Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналистер мен БАҚ атын жамылған жалған қоңыраулар: не істеу керек?

2 қазан 2026

Қазақстандағы журналистерге Telegram желісінде өзін белгілі журналист пен БАҚ редакциясы ретінде таныстыратын аккаунттардан қоңыраулар түсе бастады. Олардың арасында «ҚазТАГ редакциясы», Динара Егеубаева, Вадим Борейко, Әмір Қасенов және басқа да есімдер бар.

Қоңырауды алғаннан кейін алдын ала жазылған аудиохабарлама қосылады. Оның мазмұны әртүрлі: қаржылай көмек сұрайды, ақша немесе криптовалюта аударуды ұсынады, «жеке» контентке қол жеткізу сылтауымен жабық қауымдастыққа шақырады.

Мысалы, Вадим Борейконың атынан жасалған жалған аудиожазбада Kaspi арқылы немесе криптовалюта түрінде ақша аударып өзін қолдауға шақырады. Ал журналистің мұндай қоңырауларға қатысы жоқ.

Киберқауіпсіздік жөніндегі маман мұндай схеманы нысаналы фишинг деп атайды. Оның айтуынша, ең бастысы — үрейленбеу, қоңырау шалушымен қаржылық байланысқа түспеу және аккаунтта көрсетілген адамның шынымен сол адам екеніне көз жеткізу маңызды.

Осындай қоңырау түссе, не істеу керек

1. Ақша аудармаңыз және жеке деректеріңізді бермеңіз. Сілтемелерге өтпеңіз, банк карталарының деректерін, құпиясөзді, растау кодын айтпаңыз.

2. Қоңырау шалушының кім екенін басқа байланыс арнасы арқылы тексеріңіз. Егер қоңырау Telegram арқылы түссе, журналистпен немесе редакциямен өзіңіз білетін телефон нөмірі, басқа мессенджер немесе ресми аккаунт арқылы байланысыңыз.

3. Аккаунт туралы ақпаратты сақтап алыңыз. (Мысалы, @BotFather сияқты), өйткені аккаунттың атын өзгертуге болады, ал ID өзгермейді. Карта және криптоәмиян туралы барлық ақпаратты скриншот жасап сақтаңыз.

4. Қоңыраудың мазмұнын жазып алыңыз. «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының заңгері Сергей Уткин телефонды дауыс зорайтқыш режиміне қойып, әңгімені басқа құрылғы арқылы аудио немесе видеоға жазып алуды ұсынады.

5. Telegram-дағы аккаунтқа шағым түсіріңіз. Мессенджерде алаяқтық немесе басқа адамның атын жамылу фактісі бойынша шағым жіберуге болады.

6. Полицияға жүгініңіз. Шағымды eOtinish арқылы беруге немесе 102 нөміріне қоңырау шалуға болады. Полицияға аккаунт туралы деректерді және қолда бар барлық дәлелді ұсынған жөн.

Заңгердің айтуынша, мұндай әрекеттердің құқықтық саралануы олардың мазмұны мен мақсатына байланысты. Егер қаскөйлер ақша иемденуге әрекет жасаса, онда алаяқтық белгілері болуы мүмкін. Ал әрекет адамды жүйелі түрде аңдуға бағытталса, сталкингке қатысты нормаларды қоса алғанда, басқа да құқық бұзушылық құрамы қарастырылуы мүмкін.

«Әділ сөз» журналистер мен редакцияларға мұндай жағдайлар туралы әріптестері мен аудиториясын ескертіп, барлық цифрлық іздерді сақтауға және жалған аккаунтты бұғаттаумен ғана шектелмеуге кеңес береді. Қоңырау жазбалары, скриншоттар, username, төлем деректері сияқты ақпарат неғұрлым көп тіркелсе, мұндай әрекеттердің артында тұрған адамдарды анықтау мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз