Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

OCCRP: Қазақстандағы сайлау журналистерге бұрын-соңды болмаған қысыммен өтті

27 тамыз 2026

Зерттеуші журналистердің халықаралық желісі - Organized Crime and Corruption Reporting Project (OCCRP ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу жобасы) Қазақстанның жаңа бір палаталы парламентін сайлау туралы материал жариялады. Мақалада дауыс беру тәуелсіз журналистерге қысым күшейгенде өтті делінген.

 «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры материалдан үзінді жариялайды.

«Сайлауда жақында құрылған президентшіл «Әділет» партиясы сенімді жеңіске жетті. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, партия 71,17% дауыс жинады. Бұл шамамен 6,5 миллион бюллетень. Сайлаушылардың қатысуы 74%-ды құрады. Тағы төрт партия бес пайыздық межеден өтті.

Халықаралық байқаушылардың бағалауынша, сайлауға қатысқан жеті партияның ешқайсысын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына оппозициялық партия деп санауға болмайды» делінген.

Құрылтай - бір палаталы парламент.  Конституциялық реформаның нәтижесінде бұрынғы екі палаталы парламенттің орнына құрылған жаңа заң шығарушы орган. 145 депутаттан тұрады және толықтай партиялық тізім бойынша сайланады.

Алайда тәуелсіз байқаушылар сайлау науқаны қарсаңында билікті сынаған журналистер мен азаматтық қоғам өкілдеріне қысым күшейді, дейді.

 «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Назира Дәрімбет OCCRP-ке бұл өзі білетін сайлаулардың ішіндегі «зират басындағыдай тыныштықта» өткен алғашқы сайлау болғанын айтты. Оның айтуынша, тәуелсіз журналистердің заңбұзушылықтарды толыққанды тіркеуіне мүмкіндік болмаған.

Назира Дәрімбет: «Мұның бәрі журналистерге жасалған бұрын-соңды болмаған қысыммен байланысты. Ал бұл қысым одан әрі күшейе түсуі ықтимал», - деді.

Сайлауға бес күн қалғанда Orda басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова көрінеу жалған ақпарат тарату, бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу айыптарымен сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазасын екі жылдан соң өтейді.

Бұған қоса Бажкеноваға бес жыл журналистік қызметпен айналысуға және басшылық лауазымды атқаруға тыйым салынды. Журналист бұл айыптарды мойындамайды.

Шілде айында журналист әрі саяси шолушы, «Ахуал Сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров қамауға алынды. Ол әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздырды деген күдікке ілінді.

Назира Дәрімбет: «Омаров жаңа Конституция мен сайлау туралы сатиралық видео түсірген, билік пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынаған», - деді.

Қазіргі уақытта журналистің YouTube-арнасы қолжетімсіз.

Сондай-ақ материалда шетелге шығуға тыйым салынған журналистер Лұқпан Ахмедьяров пен Динара Егеубаеваның есімдері аталады.

Ахмедьяров көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген. Әріптестері мен белсенділер қылмыстық іс журналистің украиналық жобаның деректеріне сүйене отырып, Ресей жағында соғысқа қатысып жатқан Қазақстан азаматтары туралы ақпарат жариялауымен байланыстырады.

Дәрімбет: «Егер ол ақпаратты ресми сайттан алған болса, оны не үшін жалған ақпарат таратты деп соттамақ?» - деген сауал қояды.

«Әділ сөз» қоры президентінің пікірінше, мұндай істер мен үкімдердің журналистер жұмысына тигізетін салдары үлкен болуы мүмкін.

Назира Дәрімбет: «Бұл үкімдер мен істердің барлығы биліктің негізгі мақсаты - журналистерді қорқыту мен БАҚ-ты өзін-өзі цензуралауға мәжбүрлеу», - дейді.

Құқықтық медиа-орталықтың жетекшісі Диана Окремова OCCRP-ке сайлау қарсаңында журналистер мен белсенділерге қысым  қатты болғанын айтты.

Д.Окремова: «Сайлау күніне қарай жұрттың бәрі бірдеңені дұрыс айтпай немесе дұрыс істемей қаламыз ба деп қорқып қалды», - дейді. Оның айтуынша, журналистер тек қылмыстық және әкімшілік қысымға ғана емес, әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұғаттауға бағытталған әрекеттерге тап болған. Құқықтық медиа-орталықтың жетекшісі:  «Онлайн кеңістік өз пікіріңді білдірудің іс жүзінде жалғыз мүмкіндігі еді. Алайда бірқатар шабуылдардан кейін ол кеңістік іс жүзінде жойылды», - деді.

Диана Окремованың Facebook-тегі аккаунты да ақпаратқа қол жеткізуге қатысты Құқықтық медиа-орталықтың Мәдениет министрлігіне қарсы іс туралы ақпаратты жариялағаннан кейін, авторлық құқықты бұзды деген шағымға байланысты бұғатталған.

Материалдың толық мәтінін OCCRP сайте сайтынан оқыңыз.

Өз сұрағыңызды қойыңыз