Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ісі бойынша «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәлімдемесі

24 сәуір 2025

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Тавиди» ЖШС директорының арызы негізінде журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты ҚР ҚК 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша басталған сотқа дейінгі тергеуге байланысты алаңдаушылық білдіреді.

Қаралып отырған жағдайды бірыңғай тергеу реестріне тіркеуге Сандуғаш Дүйсенованың газ жарылысынан туындаған өрттен туыстарынан айырылған жасөспірімнің сөзін келтірген мақаласы себеп болып отыр. Мақалада журналистің атынан қандай да бір тұжырым немесе біреуді кінәлайтын мәлімет болмаған. Зардап шеккен тараптың орын алған оқиғаға эмоциялық жан-айқайы берілген.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 274-бабының диспозициясы үш міндетті белгілерді қамтиды, олардың болуы біріктіріліп белгіленуі керек:

 1. Жалған ақпараттың белгісі. Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес, бағалау пайымдауы, оның ішінде пікір, нұсқа мен жорамал айту 274-бап бойынша жауапкершілікке әкеп соқпайды. Мақалада журналистің атынан емес, марқұмның ұлы айтқан оқиғаның нұсқасы көрсетілген.

2. Көрінеулік белгісі. Бұл – адамның ақпараттың жалған екенін біле тұра, оны әдейі таратқанын білдіреді. Аталған жағдайда журналист зардап шеккендерден алынған деректерге сүйенгені анық, әрі тұрақтылықты бұзуға бағытталған қасақана ниеті болмаған.

3. Ауыр залал келтіру. Қылмыстық істі қозғау үшін елеулі мөлшерде зиян келтірілгенін дәлелдеу қажет (заңды тұлға үшін – 10 000 АЕК-тен астам, яғни 39 миллион теңгеден көп). Іс материалында мұндай дерек жоқ.

Осылайша, журналистің әрекетінде Қылмыстық кодекстің 274-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық құрамының белгілері жоқ. Бұл қылмыстық істі ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 1-тармағы негізінде қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасының болмауына байланысты қысқартуға жатады дегенді білдіреді.

Бұған қоса Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабына назар аударамыз. Аталған бапта әр адамның өз пікірін еркін білдіру құқығы, оның ішінде ақпаратты іздеу, алу және тарату бостандығы бекітілген.

Тергеу органдары мен прокуратура қорғау тарапының дәлелдерін мұқият қарап, заңнамаға және құқықтық сенімділік қағидатына сәйкес шешім қабылдайды деп үміттенеміз.

«Әділ сөз» Сандуғаш Дүйсеноваға қолдау білдіреді және қоғам мүддесі үшін қайғылы оқиғаларды жазатын журналистердің құқықтарының тиісінше сақталуын жақтайды.

Өз сұрағыңызды қойыңыз