«Ол полицияға өзі келді»: Олеся Вертинскаяның отбасы журналистің заңсыз ұсталғанын мәлімдеді

Атыраулық журналист әрі азаматтық белсенді Олеся Вертинскаяның отбасы «Әділ сөз» қорына оның полиция тарапынан «мәжбүрлеп жеткізілуі» туралы ресми нұсқаға қайшы келетін видеожазбаны ұсынды.
Отбасы Вертинскаяның қылмыстық қудалануының негізділігіне күмән келтіреді. Еске салайық, сот журналисті екі айға үйқамаққа жіберген болатын.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің Вертинскаяны қалалық прокуратура ғимаратынан күшпен алып бара жатқан видеосы тараған. Сол сәтте әйелдің қолында шырылдап жылаған кішкентай баласы болған.
Атырау облысының Полиция департаменті Вертинская бірнеше рет жауап алуға келмегенін, осыған байланысты тергеуші оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарғанын мәлімдеген. Бұған қоса полиция әйел заң талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетті деген.
Отбасының айтуынша, Олеся шақыру бойынша полицияға өзі барған және тергеуден жасырынбаған. Ол полиция қызметкерлеріне бала күтіміне байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштырғанын айтып, адвокатын күтуді сұраған. Алайда, журналисті полиция басқармасының ғимаратына мәжбүрлеп жеткізген.
Туыстарының айтуынша, бірінші рет ұсталғаннан кейін кезекші прокурор Вертинскаяны босатуды тапсырған, себебі оны жеткізу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Алайда келесі күні журналисті қалалық прокуратура ғимаратының жанында қайта ұстаған. Осы сәт түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарап резонанс тудырды.
Отбасының мәлімдеуінше, Вертинскаяны екінші рет ұстау кезінде полиция қызметкерлері өздерінің заңды талаптарын түсіндірмеген, ал қолындағы кішкентай баласы жарақат алған. Журналист полицияда шамамен 12 сағат болған.
Вертинская өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істі негізсіз деп санайды. Құқық қорғау органдарының бұған дейін таратқан ақпаратына сәйкес, журналист ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтары бойынша қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтірді деген күдікке ілінген.
Олесяның айтуынша, іс жол-көлік оқиғасынан кейін қозғалған. Бастапқыда әкімшілік сипатта болған кейін қылмыстық іске қайта сараланған. Журналистің мәлімдеуінше, арызданған адам сол кезде жанжалға өзі себеп болған. Отбасы тапсырған видеода ер адамнан көліктен ары кетуін сұрағаны көрінеді, алайда ол кетпеген.
Сонымен қатар Вертинская алғашқы сот-медициналық сараптамада ер адамның денесінен ауыр жарақаттар анықталмаған, ал кейінгі сараптама денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірілгенін анықтады, дейді.
«Әділ сөз» қоры журналистің ұсталуына және оның қылмыстық қудалануына қатысты мән-жайды мұқият тексеру қажет, деп санайды.
Қор Вертинскаяны ұстау кезінде күш қолданудың заңдылығын тексеру қажеттігіне назар аударады. Оқиға кезінде қолында кішкентай баласының болғанын ескеріп, болған жағдайдың барлық мән-жайына құқықтық баға берілуі керек деп есептейді.
Еске салайық, Олеся Вертинская - азаматтық белсенді әрі атыраулық «Дорожный патруль» басылымының журналисі. Төрт баланың анасы.
2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Олеся жаппай наразылық шараларынан ақпараттаратқан. Осыдан кейін ол спорт кешенінде азаптауға ұшырағанын мәлімдеген. Айтуынша, ол жерде шамамен алты сағат болған. 2022 жылғы 19 қаңтарда журналист Атырау облысының полиция департаменті мен прокуратурасына азаптау фактісі бойыншаарызданған. Бірақ оның арызы негізінде қозғалған қылмыстық іс «дәлелдердіңжеткіліксіздігіне» байланысты тоқтатылған.



