Депортация болмайды!
6 мамырда астаналық сот Украина азаматы Златослава Близнюкті қамауға алуды және кейіннен депортациялауды жойды. Оның орнына апелляциялық сот оған 45 945 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Бойжеткеннің бар кінәсі – Украинаны қолдау митингісі туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі жабық аккаунтында қайта жариялауы, іс–шара әкімдікпен келісілмегенін білген оны өшіріп тастаған. Бір қызығы, Златославаны митинг ұйымдастырды деп айыптап, сол үшін екі рет соттаған. Бірінші рет сот оны қылмыс құрамының жоқтығынан кінәсіз деп тапса, екінші рет 10 тәулікке қамауға алып, соғыс жүріп жатқан Украинаға депортациялау туралы қаулы шығарған.
Адвокаттар бірінші сатыдағы сот процессуалдық және материалдық заңнаманы өрескел бұзуға жол берді деп, толық ақтауды талап етті. Еліміздің бірқатар құқық қорғау ұйымдары соттау үкімінің заңсыздығы және депортациялауға жол берілмейтіні туралы мәлімдеме жасады. Златослава қазір бостандықта, біздің ел оны қуып жібермейді.