Журналист Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды

3 қыркүйекте Атырау соты жергілікті «Дорожный патруль» порталының журналисі әрі белсенді Олеся Вертинскаяны екі ай мерзімге үйқамаққа алу бұлтартпас шарасын тағайындады. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қалалық прокуратура ғимаратының маңында полиция қызметкерлерінің оны күшпен алып кеткен сәті түсірілген видео тараған.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Вертинскаяға қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтары — «Қасақана денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша тергеліп жатыр. Айыптаудың нақты мән-жайы және үйқамақ түріндегі бұлтартпас шараны таңдауға негіз болған себеп әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Жарияланған кадрларда полиция қызметкерлерінің Вертинскаяны ғимараттан күшпен алып шыққаны көрінеді. Сол сәтте журналистің қолында жылаған баласы болған. Атырау облысының Полиция департаменті болған жағдайды «мәжбүрлеп жеткізу» деп атады. Ведомствоның мәліметінше, журналист куәлік беру үшін бірнеше рет шақырылған. Алайда Вертинская мен оның қорғаушысы заң талаптарын орындамағандықтан, тергеуші оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарған.
Полиция қаулыны орындау кезінде Вертинская қызметкерлердің заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткенін мәлімдеді. Видеода көрінген және полиция нұсқасы бойынша қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірген басқа адамдардың әрекеттеріне де құқықтық баға берілетіні айтылды. Кейін Вертинская босатылғанымен, сол күні сот үйқамақ түріндегі бұлтартпас шарасын таңдау туралы өтінішті қанағаттандырды. Журналист сот-медициналық сараптамадан өтті.
Бұған дейін Олеся Вертинская Атырау қалалық прокуратура мен полиция басқармасының ғимараттарында бірнеше рет пикет өткізген. Сондай-ақ оған шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тараған.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры адамның бостандығын едәуір шектейтін бұлтартпас шара қажетті, негізді және нақты тәуекелдерге сай болуы керек деп санайды. Күдіктінің тергеуден жасырынуы, тергеуге кедергі келтіруі немесе заңсыз әрекетін жалғастыруы мүмкін екеніне нақты негіздер болмаған жағдайда, үйқамақ қолдану туралы шешім ерекше мұқият негізделуі тиіс.
Қор сондай-ақ мәжбүрлеп жеткізу кезінде күш қолдану жағдайға қатаң сай болуы және қажетті шектен аспауы керек, деп есептейді.
«Әділ сөз» Олеся Вертинскаяға қатысты бұлтартпас шараны таңдау туралы сот қаулысының көшірмесін алу үшін сұрау жолдады. Сонымен қатар қылмыстық істің мән-жайы туралы толық ақпарат беруді сұрады. Қор ресми жауап алынғаннан кейін жағдайға қосымша құқықтық баға береді.



