Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Тәуелсіз ақпарат көздері азайып барады: «Әділ сөз» қоры Қазақстандағы медиакеңістіктің тарылуына алаңдаулы

4 қыркүйек 2026

Соңғы күндері болған бірнеше оқиға Қазақстандағы тәуелсіз журналистиканың жағдайы туралы қайта сөз қозғауға себеп болды. Қазақстандағы ірі басылымдардың бірі Orda.kz жұмысын тоқтатты, «Гиперборей» YouTube арнасының авторы Вадим Борейко ұзақ үзіліс жариялады. Әлеуметтік желілерде ҚазТАГ-тың жақын арада жабылатыны туралы жалған ақпарат тарады.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры елдегі еркін журналистикаға арналған кеңістіктің тарылып бара жатқанына алаңдаулы. Себептері әртүрлі болғанымен, олардың жиынтық әсері анық - аудитория балама ақпарат көздерінен айырылып отыр. Ал журналистер қауымы күшейіп келе жатқан қысым мен белгісіздік жағдайында жұмыс істеуде. 

Orda.kz жұмысын тоқтатты

1 қыркүйектен бастап Orda.kz басылымы, редакцияға тиесілі әлеуметтік желідегі аккаунттар мен YouTube арнасы жұмысын тоқтатты.

«Ordamedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев мұның себебі қаржылық қиындық. Редакцияның табысы әрі қарай оның жұмыс істеуіне жетпейді. Бұл шешімнің «ешқандай астары жоқ», деді.

Басылым Orda.kz негізін қалаушы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға сот үкімі шыққаннан кейін екі апта өтпей жатып жабылды. 18 тамызда сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын екі жылдан кейін өтейді.  Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бажкенова тағылған айыптарды жоққа шығарып, сот үкіміне шағымданатынын мәлімдеген.

«Гиперборей» ұзақ үзіліске шығады

«Гиперборей» YouTube арнасының авторы әрі жүргізушісі, журналист Вадим Борейко да жаңа материалдар шығаруды уақытша тоқтататынын хабарлады.

Борейко бұл шешімін жеті жыл бойы демалыссыз жұмыс істегенімен және жеке мәселелерімен түсіндірді. Айтуынша, осы уақыттың ішінде бірде-бір рет демалысқа шықпаған. Журналист Алматыда болады, қазіргі уақытта құрылыс компаниясының өзіне қарсы берген талап арызы бойынша азаматтық іс қаралып жатыр.

Демалыс кезінде «Гиперборей» мен Biz Birgemiz бағдарламаларының жаңа шығарылымдары жарияланбайды.

ҚазТАГ-тың жабылғаны туралы жалған ақпарат

Әлеуметтік желілерде тағы бір ірі тәуелсіз ресурс - ҚазТАГ ақпарат агенттігі жұмысының тоқтағаны туралы жалған ақпарат тарай бастады.

Агенттіктің және FactCheck.kz-тің хабарламаларына ұқсатып жасалған бірнеше бірдей жазба мен қолдан жасалған скриншот пайда болды. Онда ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновке шыққан сот үкіміне байланысты агенттік 7 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтататыны айтылған.

Агенттіктің жабылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

ҚазТАГ-тың басындағы қазіргі қиындық ойдан шығарылған жоқ. Бұған дейін сот агенттік басшыларына бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, Әсет Матаевқа - үш жыл, Әмір Қасеновке - бес жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Сот шешімі бойынша азаматтық талап-арыз негізінде ірі көлемде ақша өндіру көзделген.

«Әділ сөз» қоры дәл осындай жағдайда редакция жұмысының толық тоқтағаны туралы мақсатты түрде жалған ақпараттың тарауы алаңдатарлық жағдай деп санайды.

Сондай-ақ бұл оқиғалардың қор соңғы айларда тіркеп отырған журналистерді қылмыстық қудалау, кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу, аккаунттарды бұғаттау және қысым көрсетудің басқа да түрлері аясында болып жатқаны назар аудартады.

«Әділ сөз» ұйымы құқықтық, экономикалық және цифрлық тәуекелдердің жиынтығы Қазақстандағы еркін журналистика кеңістігін біртіндеп тарылтып жатқанына алаңдайды. Кез келген тәуелсіз медианың жойылуы немесе әлсіреуі – тек белгілі бір редакцияның ғана мәселесі емес. Бұл жұртшылықтың әртүрлі көзқарастар мен қоғамдық маңызы бар ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін дереккөздердің азаюын білдіреді.

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз