Қазақстандағы сөз бостандығының бұзылуы 2022 жылдың 15-22 қыркүйегі аралығы
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры 2022 жылдың 15-22 қыркүйегі аралығында Қазақстандағы сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату құқығының жағдайына зерттеу жүргізді.
15 қыркүйек
БАҚ (Қазақстан)
Қазақстанда бір айда интернет-ресурстар мен сілтемелерді таратуға 637 шектеу қойылды
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың 1-31 тамызы аралығында уәкілетті органның бұйрығымен 637 интернет-ресурс пен сілтемені таратуға шектеу қойылды.
Ең көп заң бұзушылықтар материал мен сайтқа қатысты – 637 оның ішінде порнографияны таратуға, құмар ойындар мен алаяқтыққа қатысты –594. Басқа да заң бұзушылықтарға мыналар жатады:
- ұлтаралық араздық - 2;
- жалған ақпарат тарату – 1;
- Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу идеяларын насихаттау - 1.
15 қыркүйек
Фазыл ТӘЖУБАЕВ, «Наша Газета» (Қостанай)
Қостанай тұрғыны азаматтық белсендіні БАҚ арқылы жала жапты деп айыптады
Қыркүйектің 13-і күні азаматтық белсенді Фазыл Тәжубаев «Наша Газетаның» бас редакторы Тимур Гафуровқа келіп түскен арыз бойынша учаскелік полиция инспекторы келгенін айтты.
Ол 17 тамызда Қостанай қаласының тұрғыны Борис Кузнецов полицияға арыз беріп, Тәжубаевты ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 1, 2-бөліктері (жала жабу) бойынша жауапқа тартуды сұрағанын айтқан. Ол Тәжубаевтың «заңсыз іс-әрекеттері» салдарынан «ұятқа қалып» моральдық зиян шеккенін мәлімдеген. Оған «Наша Газета» басылымында жарық көрген Қостанайдағы орталық базардың айналасындағы жағдай туралы мақала себеп болған. Онда Тәжубаев жергілікті биліктен тротуар бойы мен жолдың жүретін бөлігіне орналасқан сауда қатарларын ретке келтіруді талап етеді. Кузнецовтың тегі мақалада тіпті аталмайды. Соған қарамастан ол мақалада таратылған ақпарат жалған және менің беделіме нұқсан келтіреді дейді.
16 қыркүйек
Динара Егеубаева, DINARION (Алматы)
Журналист Динара Егеубаева полицияға шақырылды
15 қыркүйек күні кешкісін журналист Динара Егеубаеваның үйіне Алматы қалалық ІІД экстремизм және терроризмге қарсы күрес басқармасының екі қызметкері келген. Олар «102» нөміріне бір адам телефон соғып, бұрын Д.Егеубаева тұрған мекен-жайға бомба қойылғанын, журналист кешірім сұрамаса, жарып жіберетінін хабарлаған. Осыған байланысты полицейлер Динарадан қоңырау шалған адамның дауысын анықтау үшін қыркүйектің 16-сы күні Медеу аудандық ішкі істер бөліміне қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде келуді сұраған.
Қаңтар айынан бері Динара Егеубаева YouTube желісіндегі өзінің DINARION арнасында қаңтар оқиғасы, атап айтқанда, азаптау құрбандары тақырыбын жариялап келеді. Журналист Украинадағы соғысты да белсенді түрде көрсетеді. Сонымен қатар, Динара Егеубаева кезектен тыс президенттік сайлауға қатысты өз ұстанымын білдірген.
Facebook желісінде тікелей эфирде Егеубаева: «Менің ойымша, бұл ескертудің бір түрі, менің қызметіме байланысты әңгіме болады деп ойлаймын. Мен оларды қызықтыратын басқа ештеңе істемеймін»,-деді.
Полиция бөлімінде журналисті Алматы қалалық тергеу департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сейсен Мұхамедұлы қарсы алған. Ол полицияға шақыртудың Егеубаеваның кәсіби қызметіне еш қатысы жоқ екенін айтқан. Жауап алу кезінде журналистке қоқан-лоққы қоңырауы туралы сұрақ қойылды, полиция оның кәсіби қызметіне қызығушылық танытпады.
16 қыркүйек
Orda.kz(Алматы)
АҚДМ Orda.kz сайтының бұғатталуына қатысты пікір білдірді
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Ақ жол» партиясының депутаты Азат Перуашевтың Orda.kz сайтының жабылуына қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды редакция.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Orda.kz интернет-басылымының қызметіне заңсыз кедергі жасаудан (кибершабуылдан) қорғау шараларын қамтамасыз ету мәселелері министрліктің құзыретіне кірмейді.
Алайда, министрлік БАҚ саласындағы уәкілетті орган ретінде мұндай жағдайларда Қазақстандағы БАҚ пен журналистердің заңды қызметіне кедергі жасалғанда, БАҚ қызметінде проблемалар туындаған жағдайда министрлік Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарымен бірлесіп өз құзыреті шегінде оларды шешуге жәрдемдесуге тырысады», - делінген министрдің жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 21 шілдесінде Orda.kz редакциясы ауқымды DDoS шабуылына тап болып, соның салдарынан сайт жұмысын 15 тамызға дейін тоқтатуға мәжбүр болды. Цифрлық даму, аэроғарыш өнеркәсібі инновациялары министрлігі, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ және қазақстандық Hoster.KZ компаниясының қатысуымен Orda.kz сайтының жұмысы қалпына келтірілді.
Orda.kz сайтына хакерлер шабуылы жалғасып жатқанын: «Поштаға трояндық вирус жұқтырған файлдары бар мемлекеттік органдардан хабарламалар келе бастады. Ал біздің анонимді бот қорқытулар араласқан порнографиялық суреттер жинағына айналды» деп хабарлайды редакция.
Редакция оқырмандардан шыдамдылық танытып, хакерлердің әрекеті олардың жайлылығына әсер етпеу үшін техникалық бөлім қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын хабарлайды.
16 қыркүйек
Вадим Борейко, ГиперБорей (Алматы)
Журналист Вадим Борейкодан президент Тоқаевты екі ай бойы сынамауды өтінді
«ГиперБорей» YouTube арнасының авторы және негізін құрушы Вадим Борейко екі күн ішінде «парламентшілерден» екі рет «сәлемдеме» алғанын айтты.
Вадим Борейконы алғаш рет кездесуге «Ақорданың жоғары лауазымды тұлғасы» «жеке әңгімеге» шақырған. Ол бас тартқаннан кейін өзін «силовик» деп таныстырған сыпайы адам журналистің ескі досына келіп, өтемақы ретінде «бес нөлі бар сома» уәде етіп, екі ай бойы президентті сынамау туралы өтінішін жеткізуін өтінген. Журналист шетел валютасындағы бес сандық сомадан бас тартқанды жөн көрген.
«Мен сияқты жалғыз жұмыс істейтін журналистің өзін-өзі қорғаудың жалғыз құралы – жариялылық. Сондықтан мен бұл жазбаны жариялап отырмын», — деп жазды Вадим Борейко әлеуметтік желіде.
Ол «Менің ойымша, президенттің өзі мұндай тапсырма бергенін айтпағанда, бұл туралы білмейді. Әлбетте, Ақордада сайлауды кезектен тыс өткізуге жауаптылар бастықтарының осылайша беделін түсіретіндерін түсінбейді» деп жазды.
17 қыркүйек
Азаттық радиосы (Алматы облысы)
Алматыдағы БАҚ
Алматы полиция департаменті қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына қатысты пікір білдірмейді
Алматы облысында қарақалпақ белсендісі Раиса Худайбергенова ұсталды. Ал осы аптаның басында Өзбекстандағы шілде айының басындағы жаппай наразылықтармен байланысты қудаланған тағы екі диаспора белсендісі ұсталған еді.
Алматы полиция департаменті қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына қатысты пікір білдірмейді және түсініктеме бермейді. Журналистер қарақалпақ диаспорасының өкілі, белсенді Ақылбек Мұратбайдан ақпарат алды.
19 қыркүйек
Әлия Ахмедиева, Ratel.kz (Талдықорған)
Балқаш ауданының әкімдігі тамыз айынан бері журналистің сауалдарына жауап бермей келеді
Ratel.kz сайтының Алматы облысы бойынша тілшісі Әлия Ахмедиева тамыз айынан бері Балқаш ауданы әкімдігінен сауалдарына жауап күтті.
Тамыз айының соңында жергілікті тұрғындардың жемқорлық фактілері туралы жазған хатынан кейін журналист Балқаш өңіріне барған. Ол аудан әкімінің баспасөз хатшысы Анар Нұрғалиеваға сапары туралы алдын ала ескертті. Алайда, журналист оқиға орнына жеткенде аудан басшысына, оның туыстарына және олар құрған «заңсыз бизнес империясына» қатысты сауалдарға жауап ала алмаған.
Баспасөз хатшысы үзіліс сұрап және жауаптарды электрондық пошта арқылы жіберуге уәде берген. 2 қыркүйекте тілші баспасөз қызметінің жауабын күтпей, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелге жұртшылық алдында бағынысты басқармадағы әріптестеріне ықпал етуді өтініп жүгінгенін айтты.
19 қыркүйекте тілші журналистік зерттеудің тағы бір бөлігін дайындап, жариялайды. Онда ол әлі Балқаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мен Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен ресми түсініктеме алмағанын айтты.
19 қыркүйек
Динара Егеубаева, DINARION (Алматы)
Журналист Динара Егеубаева арандату әрекетін жариялады
DINARION YouTube арнасының авторы, блогер және журналист Динара Егеубева 16 қыркүйекте белгісіз біреулер оның Instagram-да 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 11 мыңнан астам жазылушысы бар жалған аккаунтын ашқанын хабарлады. Бұл аккаунтта оның атынан 17-сі күні митингке шығып, картасына қайырымдылық жасау арқылы белгілі бір қозғалысты қолдау туралы үндеу жарияланды.
Бұған дейін журналист Украина оқиғалары туралы жазған жазбаларының астына боттардың қорлайтын пікірлер жазғаны туралы айтқан. Егеубаеваның барлық парақшаларында – Instagram, Facebook, YouTube сайттарында пікірлер бірдей болды.
«Мен кездейсоқтыққа сенбеймін. Барлығы бір уақытта болады. Боттардың жаппай шабуылы. Полицияға қоңырау шалу. Мені жауапқа тарту туралы өтініштермен жалған аккаунт құру. Жалпы, олар мені аяқтан шалғысы келеді. Мен мұны үндемеуге мәжбүрлеу әрекеті деп санаймын», - деп жазды журналист Facebook парақшасында.
Егеубаеваның жазылушыларының шағымынан кейін жалған аккаунт бұғатталды.
20 қыркүйек
Юна Коростелева, Vlast.kz (Астана)
Сот Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот процесінен аудио-видео жазуға тыйым салды
Vlast.kz ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Астана соты «Қазақтелеком» АҚ мен Көлікке қызмет көрсету орталығы АҚ қаражатын жымқырды деп айыпталған Н.Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесінен аудио, фото және бейнежазба жазуға БАҚ-қа тыйым салды.
Қорғаушы тарап журналистердің сот процесін жазып алуына қарсылық білдірді. Сот өтінішті қанағаттандырды.
20 қыркүйек
Айнұр Сапарова, «Ақ Жайық» (Атырау)
Атырау облысының полицейлері босанған әйелдің өліміне қатысты журналистің сауалдарына жауап бермеді
Қыркүйектің 10-ы күні журналист Айнұр Сапарова «Ақ Жайық» газеті редакциясының атынан Атырау облысы бойынша полиция департаменті басшысы Нұрхат Оразбаевтың атына ресми сауал жолдады.
№2 Атырау облыстық ауруханасының модульдік бөлімшесінде 18 қаңтарда босану кезінде 37 жастағы әйелдің өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты сұрақтар қаралды.
Сонымен қатар журналист ҚР Қылмыстық кодексінің қай бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және кімге (лауазымы бойынша), қанша күдікті іске тартылғанын хабарлауды сұрады. Айнұр Сапарова дәрігердің үйқамаққа алынғаны туралы ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұрады. Бұл туралы журналистке марқұмның туыстары медицина қызметкерінің қалада емін-еркін жүріп-тұратынын айтты. Туыстары тергеу объективті жүргізілмейді деп есептейді.
Қыркүйектің 20-сы күні кешке полиция бөлімшесі жауап жолдап, онда іс ҚР Қылмыстық кодексінің 317 бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны ғана айтылған. Басқа мәліметтер ҚР Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды делінген жауапта.
20 қыркүйек
Серікжан Мәулетбай, BES.media (Алматы)
Әділет министрі сайлауға шетелдік араласу туралы сұраққа жауап берген жоқ
BES.media Telegram-арнасы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Әділет министрі Қанат Мусин шетелдіктердің сайлауға араласпауына қатысты сұраққа жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқанын хабарлады. Атап айтқанда, Серікжан Мәулетбай: егер бұл норма егжей-тегжейлі жазылмаған жағдайда, ОСК заңнаманы өзінше түсіндіре алатын жағдай қайталанбайды ма деп сұрады.
Министр журналистің сұрағы әңгіме тақырыбының шеңберінен шығып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттерді Әділет министрлігінің жүзеге асыруы туралы айтты. Журналист өз сауалының Тоқаевтың жолдауымен тікелей байланысты екенін, ол өз сөзінде Қазақстандағы «шетелдіктердің сайлауға араласуына жол бермеу» үшін заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігін айтқандығын алға тартты. Әділет министрі журналистке жазбаша сұрақ жолдауды ұсынды.
20 қыркүйек
Мадина Жатқанбаева, 4vlastinfo.kz (Астана)
Астанада 4vlastinfo.kz сайтының тілшісін ұстады
Қыркүйектің 14-і күні Астанада 4vlastinfo.kz тілшісі Мәдина Жатқанбаева Тәуелсіздік пен Ақыртас көшелерінің қиылысына әр өңірден билікке арыздануға келген азаматтардан сұхбат алу үшін келді. Адамдар туыстарының конституциялық құқықтары бұзылып, зорлық-зомбылыққа ұшырағанын алға тартқан.
4vlastinfo.kz сайтының хабарлауынша, журналист жиналғандармен сөйлесіп жатқанда, сол маңда сары газель көлігі тоқтап, ішінен бетперде мен қара киім киген адамдар түсіп, өздерін таныстырмай, адамдарды көлікке итеріп тией бастаған. Мәдина Жатқанбаеваның айтуынша, ол өзінің журналист екенін, бұл жерге адамдарды түсіруге келгенін айтқан. Алайда оны ешкім тыңдамаған.
Көлікте 4vlastinfo.kz тілшісі 102 нөміріне қоңырау шалып, патрульдік полицияға хабарласқан. Журналистің қызметтік құжатын көрген көлік ішіндегі қара киімдегі адамның бірі ұялы телефон арқылы біреуге хабарласқан. Содан кейін журналисті жолда түсіріп кеткен. Журналистің айтуынша, егер видеоға түсіретін болса телефоны мен фотоаппаратын тартып аламын деп қорқытқан.
«Мен полицияға хабарласып, менің кәсіби қызметіме кедергі келтіргені туралы арыз жаздым, өйткені адам ұрлау сияқты қылмыстық әрекеттер жасалды», - дейді Мәдина Жатқанбаева.
Бұл жағдайға байланысты 4vlastinfo.kz редакциясы Ақпарат министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға Қылмыстық кодекстің 158-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрап хат жолдады.
20қыркүйек
Ботагөз Омарова (Қарағанды қаласы)
Бас прокуратура футбол алаңын ауыл шаруашылық алқабымен шатастырды ма?
Қарағандылық тәуелсіз журналист Ботагөз Омарова Бас прокурорға жұмыс істеп тұрған «Энергетик»футбол алаңының орнында көппәтерлі тұрғын үй кешенінің болжамды құрылысы туралы сауал жолдады. Омарованың айтуынша, 2011 жылы әкімдік құрылтайшыларының бірі халықаралық мұнай компаниясының бас директоры болып табылатын Boxing development Centre ЖШС-нің футбол алаңын пайдалану үшін 49 жылға уақытша пайдалануға берген. Журналист Бас Прокурордан оқиғаға қатысы бар белгілі тұлғалар оның өтінішіне жауап беруге ықпал ете ала ма және стадионды бұзу мемлекеттің балалар спортын дамытуға қатысты саясатына сәйкес келе ме деп сұрады.
«Мені сұрауыммен бірге ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді», - деп жазады Омарова Facebook-те.
Кейінірек журналист жұмыс күні аяқталғаннан кейін оған ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкері хабарласып, футбол алаңы туралы сұрауды неге оларға жібергенін сұраған.
21қыркүйек
БАҚ (Қазақстан)
Сауда және интеграция министрі журналистерге Министрлер кабинетінің отырысына не үшін келгендерін «түсіндірді»
NUR.KZ тілшісі жақында ғана Сауда және интеграция министрлігін басқаруға тағайындалған Серік Жұманғарин Министрлер кабинетінің отырысына келгенде балаларының қайда оқитыны және оның отбасы мүшелерінің қайда (Қазақстанда немесе шетелде) емделетіні туралы сұраққа жауап беруден бас тартты, - деп хабарлайды.
«Бұл жауап сізге не үшін керек? Сіз түсінесіз бе, мен бұл сұраққа былай деп жауап беремін: сіз осы жеке басқа қатысты сұрақты жиі қоясыз. Жеке бастың сұрақтары бұл менің отбасымның қауіпсіздігі. Сіз менің балаларым қайда оқитыны, біз қанша ақша табатынымызды және т.б. сұрайсыз. Менің кәсіби қызметім туралы сұрақтар қойыңыз. Сіз осында бізден ақпарат алу үшін, оны халыққа жеткізу үшін келдіңіз. Менің кәсіби қызметім туралы сұрақтарыңыз бар ма? Менің жауап бергім келмейді ме?» деп жауап берді Сауда және интеграция министрі.
22 қыркүйек
Самал Ибраева, Ulysmedia.kz (Алматы)
Ulysmedia.kz редакторы басылымның сайты мен оның әлеуметтік желілердегі парақшаларына кибершабуыл жасалғанын хабарлады
Экологиялық белсенді, Ulysmedia.kz сайтының жетекшісі Самал Ибраева Facebook желісінде 26 шілдеден бері басылымның сайты DDoS шабуылына, ал әлеуметтік желілердегі парақшалары боттардың шабуылына ұшырап, өзі де кибербуллингтің құрбанына айналғанын хабарлады.
Оның айтуынша, соған қарамастан редакция жұмысын жалғастыруда.
Мониторинг «Әділ сөз» қоры тілшілерінің және ашық көздерден алынған ақпараттар бойынша дайындалды.
«Әділ сөз» қорының мониторинг қызметінің жетекшісі
Елена Цой
e-mail: lena@adilsoz.kz
Мониторингке қатысты сұрақтар бойынша info@adilsoz.kz-ке хабарласуға болады.