Журналист Данияр Наурыз Instagram аккаунтының бұғатталғанын хабарлады

20 тамызда алматылық журналист әрі блогер Данияр Наурыздың Instagram аккаунты бұғатталды. Автор парақшасында спорт, мәдениет, қоғамдық-саяси және т.б. түрлі тақырыптарда материалдар жариялаған. Данияр Құрылтай сайлауы қарсаңында, сыни жазбаларды белсенді түрде жариялағанын айтады. Соңғы жазбасы қазақ тіліндегі араб және парсы тілдерінен енген сөздердің қолданылуына арналыпты.
Данияр Наурыздың айтуынша, шектеудің бір себебі авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағым болған. Daniyar Nauryz деген атпен тіркелген белгісіз қолданушы Meta-ға 1937 жылғы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған фотосуретке қатысты шағым түсірген. Наурыз шағымға қарсылық білдіріп фотосуреттің авторлық құқығы қоғам игілігіне өткенін көрсеткен. Алайда Meta оның қарсылығын қанағаттандырмаған.
Бұған дейін Данияр Наурыз Ресей шекарасында ұсталғанын хабарлаған. 2019 жылғы желтоқсанда ол Ресейге кірмек болған кезде ұсталған. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің жыл сайынғы баспасөз конференциясына бармақ болған. Наурыздың айтуынша, шекарада оны шамамен бес сағат ұстап, телефонын алып қойған.



