Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистің қызметіне кедергі келтіру туралы іс бойынша кезекті тергеу тоқтатылды

27 қараша 2023

Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру туралы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу кезекті рет тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Диана Сапаркызының адвокаты Шырын Әмірғалиева хабарлады.  

Естеріңізге сала кетейік, 18 тамызда «АрселорМитал Теміртау» компаниясының «Казахстанская» кенішінің күзетшілері Б.Тиркин мен Е. Жаншин шахтада болған оқиғадан хабар тарату кезінде «ҚазТАГ» ХАА тілшісі Диана Сапарқызына шабуыл жасаған болатын.

Ер адамның бірі журналисті ұстап тұрды, екіншісі оның телефонын тартып алып, түсірілген видеоларды өшіріп тастады.
Алғашында Шахтинск полицейлері Б.Тиркинге қатысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Кейіннен ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы бойынша қылмыстық тергеу бастады.

7 қыркүйекте «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Бас прокурорға ашық үндеу жариялап, ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болуына байланысты тоқтатылуы тиіс екенін айтқан еді.

Алайда, 27 қазанда Қарағанды облысы Шахтинск қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты Б.Тиркинге қатысты іс жүргізуді тоқтатты.

16 қарашада Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы әкімшілік істі тоқтату негізімен келіспей, қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің болуына байланысты Борис Тиркинге қатысты іс жүргізуді тоқтатты.
8 қарашада Шахтинск қаласының ПБ-нің аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты К. Байсейітов сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша екі күзетші Б.Тиркин мен Е. Жаншинге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың жоқтығын, әлі заңды күшіне енбегенін Шахтинск қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының 27 қазандағы қаулысын алға тартып, сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша іс жүргізуді тоқтатты. 

Тергеудің тоқтатылғанын адвокат 19 күннен кейін ғана білген.
Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша үш іс қана сотқа жеткен.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз