Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистерге жасалған шабуылдарды ұйымдастырушы психиатриялық стационарға жіберілді

1 қараша 2023

Бүгін, 1 қарашада Алматыда тәуелсіз журналистер мен БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырушы Аркадий Клебановтың (Маневич) соты аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінен биылғы жылдың ақпан айына дейін БАҚ пен тәуелсіз журналистер қорқытулар мен шабуылдарға, DDoS шабуылдарына және телефон буллингке ұшыраған болатын. Белгісіз біреулер ElMedia редакциясы орналасқан кеңсе ғимаратының әйнектерін сындырып, көліктерді өртеп, кіреберіс есіктерін көбікпен бекітіп, журналистердің жеке деректерін желіде таратып жіберген еді.

28 ақпанда полиция журналистерге шабуылдардың үйлестірушісі Алексей Токаревтің ұсталғанын, ал 2 наурызда оның сыбайластары анықталғанын хабарлаған болатын. 4 наурызда Ішкі істер министрлігі журналистер мен редакцияларға шабуылдың бастамашысы және ұйымдастырушысы Аркадий Клебановты (Маневич) ұстады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Клебанов (Маневич) бірқатар БАҚ пен журналистерге «жеке бас араздығы» болғандықтан шабуылдар ұйымдастырған.

Зардап шеккен журналистер – Orda.kz, Ulysmedia.kz және ElMedia сайттарының бас редакторлары Гүлнар Бажкенова, Самал Ибраева және Гүлжан Ерғалиева, «Гиперборей» жобасының авторы әрі жүргізушісі Вадим Борейко, сонымен қатар жоба операторы Роман Егоров, YouTube желісіндегі DINARION арнасының авторы және жүргізушісі Динара Егеубаева Клебановтың (Маневич) қылмыстарды ұйымдастырушы және тапсырыс беруші екеніне күмән келтірді. Журналистердің Клебановтың айғақтарын өтірік детекторымен тексеру туралы өтініштері қанағаттандырылмады.

Іс 14 қыркүйекте Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушылар арасында кәмелетке толмағандардың болуына, сондай-ақ зардап шеккен журналистер Г.Бажкенова, С.Ибраеваның кәмелетке толмаған балаларына қатысты эпизодтар бойынша жабық отырыс өткізу туралы өтініштеріне байланысты іс жабық қаралды. Г.Ерғалиева да сотты жабық түрде қарауға өтініш білдірді.

Аркадий Клебанов (Маневич) психикалық жағдайына байланысты сотқа қатыспады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше баптары: 147 баптың 5-бөлігі (Жеке өмір туралы ақпаратты жария тарату), 132 б. (Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту), 115 б. (Қауіп), 158 б. 2-бөлім (Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау), 293 б. (Бұзақылық), 207 б.  (Ақпараттық жүйені немесе телекоммуникация желілерін бұзу), 202 б. (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша айып тағылды.

Бүгін сот Клебановқа қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істі қарады: сараптама қорытындысына сәйкес, ол созылмалы психикалық аурумен ауырады.

Сараптамалардың қорытындысына сүйене отырып, сот Аркадий Клебанов «Маневич» журналистерге шабуыл жасау кезінде «есі дұрыс емес күйде болды: өзінің іс-әрекетінің нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсіне алмады және созылмалы психикалық аурудың салдарынан оларды басқара алмады» деген қорытындыға келді. Судья оны психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп емдеуге жіберді.

Зардап шеккен журналистердің материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды. Клебановтың заңды өкілінен 14 миллион теңгеден астам ақша өндірілді.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз