UNESCO: әлемде журналистер өлтірілген қылмыстардың 86%-ы жазасыз қалады

2012 жылдан бері алғаш рет әлемде журналистерді өлтіру қылмыстары үшін жазасыз қалу деңгейі өсті. 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш алдыңғы екі жылдық кезеңдегі 85%-дан 86%-ға жетті. Бұл журналистерді өлтірудің әрбір жеті оқиғасының алтауы жазасыз қалатынын білдіреді. Бұл туралы UNESCO-ның жаңа баяндамасында айтылған.
Құжат 2 қарашада, Журналистерге қарсы қылмыстар үшін жазасыздықты тоқтатудың халықаралық күнінде жарияланды.
UNESCO деректеріне сәйкес, 2024–2025 жылдары әлемде 189 журналист қаза тапқан. Бұл алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Қайтыс болғандардың басым бөлігі қарулы қақтығыстар салдарынан көз жұмған: ұрыс жүріп жатқан аймақтарда 127 адам қаза болған.
Әсіресе журналистерге қарсы ұшқышсыз ұшу аппараттарының қолданылуы алаңдаушылық туғызады. Екі жыл ішінде дрон соққыларынан БАҚ-тың 50 өкілі қаза тапқан. Бұл қарулы қақтығыс аймақтарында өлтірілген барлық журналистердің шамамен 40%-ын құрайды.
UNESCO сондай-ақ бір мезгілде бірнеше журналистің өмірін қиған жеті шабуылды тіркеген. Соққылар редакцияларға және журналистердің уақытша жұмыс орталықтарына жасалған. Тағы 15 журналист үстінде «Пресса» деген жазуы бар кеудешемен немесе тиісті белгісі бар көліктерде болғанына қарамастан қаза тапқан.
UNESCO-ның бас директоры Халед әл-Анани БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2015 жылы қабылданған 2222 қарарын сақтауға шақырды. Бұл құжат қарулы қақтығыстар кезінде журналистер мен БАҚ қызметкерлерін бейбіт тұрғындар ретінде қорғауды көздейді.
Баяндамада әйел журналистердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. 2024–2025 жылдары қаза тапқан 14 әйел журналистің 93%-ы қарулы қақтығыстарды жариялап жүрген.
Алайда қауіп-қатер тек соғыс аймақтарымен шектелмейді. БҰҰ-ның «Әйелдер» құрылымы мен Халықаралық журналистер орталығының (ICFJ) 2025 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, әйел журналистердің 75%-ы интернетте және одан тыс жерлерде қысымға немесе қудалауға ұшыраған.
Онлайн шабуылдардың салдарынан шынайы өмірде қысымға немесе қудалауға тап болғанын хабарлаған әйел журналистердің үлесі екі еседен астам өскен: 2020 жылы 20% болса, 2025 жылы 40%-дан асқан.
Әлемдік көрсеткіштер нашарлағанына қарамастан, UNESCO оң өзгерістерді де атап өтеді. Қарулы қақтығыстар болмаған елдерде журналистерді өлтіру қылмыстары үшін жазасыз қалу деңгейі 2012 жылғы 94%-дан 2026 жылы 77%-ға дейін төмендеген.
Ұйымның бағалауынша, бұл нәтижелер қылмыстарды жүйелі түрде тергеу, кінәлілерді жауапқа тарту және журналистерді қорғау тетіктерін құру жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
UNESCO-ның журналистер қауіпсіздігі және оларға қарсы қылмыстар үшін жазасыз қалу мәселелері жөніндегі баяндамасы екі жылда бір рет жарияланады. Онда әлемдегі БАҚ өкілдерінің қауіпсіздік жағдайы және мемлекеттердің журналистерге қарсы қылмыстарды тергеу бойынша қабылдап жатқан шаралары қамтылады.


