Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистерге жасалған кибершабуылға қатысты «Әділ сөз» қорының мәлімдемесі

8 қараша 2023

Өкінішке орай, біз соңғы уақытта журналистер мен БАҚ редакцияларына жасалған кибершабуылдар санының күрт өскенін айтып жүрміз. Бұл кибершабуылдар сөз бостандығына, тәуелсіз журналистикаға және ақпараттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді.

«Әділ сөз» мониторингінің нәтижелері белгісіз шабуылдаушылардың әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде танымал журналистер мен блогерлердің фейк аккаунттарын ашу, арандатушылық ақпараттар тарату, заңсыз әрекеттер жасау, сондай-ақ журналистерге мақсатты шабуыл жасау жағдайларының көбейгенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта IT-сарапшылармен бірге біз жалғасып жатқан кибершабуылдарға тапсырыстардың әртүрлі көздері туралы болжам ғана жасай аламыз. Мұндай шабуылдардың нысанасы бір болмаса да, бізді журналистер мен елдің медиа кеңістігінің осалдығы алаңдатады.

Өткен жылы бірқатар танымал журналистер интернет желісі арқылы шабуылға тап болды.  Күдікті - Аркадий Клебанов (Маневич) ұсталды, ал жақында сот оны психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Алайда кибершабуылдар саны азайған жоқ.

Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында Клебанов ұсталғаннан кейін Factcheck.kz, Orda.kz, NewTimes.kz редакциялары DDoS шабуылдарына, Ras aitamyn Telegram арнасы, Vласть.kz интернет-басылымы, журналист Гүлбану Әбенова, NewTimes.kz, Nege.kz және басқа да көптеген басылымдар бот шабуылдарына ұшырады. Желіде Михаил Козачков пен BESMedia-ның жалған аккаунттары пайда болды. Бірқатар журналистердің, соның ішінде Сандуғаш Дүйсенова мен Михаил Козачковтың телефондары бұзылды. Шабуылдаушылар орнатылған қолданбаларға қол жеткізді.

Блогер Ілияс Мыңжасаровтың Telegram-каналында бір криптобиржаның осалдығынан 50 мың теңге төлеп ақша табу ұсынысымен посттар шыға бастады. Журналист Диана Сапарқызы мен Elmedia бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның жеке деректері секс-қызмет ұсынатын сайттарда жарияланды. Сондай-ақ, «Әділ сөзде» көпшілікке жария еткісі келмеген елдегі бірқатар танымал журналистер мен блогерлерді қорқыту мен олардың жеке аккаунттарын бұзу әрекеттері туралы ақпарат бар.

Соңғы күндердегі ең өрескел жағдай танымал журналист Михаил Козачковтың жалған аккаунттарының пайда болуы, журналистің танымалдылығын Таяу Шығыстағы қақтығыс жағдайында ұлтаралық алауыздықты қоздыру үшін қолдануға тырысуы. Бір айдың ішінде оның Telegram арнасы боттардың шабуылына ұшырады, жазылушылар порнографиялық мазмұндағы хабарламаларға шағымданды, бірақ 2 қарашада белгісіз адамдар Михаил Козачковтың атынан зорлық-зомбылыққа шақырған ақпаратты жібере бастады. Журналистің полицияға берген мәлімдемесіне қарамастан, 5 қарашада заңсыз әрекеттер қайталанды. Бүгінгі таңда кем дегенде 50 осындай жалған интернет-ресурс бар.

Қауіптің жекелеген журналистер үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де ауырлығына байланысты «Әділ сөз» ҚР ІІМ, ҚР Бас прокуратураны, ҰҚК және ҚР ЦДИАӨМ-ды

  • Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың сөз бостандығы құқықтарын қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауға.  
  • Кибершабуыл оқиғаларын тергеу және кінәлі адамдарды анықтауға. 
  • Жалған аккаунттар құрудың және жалған ақпарат таратудың алдын алу бойынша тиімді шараларды енгізуге шақырады.

«Әділ сөз» қоры журналистерді кибершабуылдан қорғауға көмек көрсетуге дайын. Тұрақты дамып келе жатқан қоғамның тірегі - сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистика. Азаматтардың объективті және сенімді ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету үшін журналистерді олардың интернетте қауіпсіз жұмыс істеу құқықтарын қорғау маңызды.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз