Журналистерге жасалатын шабуылдардың жиілеп кетуіне орай «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының мәлімдемесі
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры 2025 жылдың 30 қаңтарында Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ғимаратында Ulysmedia.kz сайтының журналисі Айша Құтыбаеваға жасалған шабуылға алаңдаушылық білдіреді.
Журналист миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деп айыпталған Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың сот процесіне қатысты. Ол үзіліс кезінде «Масс-медиа туралы» Заңның және ҚР өзге де заңнамалық актілерінің талаптарын толық сақтай отырып, сот дәлізінде сот отырысына қатысушыларды видеокамераға түсірді. Алайда өзін сотталушының зайыбымын деп таныстырған әйел физикалық күш қолданып, қолын бұрап, телефонын тартып алып, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді.
Шабуыл журналист құқығы ерекше қорғалатын сот ғимаратында болды.
Журналист полиция шақырып, заңды кәсіби қызметке кедергі келтіру (ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы) бойынша арыз жазды. Бұл бап айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.
Қор болған жағдайды бақылауда ұстап, зардап шеккен журналистке құқықтық қолдау көрсетуге дайын.
Айта кетейік, Қазақстанда журналистке жасалған бұл бірінші шабуыл емес.
Қыркүйектің 21-і күні Петропавлда Qazmedia.kz журналисі Светлана Дроздецкаяға полиция рейді кезінде мас ер адам шабуыл жасады. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 5 тәулікке қамауға алды.
Қарашаның 20-сы күні Батыс Қазақстан облысында сот залында Umarovnews.kz сайтының редакторы Талғат Омаровты сотталушының әкесі ұрған. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабы («Ұрып-соғу») бойынша қозғалып, кейін кешірім сұрап жабылған.
«Әділ сөз» қоры бұл шабуылдарды объективті тексеруге және журналистерді кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорғау үшін жүйелі шаралар қабылдауға шақырады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру бойынша 15 жылда тек екі іс ғана сотқа жетті. «Әділ сөз» қоры Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қосымша жауапкершілікті енгізуді ұсынады. Бұл тез әрі тиімді әрекет етуге және кінәлілерді жасаған құқық бұзушылықтың ауырлығын ескере отырып, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.