Нұржан Баймолдин БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ
Жоғарғы сот журналист Нұржан Баймолдиннің құқығын қорғап жүрген адвокат Айгүл Қалқаманованың кассациялық шағымын қараудан бас тартты. Осылайша соңғы ұлттық сот инстанциясы өтті.
Еске салайық, 12 қаңтарда «Көкшетау-Азия» жаңалықтар қызметінің бас редакторы Нұржан Баймолдин ұсталып, сол күні 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын. Сот оның әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы ел Президентіне қойған сұрақтарын төтенше жағдай кезіндегі заңдылық пен тәртіпті бұзуға шақыратын әрекеттер деп санады.
17 қаңтарда Көкшетау қалалық сотының апелляциялық алқасы прокурордың ұсынысымен қамауға алу мерзімін 5 тәулікке дейін қысқартты. Журналисті толық ақтауды талап еткен адвокат Айгүл Қалқаманованың апелляциялық шағымын екінші инстанция соты қанағаттандырусыз қалдырды.
Нұржан Баймолдин мен оның адвокаты «Әділ сөз» қорының көмегімен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгіну үшін құжаттарын дайындап жатыр.