Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Полиция қызметкерінен өзін таныстыруды сұрап, айыппұл алды»: «Әділ сөз» қоры журналисті қорғауды сұрады

1 қыркүйек 2026

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Мәдениет және ақпарат министрлігіне жүгініп, қарағандылық журналист Мұрат Нұрғалымовтың құқығын қорғауды сұрайды. Журналист полиция қызметкерімен болған даудан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2026 жылғы 17 шілдеде Нұрғалымов полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқарып жатқанда оларды видеоға түсірген. Журналистің айтуынша, қызметкерлердің бірі одан ары кетуін талап еткен. Бұған жауап ретінде Нұрғалымов өзін таныстырып, полиция қызметкерінен аты-жөнін айтып, қызметтік куәлігін көрсетуін сұраған.

Қор ҚР «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңының 19-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде азаматтарға жүгінгенде өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті, дейді.

Журналистің айтуынша, полиция қызметкері бұл талапты орындамаған. Күш қолданып журналистің өзін медициналық куәландырудан өту үшін алып кеткен. Қолда ақпарат бойынша, тексеру нәтижесінде оның қанынан алкоголь немесе өзге де заттар анықталмаған.

Соған қарамастан, Нұрғалымовқа ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігі бойынша полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін хаттама толтырылған. Судья Н.А. Кутышева журналистке 129 750 теңге айыппұл салған.

«Әділ сөз» қоры болған оқиғаға объективті құқықтық баға беріліп, полиция қызметкерінің әрекеті мен журналисті әкімшілік жауапкершілікке тарту дерегін тексеру керек деп есептейді.

Қор Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның 17 тамызда журналистерге жасаған үндеуіндегі ұстанымына назар аударады. Министр БАҚ өкілдері қызметтік міндетін орындап тұрған тұлғаны келісімінсіз түсіруге құқығы бар екенін еске салған.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Мәдениет және ақпарат министрлігінен журналист Мұрат Нұрғалымовтың құқығын қорғау үшін шаралар қабылдауды, ІІМ тарапынан объективті қызметтік тексеру жүргізуге және сот шешімін заңға сәйкес тәуелсіз қайта қарауға шақырады.

Өз сұрағыңызды қойыңыз