Жетісу облысының прокуратурасы Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты істі қысқартты
14 тамызда Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев журналист Сандуғаш Дүйсеновамен оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша кездесті. Әңгімелесуден кейін прокуратура істі зерделеуді сұрап, одан кейін қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы шығарды.
Жетісу облысының прокурорына азаматтардың құқықтарын сақтау мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, қадағалау органының тиімді кәсіби іс-әрекеттері үшін алғыс айтамыз. Сандуғаш Дүйсенованың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ деген облыстық прокуратураның пікіріне толық қосыламыз.
Сандуғаш Дүйсенова - сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулерімен танымал, беделді БАҚ-та үлкен тәжірибесі бар кәсіби журналист. Біздің қоғам дамуының негізі тәуелсіз, объективті және адал журналистика екеніне сенімдіміз.