Журналист Амангелді Батырбеков екі айға қамауға алынды

«Сарыағаш-Информ» басылымының бас редакторы Амангелді Батырбеков бұған дейін жала жабу бабымен айыпталып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынғаннан кейін тағы екі айға қамалды. Бұл туралы блогер әрі азаматтық белсенді Тортуыл Шоқан әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның мәліметінше, Батырбеков 23 қазанда бостандыққа шығуы керек болған. Алайда 3 қазанда ол екі айға қамауға алынған. Жаңа шешімнің ресми себебі жазбада айтылмаған.
Жазба авторы журналистің екі рет қамауға алынуын оның «Сенсация деуге әлі ерте немесе Құрал Сейітханды неге ұстады?» атты видеоматериалымен байланыстырады.
Еске салайық, журналист Құрал Сейітханұлының ісіне қатысты жазбаларды өз парақшасында жариялаған. 2026 жылғы 8 қыркүйекте Түркістан қалалық соты Құрал Сейітханұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер туралы заңды бұзу) бойынша үш жылға бас бостандығынан айырған.
Бұған дейін, 2 қазанда Сарыағаш аудандық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы («Жала жабу») бойынша Амангелді Батырбековке 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған. Бұған Сарыағаш аудандық полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуаныш Байзақовтың рапорты негіз болған. Журналист бұл істің Құрал Сейітханұлы туралы материалдарына байланысты қозғалғанын мәлімдеген. Қазіргі уақытта қолда бар материалдарда Батырбековтің жаңа іс бойынша процестік мәртебесі, оған тағылған айып пен екі айға қамауға алу негізі туралы толық ақпарат жоқ.
«Әділ сөз» қоры жағдайды бақылайды.


