Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Журналист Александра Алехованың қылмыстық қудалануына байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мәлімдемесі

4 маусым 2026

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналист Александра Сенцованың (Алехова) жағдайына байланысты алаңдаушылық білдіреді.  

Журналиске қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабының 5-бөлігі (Масс-медиада жеке бастың құпиясын құрайтын дербес деректерді заңсыз тарату арқылы жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру) бойынша айып тағылып, іс сотқа жіберілді. Бұл ауыр қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Журналист полицияда жыныстық қызмет көрсетуші ретінде есепте тұрған жәбірленуші туралы ақпарат таратқаны үшін айыпталуда.

Айта кетейік, журналист танымал Telegram арнада бұған дейін жарияланған, жәбірленуші полицияға арыз берген ақпаратқа сілтеме жасайды. Алайда бұл ақпараттың Telegram арнада жарияланғаны бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ.

Осылайша, жәбірленушінің жеке құпиясын құрайтын мәліметтерді бірінші рет жария ету құқық қорғау органдарымен заңды деп танылса, сол ақпаратты кейіннен жариялау қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.

Қор құпия ақпарат көпшілікке жарияланғаннан кейін өзінің мәртебесінен айырылатынына назар аударады. Тиісінше, көпшілікке қолжетімді болған ақпаратты кейіннен тарату құпияны жария ету деп есептелмейді.

Айта кетейік, журналист Олег Гусев бұған дейін дәл осындай ақпаратты таратқаны үшін жауапқа тартылған. Оның ісі ашық сот отырысында қаралып, нәтижесінде көпшілікке қолжетімді сот қаулыларының мәтіндерінде тиісті мәліметтер қамтылған. Алайда, жәбірленушінің жеке мәліметтерін жариялағаны үшін судьяны немесе сот қызметкерін жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілген жоқ, өйткені іс қаралған кезде бұл ақпараттың құпиялық санаты болмаған.

Таралған ақпараттың  сипаты да маңызды. Қазақстан Республикасында жыныстық қызмет көрсету құқық бұзушылық болып табылмайды. Осыған байланысты мұндай адамдарды мамандандырылған есепке алудың заңдылығына, оларды мәжбүрлеп саусақ ізін түсіруге және осындай деректерді жинау мен сақтау жөніндегі өзге де әрекеттерге қатысты сұрақтар туындайды. Сонымен бірге, жариялау кезінде жалпыға қол жетімді болған мәліметтерді таратқан журналист қылмыстық қудалауға ұшырайды.

Журналист Олег Гусевке қатысты үкімде полицияның жәбірленуші туралы арнайы есепке алу журналындағы ақпараттың таралуына қатысты қызметтік тексеріс жүргізгені, соның нәтижесінде кінәлі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны көрсетілген. Осылайша, құпия ақпаратты таратқан полиция қызметкері, сондай-ақ ақпаратты алғаш жария еткен Telegram арнасының иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Алайда жарияланған кезде құпия болмай қалған ақпаратты еске салған журналист ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры журналисті қылмыстық қудалау тек жеткілікті құқықтық негізге және заңдылық, құқықтық сенімділік пен барлығының заң алдындағы теңдігі қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс деп есептейді.

Қор бұл істі қарау кезінде сот тараптардың барлық жағдайы мен дәлелдеріне объективті және жан-жақты баға береді, ал Александра Сенцованы қылмыстық қудалау тоқтатылады деп үміттенеді.

Біз жағдайды мұқият бақылаймыз.

Өз сұрағыңызды қойыңыз