«Шешім журналистикасы зертханасы – II» өз жұмысын бастайды
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп, «Шешім журналистикасы зертханасы – II» (Solutions Journalism Lab II) жобасының іске қосылғанын хабарлайды. Бұл – 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың ақпанына дейін жүзеге асырылған «Шешім журналистикасы зертханасы» атты сәтті жобаның жалғасы.
«Шешім журналистикасы зертханасы – II» жобасына кемінде 90 отандық журналист қатысады деп жоспарлануда. Олар техникалық, қаржылық, заңгерлік және тәлімгерлік қолдаумен қамтамасыз етіледі. Ерекше назар өңірлік қазақ тілді журналистерге аударылып, олардың терең әрі маңызды аналитикалық материалдар дайындауына қолдау көрсетіледі.
«Шешім журналистикасы зертханасы – ІІ» жобасына қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімі туралы ақпарат жақын арада жарияланады.
Жобаның мақсаты қандай?
«Шешім журналистикасы зертханасы» жобасының мақсаты – қазақстандықтар үшін аса маңызды тақырыптарды объективті түрде жариялауды ынталандыру. Тәжірибе көрсеткендей, шешім журналистикасы жанрындағы жарияланымдар нақты өзгерістерге ықпал етеді, тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әдіс қазақстандық БАҚ-тың дамуына септігін тигізіп, оқырмандар мен көрермендер санын арттырады. Бірінші «Шешім журналистикасы зертханасы» жобасының қорытындысы бойынша 50 қатысушының жұмыстары қысқа уақыт ішінде 1,5 миллион қаралым мен 120 мың пікір жинады.
Жобаның ерекшеліктері:
Оқыту: Жобаға қатысатын барлық команда мүшелері, сарапшылар мен журналистер үшін вебинарлар өткізіледі және оқыту ақпараты ұсынылады. Бұдан басқа, жобаға қатысушылармен тәжірибелі тәлімгерлер жұмыс істейтін болады: олар шешім журналистикасы жанрында пайдалы әрі қызықты мақалалар жасауға көмектеседі.
Жарияланымдар: Шешім журналистикасы жанрында дайындалған жұмыстар БАҚ-та жарияланады. Бұл материалдар кең аудиторияға қолжетімді болып, мақалада қозғалған салалардың жақсаруына ықпал етеді.
Ынтымақтастық: Жобаға фрилансерлер, блогерлер және өзінің тұрақты аудиториясы қалыптасқан инфлюенсерлер де қатыса алады.
Қоғамға пайдасы: Шешім журналистикасы Қазақстан азаматтары үшін объективті және деректерге негізделген медиа контент ұсынып, қоғамдағы түйінді мәселелерді шешуге үлес қосады. Сонымен қатар, жоба қатысушылары ұсынған шешімдерді тиісті салаларда инновациялық тәсілдерді қолданатын компаниялар да пайдалана алады. Себебі олардың тәжірибелері үлкен аудитория тарапынан жоғары бағаланып, бизнесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
«Шешім журналистикасы зертханасы – II» жобасы Қазақстанда еркін әрі жауапты журналистиканы дамытуда маңызды кезеңге айналмақ. Баршаңызды осы жобаға қатысып, шешім журналистикасы арқылы әлемді жақсартуға шақырамыз.
«Шешім журналистикасы зертханасы – II» – журналистиканың әлі де төртінші билік екенін дәлелдеуге берілген мүмкіндік. Жаңалықтарды www.solvefuture.kz сайтынан бақылап, жобаға қатысуға арналған ашық байқаудың жақында жариялануын күтіңіз!
Қосымша ақпарат алу үшін:
Эл.пошта: info@solvefuture.kz
Телефон нөмір: +7 777 400 2210