Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Шекарасыз тілшілер»: ҚазТАГ-қа шығарылған үкім - қазақстандық барлық журналистерге жасалған ескерту

24 тамыз 2026

«Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы тәуелсіз ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Асет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасеновқа қатысты сот процесін зерттеген материалын жариялады.

 «ҚазТАГ-қа қарсы қудалау - Қазақстандағы барлық журналистерге қатаң ескерту болды».

Құқық қорғаушылар журналистерге қатысты сайлау қарсаңында қолданылған қатаң санкциялар сөз бостандығына айтарлықтай зиян келтіріп отыр, деді.

RSF-тің Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің басшысы Жанна Кавелье: «ҚазТАГ-қа қарсы қудалау - Қазақстандағы барлық журналистерге қатаң ескерту болды: элиталардың мүдделеріне қатысты журналистік зерттеу жүргізсең кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынуы мүмкін. Қоғамдық пікірталасты дамытуда тәуелсіз журналистика маңызды рөл атқарады. Сайлау науқаны кезінде мұндай қатаң әрі құқық бұзушылықтың сипатына сай келмейтін шешім елде қалыптасып үлгерген қорқыныш пен өзін-өзі цензуралау ахуалын одан әрі күшейте түседі. Билік журналистерді сот жүйесі арқылы қудалау тәжірибесінен бас тартып, олардың журналистік қызметпен еркін айналысуына мүмкіндік беруі тиіс», деп мәлімдеді.

Еске салайық, 31 шілдеде Алматы соты «Freedom Finance» инвестициялық компаниясының бастамасымен қозғалған «жалған ақпарат тарату» ісі бойынша Әмір Қасенов пен Асет Матаевты 1 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім етті. Сонымен қатар сот оларды 200 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеп, 5 жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды.

Адвокат Рена Керимова: «Әмір Қасенов өзін сот арқылы қудалаудың негізгі мақсаты оны үнсіз қалуға мәжбүрлеу болғанын бұған дейін де мәлімдеген еді. Дәл солай болды. Біз Әмір Қасеновке журналистік қызметпен айналысуға салынған тыйымды мүлдем қисынсыз жаза деп санаймыз және бұл шешімге шағымдануды көздеп отырмыз. Денсаулығында күрделі мәселелер болғанына қарамастан, Әмір Қасенов өзін жақсы ұстап отыр және өз құқығы үшін күресуге ниетті», - деді.

«Ешкім ҚазТАГ-тың тағдырын қайталағысы келмейді»

Талап-арызға 2025 жылдың көктемінде ҚазТАГ жариялаған, Freedom Finance компаниясы қызметкерлерінің қатысуымен болған алаяқтық схемаларға қатысты азаматтардың шағымдары туралы бірқатар материалдар себеп болған.

2026 жылғы маусымда Қасенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған. Кейін үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстырылып, құрғақ аштық жариялаған.

Бұл сот процесі елдің медиакеңістігіне өз салқынын тигізді.

RSF-пен сұқбаттасқан аты-жөнін атамауды сұраған қазақстандық журналист: «Журналистер шынымен де артық бір сөз жазудан тіпті айтудан қорқады. Олар өз аты-жөні түгілі, бүркеншік атпен жазуға да қорқады. Ешкім ҚазТАГ-тың тағдырын қайталағысы келмейді», - деген.

RSF зерттеуінде: «Редакциялардың үнсіз қалуының басты себебі - тек арыз-шағымнан қорқу емес, жарнама берушіге қаржылық тәуелділік. «Freedom Finance» бүкіл медиа нарығын қаржыландырады. БАҚ-тың дерлік барлығының сайттарында «Freedom» баннерлері ілініп тұр», - деп атап көрсетеді.

«Республика» басылымының басшысы Ирина Петрушова: «Соңғы жылдары журналистер үшін ауыр салдарға әкелген сот істері тым көп болды. Өзін-өзі цензуралау жаппай сипат алды. Бүгінде мен кәсіби журналистердің, дәлірек айтқанда, билікке ұнамайтын мәселелерді жазатын журналистердің кәсіптен мақсатты және жүйелі түрде ығыстырылып жатқанын көріп отырмын», - деді.

Баспасөзге жүйелі қысым

Елдегі сайлау процестері, соның ішінде конституциялық реформа бойынша референдум (1 шілдеде күшіне енді) және парламент сайлауы аясында журналистік зерттеу жүргізетін журналистерге қысым күшейді.

Адвокат Рена Керимова: «Журналистерді жала жапты немесе жалған ақпарат таратты деп айыптаған істерде олардың кінәсіздігі мен адалдығын дәлелдейтін барлық дәлелдері болғанның өзінде, сотта журналистердің жеңіске жеткен бірде-бір ісін еске түсіре алмаймын», - деді.

RSF-тің 2026 жылғы баспасөз еркіндігі жөніндегі Дүниежүзілік рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 149-орында тұр. RSF өкілдері Әмір Қасеновтен  пікір ала алмаған. Себебі сот шешімімен оған көпшілік алдында мәлімдеме жасауға және сұхбат беруге тыйым салынған.

Материалдың толық нұсқасын RSF сайтынан оқуға болады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз