Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Сот журналистерге жасалған шабуылдарға қатысушыларды бас бостандығынан айырған жоқ

22 қараша 2023

21 қарашада Алматының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тәуелсіз журналистерге шабуыл жасаған бес айыпталушыға үкім шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінен биылғы жылдың ақпан айына дейін тәуелсіз журналистер мен БАҚ түрлі шабуылдарға, DDoS шабуылдарына және телефон арқылы қорқытуларға ұшырады. Белгісіз біреулер ElMedia редакциясы жалдаған кеңсе ғимаратының әйнегін сындырды, журналистердің көліктерін өртеп, олар тұратын пәтердің есіктерін көбікпен бекітіп, жеке мәліметтерін желіде таратып жіберген еді.

28 ақпанда полиция шабуылдардың үйлестірушісі ретінде аты аталған Алексей Токаревті ұстады, наурыздың басында оның сыбайластары анықталғанын жариялады. Ал 4 наурызда тергеушілердің айтуынша, журналистерге шабуыл жасаудың бастамашысы және ұйымдастырушысы, БАҚ-қа жеке бас кегі болған Аркадий Клебанов (Маневич), ұсталды.

1 қарашада сот Клебановты (Маневичті) психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберді: сараптама қорытындысына сәйкес, ол созылмалы психикалық аурумен ауырады.

21 қарашада сот Алексей Токаревті журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтірді, жеке өмірге қол сұғылмаушылық пен жеке мәліметтерді бұзды, кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартты, қорқытты, бұзақылық жасады, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзды және бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді деген айыппен шартты түрде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Сот Токаревтің төрт кәмелетке толмаған сыбайласының біреуін 1 жыл 4 айға бас бостандығын шектеп, оны бұзақылық пен басқа біреудің мүлкін қасақана жойғаны үшін кінәлі деп таныды. 
Сотталушы Токарев пен кәмелетке толмаған сотталушылардың заңды өкілдерінен 3 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.
 

Өз сұрағыңызды қойыңыз