- кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беруге шақыратын материалдарды жариялауға тыйым салынады.
Сонымен қатар, сайлау күні дауыс беру өтетін үй-жайда немесе дауыс беру пунктінде қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге тыйым салынады.
Блиц-сауалнама: болады, болмайды?
Журналистің бірнеше азаматтың пікірін білуге арналған блиц-сауалнама, егер оның нәтижесі жинақталған сандық дерек түрінде жарияланбаса, қоғамдық пікір сауалнамасы болып саналмайды.
Атап айтқанда, мыналарды көрсетуге қатысты:
- сауалнамаға қатысқандардың саны;
- белгілі бір ұстанымды қолдаған азаматтардың саны;
- жауаптардың пайыздық арақатынасы;
- рейтинг;
- өзге де сандық көрсеткіштер.
Жекелеген азаматтардың пікірлерін жариялауға болады, алайда жауаптарды санап, нәтижесін жариялайтын сандық сауалнамаға айналдыруға болмайды.
Онлайн-сауалнамаға да шектеу қойылады
БАҚ онлайн-сауалнамаға ерекше назар аударуы керек.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын сақтамай, интернет-ресурстар мен онлайн-платформаларда сайлауға қатысты сауалнама жүргізу және оның нәтижесін азаматтардың пікірлеріне қатысты сандық деректерді келтіру арқылы жариялау әкімшілік құқық бұзушылық деп танылуы мүмкін.
22 және 23 тамызда сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынады
Дауыс беру күні мен бір күн бұрын кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынады.
Интернетте бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орнында қала беруі мүмкін.
Алайда бұрын орналастырылған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға жол берілмейді.
Журналист сайлау учаскелерінде қалай жұмыс істей алады?
Дауыс беру күні БАҚ өкілдері сайлау учаскелеріне ашылған сәттен бастап, дауыс беру аяқталып, дауыс санау нәтижесі анықталғанға дейін бола алады.
Бұған қоса сайлау учаскесінде Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген әр БАҚ-тан бір өкілден болуға құқылы.Телеарналар үшін ерекшелік қарастырылған — бір учаскеде үш өкілден артық болмауы тиіс.
Журналистке қандай құжаттар қажет?
БАҚ өкілдері өздерімен алып жүруі тиіс құжаттар:
- қызметтік куәлік
- редакцияның тапсырмасы.
БАҚ-тың Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелгені туралы куәліктің көшірмесі болған жөн.
Қызметтік куәлік пен редакцияның тапсырмасы БАҚ-ты есепке қою туралы куәлікте көрсетілген БАҚ иесінің мөрімен куәландырылуға тиіс.
Сайлауда журналист не істеуге құқылы?
Дауыс беру күні БАҚ өкілдері:
- сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
- сайлау комиссиясының лауазымды адамдары қабылдауы және олардан кез келген қызықтыратын ақпаратты алуға;
- дауыс беру және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің үй-жайында болуға (рәсімдердің барлығын анық көруге мүмкіндік берілуі тиіс);
- дауыс беру процесіне немесе нәтижесін есептеуге кедергі келтірмей фото-, аудио- және видеожазбалар жүргізуге;
- дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыс беру нәтижесіне қатысты сайлау комиссиясының хаттамасымен танысуға құқылы.



